ТАУ БӨКТЕРІНДЕГІ ДҮБІРЛІ ДОДА

Уақыты: 21.06.2022
Оқылды: 1455
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ескелді ауданы, Екпінді ауылында орналасқан «Тау-Жетісу» демалыс аймағында парапланерлік спорттың дәлме-дәл  қону түрінен әлем  кубогы жалауын желбіретті.

27 мемлекеттің спортшылары бас қосқан дүбірлі дода 27 маусымға дейін жалғасады. Жарысқа қатысушылар, ең алдымен, әлем кубогын сарапқа салады. Одан кейін 21 маусымнан бастап 27 маусымға дейін Азия чемпионаты жалғасады. 
Тау бөктерінде жалауы желбіреген жарыстың ашылу салтанаты өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар жер жаннаты Жетісудың табиғатына тамсанып, доданың ұйымдастырылуына таңдай қақты. Бірінші болып сөз алған Ескелді ауданының әкімі Рустам Әли спортшыларға сәттілік тілеп, Жетісу жерінің тарихына үш тілде кеңінен тоқталды. Келген спортшыларға толық ақпар бере келе, әр командаға естелік сыйлық табыс етті. Одан кейін Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Алмат Үшкемпіров сөз сөйлеп, спортшыларға тілегін білдірді.
Сонымен байрақты бәсекеге қатысушылар таудан парапланмен ұшып, белгіленген нүктеге дәл түсулері керек. Аталған дода Жетісу облысында осымен екінші мәрте өтуде. Жарыстың ашылу салтанатынан кейін қонақтарға ән мен күйден шашу шашып, қазақтың ақшаңқан үйлері тігіліп, салт-дәстүрімізден сыр шертетін шағын көрме таныстырылды. Сонымен қатар, ұлттық тағам ұйымдастырылып, қонақтарға дастарқан жайылды. Жарыстың нәтижесін жеңімпаздар анықталған уақытта жазатын боламыз. 

Әмір САНА