ӘЛЕМДІК РЕЙТИНГТЕ КӨШ БАСТАДЫ

Уақыты: 17.04.2024
Оқылды: 310

Еркін күрестен Қазақстан командасының үздігі Азамат Дәулетбеков Біріккен күрес әлемінің (UWW) жаңартылған рейтингінде көш бастады.


Ол осыдан бірер күн бұрын күрес түрлерінен Бішкектегі Азия чемпионатында топ жарған болатын. Осы жеңісінен кейін 52400 ұпаймен 86 келі салмақта UWW рейтингінде бірінші орынға көтеріліп, америкалық Дэвид Тейлормен орын ауыстырды.

Азамат Дәулетбеков қатарынан үшінші рет Азия чемпионы атанып отыр. Одан бөлек, Дәулетбеков 2022, 2023 жылғы әлем чемпионаттарының қола жүлдегері.

86 келі салмақтың алғашқы бестігіне енген балуандар:

1-орын - Азамат Дәулетбеков – 52400 ұпай (Қазақстан)

2-орын - Дэвид Тейлор – 45000 (АҚШ)

3-орын - Майлс Назем – 44000 (Сан-Марино)

4-орын - Хасан Яздани – 37000 (Иран)

5-орын - Джабраил Шапиев – 33000 (Өзбекстан)

Еркін күрестен Қазақстан командасының тағы бір өкілі Ризабек Айтмұхан 92 келі салмақтағы әлемдік рейтингте екінші орынға тұрақтаса, Бішкекте сарықұрлық додасының қола жүлдегер атанған Мейрамбек Қартбай (57 кг) төртінші орынға көтерілді.