Бір жылда 20-дан астам бәйгеде жүлделі болған

Уақыты: 20.05.2023
Оқылды: 1013

Бір жылда 20-дан астам бәйгеде жүлделі болып жүргендердің бірі 7-сыныптың оқушысы Ақылжан Құрмаш. 

Жалпы ұл бала әкесінен не көрсе, соны іліп алып кетуге тырысады. Үйренеді. Артық-кем тұсын бағамдайды. Ақылжанның атқа құмарлығы тікелей әкесімен байланысты. Бұл жөнінде өзі:

«Әкем 3 жасымнан бастап атқа мінуді үретті. Бірде ағам маған тай сыйлады. Сол арқылы қызығушылығым оянып, осы спорттың өмірімде ерекше орын алатынын түсіндім», – дейді.

Жарыстың дуына түсетін жылқыға ерекше күтім керек. Сезімталдығы сондай, өзіне деген махаббатты, жылылықты аңғарады. Сондықтан кейіпкеріміз жылқыларын ерекше қарап, жем-шөп, суын ықыласпен уақытылы беріп, арнайы жаттығулар жасатады. Сайыстардағы сан түрлі атақ-абырой, марапаттың бәрінде үлкен еңбек жатыр.

Ал жүлде алып, халықтың қошеметіне кенелген сәтті Ақылжан сөзбен айтып жеткізе алмады. Ерекше сезімді бастан өткеретіндігі көрініп тұр. Бастысы еңбектің өтемі оң істің алға басқанына ерекше қуанады. Жылқыға ат қоярда да айрықша мән береді. Оның жүрісіне, түсіне, мінезіне қарай қояды. Мәселен, «Айқасқа» атын сыртқы келбетіне бола солай десе, «Еркежирен» жылықсын құлын кезіндегі еркелігі үшін атаған.

Ақылжанның негізгі аты – «Бақторы». Ол жылқының атасы елімізге танымал жүйрік болған. Сол себепті де атын солай қойған. Кейіпкеріміз әр бәйгеге тыңғылықты дайындалып, әрқайсысынан жүлде алуды мақсат тұтқан. Биыл да олжалы болу үшін сәйгүліктерін баптап жүр.

Серік Қантай