Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ӘСКЕРИ ГАРНИЗОН СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ЖАРЫС ӨТКІЗДІ

Уақыты: 30.12.2021
Оқылды: 611
Бөлім: АЛАМАН

Талдықорған гарнизонының ұйымдастырумен қала мектептерінің 7-8 сынып оқушылары арасында турнир өтті. Шара Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналды.

Турнирде шамамен 20-дай қала мектебінің жасөспірімдері бақ сынасты. Бұл іс-шараға қала әкімі және Ауған жерінде қаза тапқан боздақтардың ата-аналары құрметті қонақ ретінде шақырылды. Қала әкімі сөз сөйлеп интернационалист жауынгерлерге жылы лебізін білдіріп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Екі күнге созылған волейбол ойыны өте тартысты өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша №15 орта мектептің командасы бірінші орын, № 12 мектеп екінші орын иеленсе, ал үшінші орынды № 5 орта мектеп-лицейі қанжығалады. Жеңімпаздарға диплом, кубок және төсбелгілер табыс етілді.

– Шектеулі әскери контингенттің шығарылғанына 42 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті. Мектеп оқушылары арасында волейболдан турнир ұйымдастырдық, қаза тапқан боздақтарды еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойдық. Шара соңында Ауған соғысында қаза болған сарбаздар рухына арнап ас берілді, – деді "Алматы облысы әуе-десанттық әскері" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ауған соғысының ардагері Еркін Ерғожанов. Сонымен қатар, интернационалист жауынгерлер орталық саябақтағы ескерткіш аллеясына барып, жат жерде қаза тапқан боздақтарды еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"