КӨЛДІГЕ КӨМЕК КЕРЕК

Уақыты: 22.06.2022
Оқылды: 1530
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көлді ауылында кезінде балық өсіретін үлкен шаруашылық ұйымдастырылған. Оның дамуын тездету үшін Қызылорда өңіріндегі Аралдан, Атыраудан арнайы мамандар мен жұмысшылар алдырып, Көлдіде балықшылар әулеті қалыптасқан. 

Нәтижесінде кішкентай шабақтан тауарлы балық өсіруге дейін қауқары бар ірі комбинат бой көтерген. Ол республиканың оңтүстік аймағын, тіпті көрші қырғыз ағайындарды балық өнімдерімен қамтамасыз еткен. Соның арқасында Көлдінің тасы өрге домалап, атағы жер жарған. Шаруашылықтың пайда әкелгені кімге жаман? Бірте-бірте ауыл ажарланып, жолдар жасалған. Білім және мәдениет ошақтары халыққа қызмет еткен. Тұрғындар көңілі тоқ, уайымы жоқ бақуатты күн кешкен. 
Ауылдың бүгінгі көрінісі кешегіден мүлдем бөлек. Шаруашылық тоқыраған. Комбинатқа қарасты өндіріс ғимараттары ескірген. Тоғандардың көбі суалған. Балықпен бала-шағасын асырап отырған Көлдінің жұрты жұмыссыздықты бастан кешіп отыр. Олар отыз жыл бұрынғы күндерін сағына еске алады. Қолынан келер басқа қайран жоқ. Көлділіктер 18 рет қолдан-қолға өтіп, басқаруы тұрақтамаған жеке кәсіпкерлердің тірліктеріне көңілі толмайды. Ендігі арман-тілегі – аталған шаруашылыққа мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі.
– Мен 1987 жылы Көлдіге Қазалыдан келдім. Аттай қалап шақыртты. Осында балық аулау бөлімін басқардым. Ол жылдар комбинаттың дәуірлеген кезі. Уылдырықтан тауарлы балыққа дейін өсіп-өндіретін еліміздегі ең ірі шаруашылық болды. 
Кейін Кеңес өкіметі тарап, балық шаруашылығының жұмысы тұралады. Көлді ауылының тұрғындары қатты қамықты. Бір-ақ күнде өмір сүру тәсілі өзгереді деп кім ойлаған? Шыны керек, комбинат жекеменшікке өткен соң шаруашылықтың жұмысы баяғыдай өрістемеді. Бірінен соң бірі ауысқан қожайындар жұмысты бір арнаға түсіре алмады. 
Сондықтан шығар, жеке кәсіпкерлердің ісі мен күшіне жұртшылықтың сенімі азайды. Мұндай ірі шаруашылықты жандандыруға мемлекет араласуы керек. Сонда ғана, біріншіден, еліміздегі балық шаруашылығының дамуына қомақты үлес қосылады. Екіншіден, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтамасыз етіледі. Кәсіпкерлер де пайдаға кенеледі, – дейді ауыл тұрғыны Жарқынәлі Кәукәр.
80-ге келген Жарқынәлі ақсақалдың жанайқайын ары қарай Бүркітбай Дүйсенбай жалғастырды. Ол кісі де білікті технолог болып жұмыс істеген екен.
– Менің білетінім, Үкімет балық шаруашылығын дамытуға арналған кешенді бағдарлама жасады. Соның негізінде жаңа тоғандар салу көзделген. Ол үшін 541,3 млрд. теңге қарастырылыпты. Алайда, тоған қазудың бәрін жаңадан бастай бермей, миллиардтаған қаражаттың бір бөлігін көмекке мұқтаж Көлді секілді ірі шаруашылықтың жандануына жұмсаса тиімді емес пе? Одан мемлекет те, шаруашылық та ұтатын еді, – дейді Бүркітбай Дүйсенбай.
Бұдан кейін «Halyk Balyk» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшыларының уәждеріне құлақ салдық. Олар 2017 жылы осында келіп, балық шаруашылығын қолға алыпты. 
– Біз мұнда сазан, дөңмаңдай, ақ амур, бекіре тұқымдас және бахтах балықтарының құрт-шабақтарын өсірумен айналысып жатырмыз. Шаруашылықтың жалпы аумағы – 3221 гектар. Соның 1000 гектардан астамы айдындар. Мұнда 30 тоған бар. Оның алтауы жаздық. Күзде жаздық шабақтарды аулап, қыстық тоғандарға ауыстырамыз. Ондай 10 тоған бар. Инкубациялық цехта балықтардың аталық және аналық ұрықтарын қосып құрт-шабақ өсіреміз. Бір сөзбен айтқанда, мұнда балық өсіруге мүмкіндік мол. Алайда, тапсырыстың аздығы қолбайлау болып тұр, – дейді «Halyk Balyk» ЖШС директорының орынбасары Мейрамбек Пазылбеков.
М. Пазыловтың пікірі негізсіз емес. Ол – ихтиолог маман. Еліміздегі балық шаруашылығын өркендетпек болып әріптестерімен бірге Көлдіге келген. Өз ойын ғылыми тұжырыммен түйіндеп, тиісті орындарға сан мәрте хат жолдаған. Бірақ әлі күнге дейін сұрақтарына тұщымды жауап жоқ. 
– Балық шаруашылығы комитетіне, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жаздық. Қолдау көрсетуін сұрадық. Бірақ біздің ұсынысымызға құлақ асқан адам болмады. Азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосатынымыз ескерілмей жатыр. Есесіне тек күзде ғана «қанша өнім өндірдіңдер?» деп сұрайтындары бар.
Қазіргі таңда кезінде аңызға айналған үлкен шаруашылықта санаулы адам ғана жұмыс істейді. Өсірген шабақтарымызды қырғыз ағайындар сатып алуда. Өзімізде мұндай қызығушылық жоқ. Шіркін дейсің, мемлекет осыған мән берсе, еліміздегі балық шаруашылығының өркендеуіне үлес қосар едік. Сонда Көлді ауылында жұмыссыз жан болмас еді, – дейді «Halyk Balyk» ЖШС директорының орынбасары Мейрамбек Пазылбеков. 
Балық шаруашылығын дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2030 жылы балық өсірудің көлемін 270 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Егер мемлекет осы саламен айналысып жүрген шаруашылықтарға қолдау көрсетпесе, бұл межеге жету қиын.
 Біздің аңғарғанымыз, көлділіктер мен «Halyk Balyk» басшыларының көзқарасы, арманы ұқсас. Кемшіліктің түп тамыры қайдан тарағанын іштері сезіп тұр. Оның жауапкершілігін қазіргі басшылыққа аудара салғысы да келмейді. 
Егер мемлекет тарапынан қаржылай көмек пен қолдау көрсетілсе, балық зауыты таяу жылдар ішінде аяғынан тік тұруы әбден мүмкін. Себебі, мұнда бірқатар материалдық негіз бар. 

Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы
Алматы облысы