«ТУР ДЕ ФРАНС» АЛДЫНДАҒЫ ЖЕҢІС

Уақыты: 29.06.2023
Оқылды: 648

Талдықорғанда тас жолдағы велоспорттан еліміздің VI Жазғы Спартакиадасы аяқталды. Жарысқа 12 аймақтан спортшылар қатысты.


Жарыстың соңғы күні ерлермен андерлер Талдықорған-Қарабұлақ-Жетісу-Екпінді-Абай-Өрқусақ-Жетісу-Қарабұлақ бағыттары бойынша  164 шақырым (5 айналым) болатын топтық сынға түсті. Ұлттық құраманың көшбасшысы Алексей Луценко (Солтүстік Қазақстан) мәреге 20 шақырым қалғанда қарсыластарын артқа тастап, қара үзіп шықты және мәре сызығын жеке дара кесті. Екінші орын алған Евгений Гидич (Ақмола облысы) жеңімпаздан 2 минут 5 секундқа қалып қойды. Үздік үштікті Данилл Марухин (Солтүстік Қазақстан) түйіндеді. Ал андерлер арасында (U23) Николя Винокуров (Солтүстік Қазақстан) чемпион бола, Андрей Ремхе (Алматы облысы) күміс, Өркен Сламжанов (Жетісу облысы) қола медаль алды.

Спартакиаданың алғашқы күндері Луценко ерлер арасында 30 шақырым болатын жекелей сында мәреге 34 минут, 34 секундта келіп, чемпион болды. Жеңімпазға арнайы «ел чемпионы» екенін айғақтайтын ақ жейде табысталды. Оны Луценко 1-23 шілде аралығында болатын «Тур де Франс 2023» велокөпкүндігінде кимек. Франциядағы сайысқа қатысатын «Astana Qazaqstan team» құрамында жетісулық Евгений Федоров та бар. Ал команда капитаны есебінде Алексей Луценко іске кіріссе, Марк Кэвендиш, Кейс Бол, Давид де Ла Круз, Луис Леон Санчес, Джанни Москон, Харольд Техада жеңіс үшін барады.    

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"