БЕКБАУОВ, ТЕМІРЖАНОВ, САБЫРХАН: ОЛИМПИАДАЛЫҚ САЛМАҚТАҒЫ СПАРРИНГТЕ КІМ ЖЕҢЕДІ

Уақыты: 04.04.2024
Оқылды: 331

Бокстан Қазақстан командасының бапкерлер құрамы 63,5 келі салмақта лицензиялық турнирге қатысатын боксшыны спарринг арқылы анықтамақ. Мұндай форматтағы турнир елімізде тұңғыш рет өткелі отыр және алты боксшы іріктеуде бақ сынаудан үмітті. Осы орайда, Olympic.kz федерацияның мұндай шешім қабылдауына не  түрткі болғанын сараптап, спаррингте сынға түсетін боксшылардың аяқ алысын бағамдап көрді. 


Отандық боксшылар үшін Олимпиада лицензиясын алу дәл бұлай қиын болған емес. Соңғы олимпиадалық циклдерде біздің команда төртжылдық додасына толық құраммен қатысатын және жолдама алу да айтарлықтай проблема тудырмайтын.

Бірақ әлем өзгеріп жатыр, спорт та бұдан тыс қалмайды. Бокстың Олимпиададағы тағдыры қыл үстінде тұр, Халықаралық Олимпиада комитеті ІВА-ны қатарынан шығарып тастады. Боксшылар екі ұйымның арасында жалтақтап, екіұдай күй кешкені де жасырын емес. Төрешілер құрамы сан өзгеріп, лицензия алу ережесіне де өзгерістер енді. Мұның бәрі белгілі бір деңгейде біздің құрамаға әсерін еткені анық. Халықаралық қатынастың дұрыс жолға қойылмай, қазылар тарапынан жиі қысым көргеніміз де жолдама мәселесін ертерек шешуге кедергі келтірді. 

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы жеті салмақтың алтауында Олимпиада жолдамасын еншіледі. Әзірге 63,5 келіде ғана Парижге баратын өкіліміз жоқ. Ал Таиландта өтетін соңғы турнир қарсаңында отандық федерация кішігірім турнир өткізіп, лицензиялық жарысқа қатысатын боксшыны спарринг арқылы анықтауды жөн көріпті. 

Әрине, мұндай шешімнің қабылдауына қоғамдағы қызу талқы әсер етпей қоймайды. Бүгінде 63,5 келі салмаққа әлем чемпионатының жүлдегері Дулат Бекбауов ауысты. Серік Теміржанов та салмағын ауырлатып, Сабырхан Махмұдқа 57 келіні босатып берді. Одан бөлек, Махмұдтың інісі Төрехан Сабырхан да жасөспірімдер арасында жиі көзге түсіп жүр. Аталған салмақта жолдаманың жоқтығын көрген жанкүйерлер, блогерлер мен спорт журналистері түрлі болжам ұсынып, мұндағы іріктеудің ашық өткенін қалап отыр. Қоғамдағы талқының қаншалықты дұрыс болғанын турнирден соң бағамдаймыз. Әзірге, бұл салмақта лицензиялық турнирдің жолдамасына кімдер таласатынын саралап көрелік. 

Ертуған Зейнуллинов

63,5 келі салмақтағы мәселе бүгін туындаған жоқ. Бұған дейінгі әлем және Азия чемпионаттарында да осы салмақтың өкілдері жарқырай алмаған. Ташкенттегі соңғы әлем чемпионатында Саматәлі Төлтаев жеңілген соң, бапкерлер Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарына Ертуған Зейнуллиновті қосты. Азиадада Ертуған жүлдеге қол созым жерден тоқтады. Бірінші айналымда Иордания боксшысын жеңсе, екінші айналымда әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы, тәжікстандық Бахадур Османовты жарыс жолынан шығарды. Ал ширек финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, моңғолиялық Чинзориг Баатарсухийнге есе жіберді. Кейін моңғол спортшысы допинг қабылдады деген күдікке ілінген. Бірақ бұған қатысты ресми мәлімет әлі жарияланған жоқ.

Ертуғанға өзінің мықтылығын дәлелдейтін тағы бір мүмкіндік туды. Ол бұрыннан осы салмақта бақ сынағандықтан, Таиландтағы турнирге заңды түрде аттануы мүмкін. 

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы

Париж Олимпиадасының жолдамасын уысынан шығарып алған тағы бір боксшы  - Мұхаммедсабыр Базарбайұлы. Ол соңғы Қазақстан Спартакиадасының чемпионы. Финалда басқаны емес, осы салмаққа ауысқан әлем біріншілігінің жүлдегері Серік Теміржановты ұтқан болатын.

Италияның Бусо-Арсицио аймағында өткен әлемдік лицензиялық жарыста Базарбайұлы алысқа шаба алмады. 1/16 айналымда Еуропа чемпионы Радослав Росеновке жол берді. Мұхаммедсабырға тағы бір мүмкіндік беріліп отыр. Мұны қалай пайдаланарын алдағы мини-жарыс көрсетеді. 

Жандос Қыдырәлиев

Бұл боксшы қазақ жанкүйерлері арасында айтарлықтай танымал емес. 2023 жылғы Қазақстан Спартакиадасының қола жүлдегері. Сол жарыстың жартылай финалында Серік Теміржановтан жеңілген. Жандостың есімі Литваның Каунас қаласындағы турнирден соң ғана ауызға іліге бастады. Альгирдас Шоцикас халықаралық турнирінде ол әлем чемпионатының жүлдегері, шотландиялық Риз Линчті ұтты. Ал финалда ирландиялық қарсыласы жекпе-жектен бас тартып, Жандос Литвадан жеңімпаз боп оралды. Енді ол Таиландтағы іріктеу турниріне қатысу үшін бар күшін салары сөзсіз. 

Дулат Бекбауов

Бұл салмақта өнер көрсетпесе де, 63,5 келіде спрарринг өткізуге басты себепкер боксшының бірі – Дулат Бекбауов. Ол 67 келі салмақта әлем және Азия чемпионатының күмісін иеленген, 29 жастағы тәжірибелі спортшы. 

Бірақ Бекбауов бүгінге дейін бірде-бір рет 63,5 келіде бақ сынап көрмеген, халықаралық және елішілік турнирлерге қатыспаған. Дулаттың олимпиадалық салмаққа ауысатын мүмкіндігі де, уақыты да болды. Бірақ ол ірі қаржылай сыйақы тігілген жарыстарда көп уақытын жоғалтып алды. Мәселен, 2023 жылы өткен Ташкенттегі әлем чемпионатынан соң Махмұд Сабырхан бірден 57 келіге ауысты. Бұл кезде Олимпиадаға бір жылдан сәл асатын уақыт қалған еді. Негізі, салмақ ауыстыру оңай процесс емес және бір жылдың өзі жаңа салмаққа бейімделіп, жеңімпаз атану үшін аздық етеді. Ал Дулат болса, Ташкенттегі әлем чемпионатынан кейін де салмақ ауыстыруға асықпады. Халықаралық  бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған «Чемпиондар түні» коммерциялық жобасында бірнеше жекпе-жек өткізіп, Қазақстан Спартакиадасынан кейін ғана (2023 жылдың қарашасы) 63,5 келіге түсуге ниетті екенін жариялады. Биылғы маусымда да Бекбауов 67 келі салмақта бақ сынап, «Странджа» турнирінде чемпион атанды. Париж Олимпиадасына төрт айдай уақыт қалғанда мұндай шешім қабылдаудың қандай нәтиже берерін спаррингтік кездесулер аяқталған соң бағамдаймыз. 

Серік Теміржанов

57 келі салмақта әлем чемпионатының финалына шығып, Токио Олимпиадасында бақ сынаған Серік Теміржанов та лицензиялық турнирге қатысуға үмітті боксшылардың бірі. 

2021 жылдан кейін Теміржановтың жолы болар емес. Ташкенттегі әлем чемпионатын ерте аяқтады. Елге келген соң Спартакиадаға қатысып, Махмұд Сабырханға ұлттық құрамадағы орнын босатып берді. Содан соң, Серікке 63,5 келіге ауысудан басқа амал қалмады. Бірақ бұл салмақ та Теміржановқа бағынар емес. Ел Спартакиадасының финалында осы салмақта бұрыннан келе жатқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлына есе жіберді. 

Ал осы күндері Бакуде өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолы» турнирінде Серік бір жекпе-жек өткізіп, жергілікті боксшыға есе жіберді. 

Енді Серік бұл салмақтың тізгініне таласу үшін Астанда өтетін кішігірім іріктеу турниріне қатысады.

Төрехан Сабырхан 

Команда үздігі Махмұд Сабырханның інісі Төрехан Сабырхан да ерекше бокс үлгісімен көзге түсіп жүр. Төрехан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, жастар арасындағы Азия чемпионы. 

Төрехан әлі ересектер арасындағы додаға түсіп көрген жоқ. Тіпті, ересектер арасындағы ел чемпионатында да бақ сынап көрмеген. Сондықтан, оның тәжірибесінің аздығы бізді алаңдатады.

Десе де, барлығын шаршы алаң көрсетеді. 

Ақырыс Сейтқазы