Қызық жағдай. "Үйде сиыр ұстағанымыз үшін қыруар айыппұл салды"

Уақыты: 02.05.2023
Оқылды: 824

Түркияда іс-сапармен жүрген әріптесіміз Гүлжан Тұрсын Ризе қаласындағы түрік отбасында қонақта болғанда қызық әңгіме естіген. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Қоғамдағы заң мен адамдық тіршілік қағидаттарының өзара кереғарлығы кейде ашынуға әкелсе де уақыт өте келе жылы естелікке айналатынын көресіз әңгімеден. Күле отырып, ойланып қаласыз. Автордың рұқсатымен қысқа дүниені сіздерге де ұсынып отырмыз. 

"Ризе қаласындағы х ғасырда салынған қаланың орнын көруге тауға шығып бара жатқанбыз. Есігіннің алдында тұрған ер мен әйел жылышұрай амандасып, қай ұлт өкілісіңдер деп сұрады. Қазақ екенімізді білісімен, дәм татыңдар деп қояр да қоймай үйіне кіргізді. Сексен жаста анасы бар екен. Ол кісі адам жатырқамайтын ақкөңіл жан болып шықты. Бірден бастарынан өткен оқиғаны айтып, ішек-сілемізді қатырды.

Апа: "2001 жылы Түркияда тоқырау болды. Жоқшылықтан қатты қиналдық. Бір күні қолыма 20 лира түсті. Барып бұзау сатып алдым. Оның буаз екенін білісімен аман-есен тусын деп үйдің жоғарғы қабатына кіргізіп, бақтым. Ол бұзаулап, аузымыз аққа тиді. Оны мақтанып елдің бәріне айттық. Үйде бұзаулаған сиырды телевизорға түсіруге журналистер келе бастады. Бірнеше телеарна, газетке шықтық. Танымал болдық деп мәзбіз. Бір күні полицей келді де үйде сиыр ұстағанымыз үшін қыруар айыппұл салды. Ақыры сиырымызды сатып құтылдық"