СЫР БҮККЕН СУЫҚТӨБЕ

Уақыты: 15.06.2022
Оқылды: 1329
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жүз шақырымнан көзге шалынатын тасына тарих тұнып, қойнауына құт қонған Суықтөбе де небір құпия-сырды ішіне бүгіп жатыр. 

Жұрт ежелден Суықтөбені қасиет тұтады. Онда аң-құстың көп болғанын әкелеріміз айтушы еді. Арқар, таутеке, елік, барыс сияқты сирек кездесетін аңдар мекендепті. Қазір оның бірін кездестіре алмайсыз. Бұрын аңшылар тек өзіне керегін ғана аулайтын.  Кейін қолында неше түрлі қару-жарағы барлар жол талғамайтын көліктерімен таудың басына дейін шығып, жыбырлағанды атып тауысқандай. Сол аңдардан бүгінде бірен-саран қалды ма, жоқ па, ешкім білмейді. Сондықтан Суықтөбенің табиғатын сақтауға мемлекет тарапынан бір пәрмен керек-ақ.
Бұдан бес жыл бұрын Суықтөбеге саяхат жасағандар қатарында болған едік. Сондағы көріністер әлі көз алдымызда.  Әсіресе таудағы таңбалы тастар туралы. Сол жолы оны өз көзіммен көріп, суретке түсіріп алғанмын. Оның Қарабастаудағы әлемге әйгілі таңбалы тастарға өте ұқсастығы таң қалдырды. Бірақ сондай петроглифтер Суықтөбенің қия бетінде де бар екені еш жерде айтылмайды. Сонда бұл тастар көпшілікке белгісіз күйінде тағы қанша уақыт жатпақ? Әлде біздің ғылыми орта газет оқымай ма деген сұрақ еріксіз туындайды. 
Тау етегінде аса маңызды археологиялық ескерткіш – Орта ғасырлық Қастек қалашығы бар. Оны Ә. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарихшы Арнабай Нұржанов зерттеген. Көне Қастек қаласының аумағы 30 гектарды алып жатыр. Өкінішке қарай ғалым бақилық болып кетті. Қазба жұмыстары тоқтап, оның негізгі бөлігі аршылмаған күйі тұр. Ұлы Жібек жолының бір тармағында орналасып, ежелгі сауда керуендері өткендіктен, ортағасырлық шаһардың саяси-экономикалық және мәдени маңызы жоғары болған. Кезінде қаланың төрт жағынан биік мұнара тұрғызылып, қабырғалары дуалмен қоршалыпты. Дуалдың биіктігі 6-8 метрге дейін жеткенін айтқан еді археолог. Табиғаттың әсерімен бүлініп, мүжіліп, қираған қабырғаларының қазіргі биіктігі бір метрге жетер-жетпес қана.
Мұнда ғұрыптық ошақтар, ғибадатханалар, қоймалар мен 33 шеберхананың орны анықталған. Демек онда темір балқытушы, ұста, қолөнершілердің тұрғаны анық. Сол заманда мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығы қатар дамып, тіпті бау-бақша өсірілген. Бұған қазба жұмыстары кезінде табылған арпа, бидай, тары, жүзім дәндері дәлел. Әртүрлі пішіндегі ыдыстар, ат әбзелдері, найза мен жебе ұштары, шаш түйреуіш, тіс тазалағыш, су құбырының бөлшегі сияқты көптеген заттар табылған. Кемінде 1100 жылдық тарихы бар шаһар жатқан аумақтың біраз бөлігі 20-ғасырдың 2-жартысынан бастап егін алқабына айналғандықтан, жер тегістеліп, ескерткіштің жоғарғы мәдени қабаты бұзылған. Ғалым осындай тарихи орынның әлі күнге дейін қоршалмай жатқанына алаңдайтынын айтқан. 
Қастек ауылында мектеп мұғалімі Тұрсынғали Отыншиев деген алпысқа таяған азамат тұрады. Туған жердің өткенінен хабары мол. Оқушыларды ел мен жер тарихын білуге, отансүйгіштікке баулудан жалықпайды. Бұрнағы жылдары оқу жылы аяқталғанда оқушыларды өзі бастап Суықтөбенің басына саяхаттайтын. Бұл дәстүрді мектептің бұрынғы директоры, марқұм Қырғызбай Шоманов енгізіп кеткен.     
Тау етегіндегі Шиен ауылында туып-өскен өзіміз де таудың алып тұлғасына тамсанумен келеміз. Сонау отызыншы жылдар зобалаңында қызылдардың озбырлығына қарсы тұрған Омарбек, Жантайұлына пана болған тау бұл. Ел-жұртымды қор қылмаймын деген Омарбек, осында әскер жиып, қол бастаған. Есіл ерді күшпен ала алмаған қызыл өкімет ақыры айла-шарғымен, жымысқы жолмен мерт еткеніне де осы Суықтөбе куә. Ұрпағы батырға бүгінде таудың теріскей тұсында қылыш түрінде биік белгітас орнатқан. Мұнда ашаршылық жылдары да қаншама адамның сүйегі шашылып қалды екен көмілмей?! Қалмаққырған, Қандыжар, Қособа, Қарауылтөбе деген атаулар жаугершілікті білдіреді. Үлкен төбелер бірнеше адам бірге жерленген обалар болар, бәлкім. Бала кезімізде жартас түбінен ақбөкеннің мүйіздерін көретінбіз. Соған қарағанда қуаңшылық жылдары киікке де пана болған сияқты. 
Кеңес кезінде мұнда қорғасын қоры бар деп, таудың күншығыс жағында Шынасыл сайында шахта қазып, зерттеу жұмыстары жүргізілген. Ал сол сайдан оңға көз жіберсеңіз, жоғары кернеулі электр сымдары тартылған үлкен бағаналар тізбегі тау асады. Бұл – Қырғызстанның су электр стансасы мен Алматы қаласының арасына қуат тасымалдайтын жүйе. Қанша мал жайылса да шөбі тез жетіліп, үнемі көкпеңбек болып жататын Көктөбе жайлауы, Екіаша, Сулысай, Нарбота сайы, Үшкір, Қапсалаң, Қаңлысай, Қырғызсай сияқты көптеген жер-су атауы бар осы маңда. Сарыжазыққа шықсаңыз сонау көз ұшындағы Қастек асуын көресіз. Оны Белата деп те атайды. Ертеде Белата деген батыр елін сол асуда жатып қорғап, ешбір жауды бері өткізбей, көрікті мекенге көз алартқан дұшпанның мысын құртыпты. Бірақ батырдың ажалы ақыры аңдыған жаудан болады. Сүйегі де сонда деседі осы күнгі жұрт. Бір өкініштісі, 2010 жылдары қырғызбен арада шекара тартылғанда  белгісіз себеппен бейіті сым-қоршаудың арғы жағында қалып қойыпты. 
 Суықтөбе туралы білгенімізден білмегеніміз көп. Қазіргі дереккөзде таудың абсолюттік биіктігі 3273 метр, ұзындығы 85 шақырым, енді жері 25 шақырым деп көрсетіліпті. Осындай аумақты алып жатқан көрікті мекен қорғауды қажет етеді. Тек тауда ғана өсетін еңлікгүл, тау қызғалдағы, рауғаш, алтын тамыр сияқты өсімдіктер мен құрып бара жатқан аңдарды біржолата жойылудан сақтап қалу, тарихын зерттеу, тіпті көркейту дәл бүгінгі ұрпақтың еншісіне тиіп отырғаны анық. Осы мақсатта мемлекет тарапынан тиісті шаралар қажет. Бәлкім өлкетану музейін ашып, соның құзырына бекіткен жөн болар. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
Алматы облысы