Жетісулықтар жеңіспен оралды

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1150

Джиу-джитсудан Вьетнам астанасы Ханойда өткен Азия чемпионаты ұлттық құрамамыз үшін табысты болды. Ел құрамасы аталмыш додада 30 медаль еншілеп, айтарлықтай жеңіспен оралды. Осыған орай журналистер үйінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен брифинг өтті.

Шараға жеңіспен оралған спортшылар жиналып, жарыстан алған әсерлерімен бөлісті. Жарыстың алғашқы күні облыстың намысын жыртқан Елдос Қабденов 56 келі салмақта джиу-джитсудың файтинг түрі бойынша бақ сынап, жеңімпаз атанды. Ал сайыстың екінші күні неваза мен комбат түрлері бойынша қазақстандық саңлақтар сәтті өнер көрсетіп, үш алтын медальды қоржынға салған. Соның бірі – Қуандық Есенеев. Ол барлық қарсыласын қоғадай жапырып, нәтижесінде жарыс тұғырының ең биігінен көрініп отыр.
Спортшылардың сөзіне сүйенсек, жарыс өте қызықты әрі қиын өткен. Әсіресе шетелде жүргенде отандастарымызға ауа райының қолайсыздығы біршама әсер еткен көрінеді. Айтуларынша, ауа температурасы тым жоғары болғандықтан оларға дем алу қиынға соққан. Алайда бар күш-жігерін жиып, спортшыларымыз бұл кедергіге төтеп бергендіктерін айтады. «Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, алда әлі талай бағындыруға тиіс шыңдарымыз бар. Ендігі мақсат – Қазақстан чемпионаты мен Халықаралық ареналарда өтетін жарыстарға қатысып, топ жару», – дейді Азия чемпионы Қуандық Есенеев. Жиын барысында спортшылар өздеріне қолдау білдіріп отырған облыстық спорт басқармасына алғыстарын жаудырды. Саңлақтарды енді қыркүйек айында Ашхабадта  өтетін бесінші жабық кешендегі Азия чемпионаты мен қараша айында Колумбиядағы Баготта қаласында өтетін әлем біріншілігі күтіп тұр. Балуандарымыз бұл сыннан да сүрінбей өтеді деген сенімдемін.


ӨЗ ТІЛШІМІЗ.