ЕР-ТҰРМАН ердің намысы

Уақыты: 09.01.2017
Оқылды: 2472

Көшпенділердің топырағы қашаннан құтты, құйқалы өлке. Бағзыдан оның түкпір-түкпірінде ұлылықтың дәні себілген. Содан болар, тектілік біздің тегімізге дарыпты. Кемелділік пен кенендік біздің кереқарыс маңдайымызға бұйырыпты. Оның айқын көрінісі – бағзыдан бүгінге алтын жіптей арқау болған шежірелі тарих. Ал біз сол қазына артқан толағай дәуірлердің қадіріне жеттік пе?

Мәселен, осы ретте бір-ақ дүниеге баса назар аударалық. Кешегі көшпендінің жұрнақ-жұрағаты болған қазақ үшін өзінің ерте тарихынан сыр шертетін ер-тоқымның маңызы тым бөлек болса лазым. Ол үшін алдымен ердің қанаты аталып, ұлттың тірлік тұтқасына баланған жылқы туралы аз-кем тоқтала кеткеніміз артық болмас. 
Бүгінде бабаларымыздың ер-тұрманды, соның ішінде өте-мөте  үзеңгіні ойлап тапқанын жалпақ әлем жария мойындайды. Сонымен бірге, бұл жаңалық әлемдік өркениеттің дамуына да  негіз болғаны анық. Енді ойлап қарасаңыз, сол ұлы халықтың заңды ұрпағы бізбіз, түбіміз түркі ұлыспыз. Қазірде қазаққа мұрынын шүйіре қарауға бейіл кейбір халық шандып-шандып шәркей киіп, жалаңбұттың аз-ақ алдында жүргенде біздер талқыдан тері өткеріп шалбар киіп, ат құлағында ойнадық. Құс қанаты талатын айшылық қашықтықтар біздің табанымызда иленіп жатты. Тіпті, Алтай мен Атыраудың арасын алты-ақ күндік жол еткен де біздің балбал пішінді баһадүр ерлер емес пе?
Міне, бұдан соң қалай Ұлы Даладағы ұлы халықпыз деп мақтанбасқа? Неге біз өз тарихымызды сонау Тигр мен Евфрат өзенінің жағасында-ақ өркениеттің алтын бесігі атанып, атын дүрлеткен вавилондықтардай әлемге аңыз ғып айтпасқа?! Ол үшін тағы қандай қадам керек деп ойлайсыз? Біздіңше, әуелі осыншама бай тарихымызды баянды зерттеп, зерделей алмауымыздың өзі ұлттың ұяты болса керек. Бұлай байлам жасаудағы себеп те біреу-ақ: тағылымы мол тарихи жазбаларға жолыққан сайын осы ойға тап боламыз. Мысалы, дана халқымызда «Ат үстіндегі қазақ – тақ үстіндегі қазақ» деген кесек сөз бар. Неге бұлай айтты дейсіз ғой? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін еліміздің ертедегі тарихи жазбаларына үңіліп көргеніміз артық болмас. Сол жазбалардың бірінде Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Алан елдері жаңа эрадан жеті ғасыр бұрын да ер-тұрман, күйме, арба, арқан-жіп, қару-жарақ, сауыт-сайман жасап қолданғаны айғақталады. 
Ол аз десеңіз, ел археологтары Ган Су, Тұрпан, Алтай, Санжы, Іле алқаптарындағы сақ, үйсін тұрақтарынан тапқан атқа мінген шабандоз, ерттеулі ат, жүген, ауыздық, үзеңгі қатарлы заттар айғақ бола алады. Мұнан бөлек, қазақ даласындағы жартастарға сызылған ерттеулі ат суреттері, Байқал көлі, Сарыөзен аңғары, Каспий маңайы, Дунай өзені алқабы, Алшын тауы, Тілеу тауы қойнауларынан қазып алынған ер-тұрман жасау шеберханалары дәлелдеп отыр. Алысқа бармағанның өзінде күні кешегі Ақтау қаласы маңынан табылып, ғұндарға тиесілі деп танылған ер-тоқымның жайын ойша елеп-екшеңіз. Санадағы салмағын сараптаңызшы: баба тарих не дер екен?
Таңғалмасқа шараңыз жоқ! Себебі, сол дәуірлердің өзінде қазақ даласында ер-тұрман жасау шеберханаларының болуы жылқымен қоса әбзелдер құнының жоғары деңгейде болғанын растайды. Ал бүгін ше? Тақымы аттан босап техника тетігіне телмірген ұрпаққа айналғанымызды несін жасыралық?! Ер түгілі жүген мен ноқтаны, құйысқан мен өмілдірікті де түсінде көрмейтін ұрпақ тәрбиеленіп келеді. Ал олардан: «Аталған мұралардың құны туралы ойланасың ба?» – деп сұрасаңыз, әбестікке баланады бүгін. 
Сосын да санаға тебер, тоң жүрекке ақылдың миуалы нұрын төгер деп атам қазақтың асыл сөзіне құлақ түресің. Данагөй халқымыз бір мақалында: «Аттан айырылсаң да, ер-тоқымнан айырылма», – деп өсиеттепті. Демек, бұл жердегі «ер-тоқым» сөзі жігіттік ар-намыстың биік үлгісін әспеттеп тұрса керек. Яки, ол уақытта Алаштың әрбір азаматы үшін қандай қиын-қыстау, тарғалаң сын сағаттарда да ерді сақтап қалу міндеттелген. Сосын ғой, жапан түзде аты өліп, азығы таусылып арып-ашып жаяу қалса да ер-тоқымын арқалап елге оралатыны.
Елге демекші, ер туралы халық арасында жиі айтылатын:
 ...Көшкенде жылқы айдаймын 
жиыстырып, 
Ер қостым бес ағаштан қиыс
тырып, – 
деп келетін өлең де осы ретте айтылатын мысал болса керек. 
Болмаса:
Алтын ерді көтеріп атқа салдым, 
Ғазине деп атыңды хатқа салдым 
әйу-гай, – 
деп құйқылжыйтын халық әнін еске алыңыз. Бәрі де қазақы ғұрыптың өзгеше сән-салтанатын паш етеді.
Ол ол ма, атақты тарихшы           И. Георги қазақтың ер-тұрмандары жөнінде: «Әйгілі сәйгүліктеріне ғажайып ер-тоқым, жабулар мен жүген салады», – дейді. Былай қарағанда қарапайым сөз болып көрінгенмен, тарих үшін бұл лепес тіптен қымбаттан. Осы бір қысқа пікір арқылы ежелгі сәйгүліктердің де, алғашқы ер-тоқымның да иесі қазақ екені меңзеледі. Енді бұл ретте басқасын атамағанның өзінде, Тарлан аттың үстіне алтыннан ер тұрман салған Ер Тарғынды, тұлпарын гауһар таспен безендірген еңсегей бойлы ер Есімханды ескеріңіз. Бәрінің тағдыры ерге байланған. Әрі осы алыптар ер-тұрманын барлықтан, байлықтан алтындамапты. Бақсақ, әу баста мысал еткеніміздей астындағы ерін тағым, билік етер биік тұғырым деп қасиет тұтқанынан істетіпті. Мұндай дерек атынан сөйлейтін дәйекті дүниелер ел аузынан бөлек, ақын, дәстүртанушы  Қ. Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» кітабында да молынан  ұшырасады. 
Мұнын бәрін неге айтамыз? Өйткені бүгінде ат ер-тұрманынан айырылды. Ел нағыз ердің намысына сусады. Бүгежек, бұқпантай, боркеміктер бой көбейтті. Тасада тұрып сөйлесе тау қопарып, тас үгуге дайын да, топқа түссе төбеден ұрғандай отыратындар бар. Мұның бәрі ер-тоқымның киесін, аттың қадірін білмегендіктен болып отырған сыңайлы. Ал құр ерге мінудің салдары туралы ойланған кім бар қазір? Музейде тұрған ерге мінер-мінбес, ал былайғы сән үшін жасалған ердің ерттеусіз-ақ қызық үшін мініліп жатқаны қаншама? Кейбіреулер мұндай ерлерді дөңгелек үстелдер үшін орнатып, қонақтарды жайғастырып мәз болысқанын көрмес көзіміздің көргенін қайтесіз? Осыдан барып аталарымыз жиі айтатын «құр ерге мінбе» дейтін тыйым сөздің қаншалық қадірі қашқанын байқайтындайсыз.
Мұндайда қазақ неге ұрпағын бұлай тыйып өсірді дейсіз ғой? Себеп те айқын. Көшпенді қазақ үшін құр ерге міну ұрпақсыздықтың белгісі болған. Яғни, атын әкеліп, ерттеп беретін ұрпағы жоқ адам ғана құр ерге мініп, екі жанын қамшылап қалады дегенді білдіріпті. Ал біз құр ерге не мақсатпен мініп жүрміз сонда?

Қозыбай ҚҰРМАН