ТІЛ ТІРЕГІ – ТЕКТІЛІК

Уақыты: 28.02.2023
Оқылды: 847

Қазақ тілі халқымыздың жан сезімін, рухани байлығын ғасырдан ғасырға жалғастырып келе жатқан баға жетпес қазынамыз. Сонымен қатар ұлттық болмыс пен психология тұрғысындағы ең сезімтал әрі нәзік сала – тіл саласы. Олай болса мемлекеттік тілдің тағдыры ұлттың ғұмырымен өзектес екені баршаға аян.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деуі тегін айта салған сөз емес. Ол біздің тіл биіктігімізді, ұлттық бейнемізді сақтап қана қоймай, оны дамыта беруге арнаған көрегендік пайым деп түсінгеніміз жөн.

Тіл – тазалықтың, көркемдіктің, имандылықтың жаршысы. Оған қоса тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда осы құндылық туралы қоғамда оң көзқарас қалыптасты. Ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды.

Көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – өте күрделі мәселе. Осы тұста мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанын баса айтуға тиіспіз. Үкімет қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны азаматтардың барлығы меңгеруі үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайларды жасауға көмектесуде. Мемлекеттік тіл шын мәнінде ұлттық саясаттың өзегі, діңгегі дейтін болсақ, қазақ тіліне басымдық беріп, техника, экономика, саясат тіліне айналғаны жөн.

Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «...Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ», – деп тіл жайында терең толғанған екен.

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің маңыздылығы орасан зор екендігі белгілі. Ендеше, алдағы уақытта бұл бағыттағы бірқатар іс-шаралар өз шешімін табатынына сенімдіміз. Тілді дамытудың жолдары аз емес. Халықаралық келіссөздердің көпшілігін мемлекеттік тілімізде жүргізу, жоғары оқу орындарындағы қабылдау емтихандары мен оларды бітірер кездегі мемлекеттік емтихандардың қатарына қазақ тілінің де енгізілуі, республикалық кеңестерді бір тілде өткізуге бірте-бірте көшу, ісқағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуінің белгілі бір нормаларын белгілеу сияқты шаралар қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін арттырып, беделін күшейте түсері сөзсіз.

«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деген екен Бауыржан Момышұлы. Көреген қаламгерлердің осындай отты сөздерін тізбелей келе, қазақ тілі үшін бәріміз күресуіміз керек деп санаймын.

Фото: ашық ақпарат көздерінен

 

Арайлым ТІЛЕУБЕКҚЫЗЫ,

Барлыбек Сырттанұлы атындағы

№25 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі