Мықтылар қара үзді

Уақыты: 17.03.2024
Оқылды: 453

Футболдан чемпиондар лигасы 1/8 финалының қарымта ойындары аяқталды. Күллі әлемнің назарын өзіне аударған футбол сиқыры сол күні жер жаһанды дүрсілкіндіріп, думпуге бөледі.

Ала доптың жанкүйерлері тақым қысып, сүйікті командаларын қолдаумен таң атқанша көз ілмеді. Жанкүйерге ләззат сыйлаған ойыншылар жасыл алаңда ойқастап, чемпиондыққа бір табан жақындаудың амалын іздеп бақты. Деседе, мықтылар қара үзіп, қапы қалғандар айылын сүйреп ауылына қайтқан түн болды. Сонымен дортмундтық «Боруссия» өз алаңында ПСВ-ны 2:0 есебімен ұтып (алғашқы ойын 1:1), ширек финалға шықты. Тағы бір кездесуде «Атлетико» өз алаңында «Интерді» пенальти сериясында жеңді (3:2). Ал сейсенбі күні «Арсенал» мен «Барселона» келесі кезеңге өтті. Лондондық команда «Портуды» пенальти сериясында ұтты – 4:2 (негізгі және қосымша уақыт – 1:0, бірінші матч – 0:1). Ал каталониялық клуб өз алаңында «Наполиді» 3:1 (бірінші ойын – 1:1) есебімен жеңді. «Браселона» сапындағы №27 Ламин Ямаль атты 16 жасар балаға көз тікпеген жан қалмаған шығар. Ойыны ширақ, бүтін команданың жүрегіне айналды десек артық айтпағанымыз. Түбінде мықтылардың мықтысы болады. Жаңа жұлдыздың туып келе жатқанын көз көрді, құлақ естіді. Командаға да, ойыншыға да сәттілік.

Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы өзге матчтардың нәтижесі:

«Манчестер Сити» — «Копенгаген» — 3:1, 3:1

«Реал» — «РБ Лейпциг» — 1:0, 1:1

«Бавария» — «Лацио» — 0:1, 3:0

«ПСЖ» — «Реал Сосьедад» — 2:0, 2:1

Осылайша, турнирдің ширек финалына «Реал Мадрид», «Манчестер Сити», «Бавария», «ПСЖ», «Барселона», «Арсенал», «Боруссия» Д және «Атлетико» шықты.

Ришад Тұрғанбай
Фото: championat.com