МҰҚАҒАЛИДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖҰДЫРЫҚТАСТЫ

Уақыты: 20.12.2021
Оқылды: 1090

Жаркенттегі №1 спорт мектебінде бокстан ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық тойына арналған 2006-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы халықаралық дәстүрлі турнир өтті. Дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірлерінен дерлік және көршілес Өзбекстан Республикасынан жалпы 100-ден астам былғары қолғап шебері қатысты.

Боксшыларды алғашқы болып Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Шұхрат Құрбанов құттықтады. Одан соң жұрт алдына шыққан Панфилов аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізіліп отырған ақиық ақын тойына арналған жарыстың мәні мен маңызын, спорттың ел өміріндегі алар орнын, отансүйгіштік рухтағы мәртебесін жіліктеп жеткізді.

Додаға арнайы келген ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарқызы да салтанатты сәтте сөз сөйлеп, тарлан таланттың шығармашылығы мен өмір жолы жайлы жастарға толғанысқа толы естеліктер айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Соңғы сегіз жылдан бері ақынның туған күнінде бокстан үздіксіз жастар арасындағы жарыстар ұйымдастырып жүрген белгілі меценат, бокс жанашыры, спорт шебері Жұбат Шыныбаевқа ақжарма алғыстарын білдіріп, «Мұқағали» қоғамдық қорының мерекелік төсбелгісімен марапаттады. Салтанатты жиыннан соң еліміздің өнер шеберлерінің шағын концерті көрсетілді.

Бейсенбіде басталған жарыс үш күнге созылып, сенбі күні аяқталды. Жалпы 40 келіден 80 келі салмаққа дейін додаға түскен жасөспірім бокс­шылар арасында жаркенттік бес былғары қолғап шебері Н.Нұрболатұлы, О.Әлімхан, А.Қа­та, Ж.Жай­саңбай және Ж.Нұр­­мұхан­­бетов қарсыластарын бет қаратпай жеңіп, омырауларына алтын алқа тақты. Сол сияқты Семейден келген Б.Аукенов пен Е.Се­рік­қазин, хром­­таулық М.Із­тай мен М.Тө­­ре­­ғали, қарасай­лық А.Қай­рат, қапшағайлық Е.Нұр­асыл мен Б.Ізбасар, Н.Аман­­гел­ді, Д.Атай­бек, талғарлық Б.Тө­ре­хан, Кегеннен келген Б.Айт­бай, Қ.Төкен, Қаскелеңнен қатысқан Б.Тілепалды алтыннан алқа тағып, олар да жарыс жеңімпаздары атанды.

Командалық есеп бойынша жарыс тұғырында алтын, күміс, қола жүлделерін мол еншілеген Жаркент қаласының боксшылары бірінші орынды, кегендіктер екінші, Қарасай ауданынан келген боксшылар үшінші орынды иеленді. Самат Ахметов бастаған төрешілер әділет тұғырынан аттаған жоқ.
 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы