Су үнемдеу технологиясы: Тапшылықтан қайтсек құтыламыз?

Уақыты: 23.05.2023
Оқылды: 1019

Статистикаға сүйенсек, облыс бойынша суармалы жердің көлемі 200 мың гектарды құрайды. Бүгінде оның 8030 гектары, яғни 4%-ы ғана суды үнемдеу технологияларын қолдануда.  Тарқатып көрсетсек, Сарқан ауданы суармалы жердің 0,5, Көксу ауданы 2,6 және Ескелді ауданында 3,6%-ын ғана су үнемдеу технологиясымен жабдықтай алды. Қалған аудандарда да көзге ұрып тұрған жетістікті көріп отырған жоқпыз. Тіпті былтыр кейбір аудандарда бұл бағыттағы жұмыс жүргізілмегені белгілі. Жылдан-жылға су мөлшерінің азаюын ескерсек, суды үнемдеп пайдалану тәртібін ұдайы қадағалап отырған дұрыс. Шаруалардың көңілі тоқ, сала мамандарының жүгі жеңіл болсын десек, су үнемдеу технологиясын қолдануды жақсы меңгеруіміз керек. Осыған орай  «Қазсушар» РМК Алматы филиалының директоры Саят Құдайбергеновпен кездесіп, біраз сұраққа жауап алдық.

– Саят Үсенұлы, бүгінгі таңда суға деген сұраныс артып, су тапшылығы анық байқалуда. Оның нақтылы себептері неде? 

– Мұндай жағдайдың туындауының себебі көп. Оған климаттың өзгеруі, экологияның бұзылуы, табиғи ресурстардың сарқылуы, пайдаланылатын егіс алқабының жыл сайын артуы, суға деген қажеттіліктің молаюы, тағы да басқа себептер тікелей әсер етеді. Әсіресе, кейінгі жылдары климаттың өзгеруіне байланысты су ресурстары күрт азаюда. Себебі, аймақтағы суармалы алқаптың 95%-ы суды мұздықтардың  және қардың еруіне байланысты тау өзендерінен, қалған 5%-ы су қоймаларынан алады. Қоймаларда су көктемгі кезеңде қалыпты жинау деңгейіне дейін толтырылады және суармалы сумен қамтамасыз етіледі. Кейінгі жылдары тау шатқалдарынан, сай-жыралардан ағатын бұлақ көздері тартылып жатқаны байқалады. Оның себебі, тағы да адами факторға саяды. Мысалы, кезінде малшылар тегіс жаз жайлауға баратын да бұлақ көздеріне таяу отыратын. Сондықтан олар алдымен бұлақ көздерін ашып, судың іркіліссіз ағуын қамтамасыз ететін. Қазір ірі шаруашылықтар болмаса жайлауға шығатындар аз. Демек, суды табиғи қорғау дәстүрінен айырылып барамыз. Мысалы, бір бұлақ көзі кем дегенде секундына 20-30 литр су береді. Ол сан еселенген сайын су мөлшері де арта түспей ме? Сондықтан дәстүрлі шаруашылық тәсілінде қайта қолға алу су қайнарының көбеюіне септеседі. Су тапшылығын туындататын үшінші себеп – суды бей-берекет пайдалану, былайша айтқанда, су үнемдеу технологиясын әлі де толық қолдана алмай отырғанымызда.

– Суды тиімді пайдалану, су қоймалары мен гидротораптарды реттеу, магистральді каналдарды қайта жаңғырту аясында облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы салада өзіңіз басқарып отырған мекеме қызметкерлері қандай үлес қосып отыр?

 – Облысымыз аграрлы аймаққа жататындықтан суға деген қажеттілік ерекше маңызға ие. Біздің мекеме қызмет көрсететін 134,4 мың гектар алқаптың тек 2%-ы ғана суды су қоймаларынан алады. Сондықтан жыл сайын су қоймаларына осыған жеткілікті көлемде  су жинауды басты мақсат етеміз. Қалған бөлігі өзендердің еншісінде. Ал аймақта 54 гидротехникалық құрылымның суару каналының ұзындығы 7,2 мың шақырымды құрайды. Оның 18 гидротехникалық құрылымы мен 4034 шақырым каналы «Қазсушар» РМК-ның теңгерімінде. 

Облыста 8 аудан, 2 қала болса, соның ішінде Текелі қаласы мен Сарқан, Кербұлақ аудандарынан басқа аудан, қалалардағы суармалы жерлерге су беру біздің мекеменің құзырында. Осы елді мекендердегі 4034 шақырым «Қазсушар» РМК Алматы облыстық филиалына тән. Оның аудан, қаладағы салыстырмасы әртүрлі. Мысалы, Ақсу ауданында 964 шақырым су беру каналының 338 шақырымына Ислам даму банкінің қаржыландыруымен жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін аталған жоба толық аяқталмақ. Ал Алакөл ауданындағы 1242,5 шақырым суландыру жүйесін жаңғырту жұмысының жобасы жасалып жатыр. Ескелді ауданында жаңғырту жұмысы аяқталды деуге болады. Қаратал ауданында 229 шақырым канал біздің үлесімізде. Ондағы су беру мүмкіндігі жақсы деуге болады. Ал осы аудан әкімінің балансындағы 1700 шақырым суландыру желісіне жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Көксу ауданындағы жұмыстар Ислам даму банкінің қаржысымен 2 кезең бойынша атқарылмақ. Барлық құжаттары реттелсе құрылыс жұмысының бірінші кезеңі биылғы күзден басталуы мүмкін. Панфилов  ауданында алаңдатарлықтай мәселе жоқ. 

Осы тұста жыл өткен сайын мекеменің балансына өтетін каналдар ұзарып, жұмыс ауқымы ұлғая түскенімен мекеме қызметкерлерінің қатары және олардың жалақысы сол қалпы. Бұл да қайта қаралуға тиісті өзекті дүние болып тұр. 

– Осыдан біраз жыл бұрын Ислам даму банкінің қаржылай қолдауымен облыстағы суару жүйелерін жаңғыртудың ауқымды да тіиімді жобасы қолға алынды. Алайда, «Сол кезде нақтыланған жоба өз нәтижесін көрсете алды ма?» деген сұрақ та көптің көңілін күпті етіп келе жатқанын білеміз.  

– Ислам даму банкінің қаржылай қолдауымен аймақтағы суландыру жүйесін қайта жаңғырту жұмысы 2015 жылдан басталды. Бірақ жұмыс алғашында жоспарланған уақыт кезеңінде бітпей қалды. Оның да өзіндік себебі болды. Мысалы, Ескелді ауданындағы суландыру жүйесін жаңғырту 2020 жылдары қолданысқа берілу керек еді. Өкінішке қарай, өткен жылы ғана аяқталды. Биыл бірінші рет су беріледі. Оның уақытында аяқталмауына жобаның дұрыс жасалмағаны себеп болды. Ал Ақсу ауданындағы жобаның алғашқы нұсқасында бетон арықтарды жер бетіне төсеу қарастырылған. Бірақ ол техникалық тұрғыда үйлесімсіз болғандықтан жобаға қайта өзгеріс енгізіліп, бетон арықтардың астына тіреуіш қойылатын болып жасалды. Жобаны қайта қарастыруға қосымша қаржы кетпегенімен уақыт мәселесінен ұтылдық.  

Ислам даму банкінің қаржылай қолдауын тек каналдарды қайта жаңғыртады деп түсіну жеткіліксіз. Сонымен қатар, олар «Қазсушар» РМК Алматы филиалына қарасты 800-ге жуық қызметкердің тәжірибесін шыңдау мен мекеменің техникалық жабдықталуын жақсартуға септігін тигізеді. Айталық, бұрын біздің мекемеде 2 экскаватор болса, қазір ол 8-ге жетті. Жалпы, кейінгі жылдары мекеме 51 техника сатып алды. Оның бәрі аудан, қалаға бөлініп, жұмыс сапасын көтеру үшін пайдаланылуда. Қазір бұл аудандардағы жұмыстың сапалы жүргізіліп жатқанын айта аламын. Өйткені, Ислам даму банкі  техникалық қадағалаушыны Түркия мемлекетінен арнайы ұсынып, бірлесе жұмыс атқаруда. 

– Жыл сайын облыстық бюджет қаржысымен суландыру жүйесін реттеудің сан түрлі шарасы қабылданып, ауқымды жұмыстың қолға алынатынын білеміз. Алайда каналдарды тазалау, техникалық жағдайын тиісті деңгейде бақылау және күтіп ұстау тұрғысында әлі де жүйеленбеген дүние  жетерлік. Соның себебінен жаз айларында шаруалар егінін суаруға су таппай қиналып жатады. Оның себебі неде?

– Әрине, облыстағы суару желілері мен гидротехникалық нысандардың тозуына байланысты туындаған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Ағымдағы жылы  су шаруашылығы нысандарын жөндеуге бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілуде. Демек, осы игілікті істердің басы-қасында «Қазсушар» РМК Алматы филиалының да үлесі бар екенін ескерген жөн.

Тағы бір айтарлық дүние – жерлестеріміз облыстағы суландыру желілерінің бәрі «Қазсушар» РМК Алматы филиалының құзырында деп түсінеді. Олай емес, біздің мекеме тек өзінің балансындағы суландыру каналдары  бойынша мекемемен келісімшартқа отырған шаруа қожалықтарының алқаптарына су жеткізіп беруге міндетті. Осы тұрғыдан біз тұтынушыларымызды ешқашан сусыз қалдырған жоқпыз. Ал елді мекендердегі ауылшаруашылық бөлімі мен ауылдық округ әкімдігінің балансында тұрған каналдарға су беру біздің міндетіміз емес. Сондай-ақ, Жетісу облысында 130 мың гектардан астам жерді 8 мыңнан астам шаруа қожалығы игеріп отыр. Демек, орта есеппен әр қожалыққа 15-16 гектардан айналады деген сөз. Ал осы шаруа қожалықтары өздеріне тиісті барлық жұмысты өз күшіне сүйеніп атқарады. Бірақ бәріне бірдей мүмкіндігі жетпей жатады. 

– Шаруашылықтарға су үнемдеу бойынша қандай кеңес айтар едіңіз? 

– «Қазсушар» РМК Алматы филиалы диқандарға үнемі тамшылатып суару, жаңбырлату және басқа да суарудың ылғал үнемдеуші озық технологияларына көшуді ұсынумен келеді. Ауыспалы егісті сақтау, ылғалды көп қажет ететін дақылдарды тек қолжетімді жерлерде, суару желісінің су беру учаскелерінде егу, топырақтың құнарлылығын және өнімділікті арттыруға байланысты тәжірибені жетілдіруді үйретуде. 

Суды үнемдеу үшін тауар өндірушілер су пайдаланудың заманауи технологияларына, суарудың прогрессивті әдістерін пайдалану және жаңбырлатып, тамшылатып суару сияқты озық техникаларға  біртіндеп көшу керек. Әсіресе, егіс алаңдарын  дұрыс жоспарлау жоқ, дақылдардың ауыспалы егісі сақталмайды. Бұл да суармалы судың дұрыс бөлінуіне кері ықпал етеді. Сондықтан қолда бар ресурстарды пайдалану тәсілін өзгерту қажет. Ауыспалы егістіктің сақталуын қамтамасыз ету, суды көп қажет ететін дақылдарды тек қолжетімді жерлерге себу керек. Әрине, біз осы жайлы жиі айтамыз. Агромелиоративті іс-шаралардың атқарылуы және егіс алқабында сушының болуы, тәулік бойы және түнгі суды ысырапсыз пайдаланудың дұрыс жолын қалыптастыру, ішкі шаруашылық желілерде судың сіңуін азайту үшін механикалық тазалау жұмыстарының тұрақты жүргізілуі де су үнемдеу үшін керекті шаралар. 

Сөзімнің соңында халықтың денсаулығы ең бірінші ауызсуға байланысты болса, ал ауыл халқының әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі өсірген егіні мен алған өнімі суармалы суға байланысты екенін айта келе су қорын барынша, мүмкіндігінше үнемдеп қолдануға баршаңызды атсалысуға шақырамын.

– Сұхбатыңызға көп рахмет.

Сұхбаттасқан Қажет АНДАС
Сурет ғаламтордан алынды