Бейбіт Жұқаев Мексикадағы жарысты ширек финалда жалғастырады

Уақыты: 05.04.2024
Оқылды: 387

Қазақстандық, әлемнің 201-ракеткасы, 23 жастағы Бейбіт Жұқаев Мехико (Мексика) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Жарыстың 5-ракеткасы Б.Жұқаев екінші айналымда рейтингіде 685-сатыда тұрған мексикалық, 18 жастағы Родриго Пачеко Мендеспен бетпе-бет келді.

Бұл жолы Бейбіт 1 сағат 13 минутқа созылған матчта қарсыласынан 6:3, 6:4 есебімен айласын асырды. Жұқаев осы уақыт ішінде 17 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланып үлгерді. Корт иесі 2 эйспен шектелді.

Бейбіт алғашқы ойында 19 эйспен көзге түскен еді.

Б.Жұқаев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 212-ракеткасы, канадалық Алексис Галарномен сынға түседі.

Қазақстандық спортшы ATP Live рейтингісінде ТОП-200-ге қайта кіріп, 190-орынға көтеріліп тұр.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы