СПОРТТАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ. ҚАРЖЫ МӨЛШЕРІ КӨБЕЙГЕНІМЕН РЕЙТИНГ ТӨМЕНДЕП БАРАДЫ

Уақыты: 04.04.2024
Оқылды: 316

Бұл мәселені бүгін спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері бойынша өткен ведомствоаралық мәжілісте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали көтерді.


Айта кетейік, мәжіліс барысында елімізде спортты дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражаттың ұтымсыз және тиімсіз жұмсалуына әкеп соқтыратын елеулі жемқорлық тәуекелдері мен факторларын жария еткен сыртқы талдау нәтижелері талқыланды.

Жемқорлықпен күрес ведомствосы төрағсының айтуынша, бейінді министрлік ішіндегі жемқорлықтың ауқымы қазіргі уақытта бұрынғы вице-министр, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, Спортты дамыту дирекциясының басшысы және басқа да лауазымды тұлғалардың қылмыстық жауапқа тартылуына әкелді.

«Ұлт денсаулығын нығайту және бұқаралық, әсіресе балалар спортын дамыту мәселелеріне мемлекет басшысы ерекше көңіл бөледі. Тек соңғы 6 жылда осы саладағы бюджет 2 есеге өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады. Алайда, Қазақстанның әлемдік спорттағы рейтингі төмендеп барады»,-деді агенттік басшысы.

Ол келтірген деректерге қарағанда, осы сала бюджетінің 90%-ы жұмсалатын «жоғары жетістіктер» және «бұқаралық» спортты қаржыландыру арасында теңгерімсіздік байқалады. Ал дамыған елдерде пропорциялар мүлдем өзгеше және бұқаралық спортқа қаражат бөлу басым.

«Қаржыландырудағы диспропорция жемқорлық схемаларына негіз болды. Егер бұқаралық спортта қазір цифрландырылған жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істеп тұрса, онда жоғары жетістіктер спортында ашық емес және субъективті төлемдер, аз бақылау, аффилирленген қатысушылар, жалған оқу-жаттығулар және қосарланған қаржыландыруға жағдай жасалған», – деп атап өтті агенттік төрағасы.

Сондай-ақ оның сөзінше, спорттық процестерде цифрландырудың болмауы жемқорлық құқық бұзушылықтар мен қаражаттардың жымқырылуына қолайлы жағдай жасайды.

«Екі жыл бұрын жоспарланған «Е-sport» ақпараттық жүйесі осы уақытқа дейін іске қосылған жоқ. «Спорт шеберлері» жалған атақтарын беру фактілері анықталды»,-деп толықтырды Асхат Жұмағали.