ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Уақыты: 07.07.2022
Оқылды: 1078

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында 2010-2011 жылы туған жасөспірім қыздар арасында волейболдан Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаты өтіп, Сарқан ауданының қыздары волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионы атанды.

Тартысқа толы жарысқа әр өңірден 12 команда қатысып, өзара мықтыларды анықтады. Қағылездік пен шапшаңдықты талап ететін сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Жетісу өңірі жеңіп алса, 2-орынды Хромтау командасы еншіледі, ал 3-орын Түркістан қаласының қыздарына бұйырды. Командалық ойында әр волейболшының қосар үлесі зор екенін, бір-бірін түсінісу арқылы жеңіске жетуге болатынын айтқан жас чемпион Алуа Маратова:
– Бұл жарысқа үлкен дайындықпен бардық. Үкілеп жіберген жерлестеріміздің үмітін ақтай алдық деп ойлаймын. Әрине, жарыс оңай болмады. Қатысқан команданың барлығы мықты. Бастапқы айналымдарда мейлінше аз күш жұмсап, бапкеріміздің айтқан барлық талаптарын ойын барысында ұтымды пайдаланып, жеңіске жеттік, – дейді.
Қыздардан жасақталған облыстық команданың арасында 7-уі сарқандықтар. Олар: Альмира Қадырсейт, Зере Болатқызы, Зәйнаб Мейіржанқызы, Мөлдір Асқар, Ажар Мұрат, Асылы Абитай және Алуа Маратова. Аудан абыройын республикалық деңгейде асқақтатып, беделін биікке көтерген қыздарға жерлестері де риза. Бір айта кетерлік жайт, бұған дейін сарқандық қыздар облыстың екі дүркін чемпионы атанған.

Мәулен Әнербай
Сарқан ауданы
Жетісу облысы