"ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ": КЕДЕНДЕ КЕДЕРГІ АЗАЙДЫ

Уақыты: 18.11.2022
Оқылды: 868
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен шекарда орналасқан кеден бекеттері белгілі бір экономикалық операторлардың ықпалында қалып, монополия орнағаны жөнінде қатты сын айтып, жағдайды тез арада сауықтыру жөнінде тапсырма бергелі де біраз болды. Кедендік шекарада бас прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және қаржылық мониторинг агенттігі, мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлерінен құралған комиссия жұмыс істеп, көптеген кемшіліктің бетін ашты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі күнге жалғасуда.  

Кеденде  өркениет талабына сай оң өзгерістер жүзеге асырылуда. Дегенмен, осы салаға байланысты  қоғамда жағымсыз пікір тудыратын алыпқашпа әңгімелер әлі күнге айтылатыны рас және дені негізсіз. Аталмыш сала сыбайлас жемқорлық пен адамның араласуынан арылып, кедендік тексеру мен ресімдеу тетіктерін халық-аралық стандарттарға көшіргелі 5 жылдан асты. 
2017 жылдан бастап кедендегі «Астана-1» ақпараттық жүйесі түгелдей автоматтандырылып, электрондық декларациялау арқылы тәуекел бейімінің басқаруымен жұмыс істейді. Тәуекел бейімі «Цифрлы Қазақстан» және Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Дүниежүзілік кеден ұйымының талаптарына сай автоматты түрде басқару тәсіліне негізделген бағдарлама. Тауарларды кедендік тексеруге жіберу, кедендік құнын анықтау, сараптау және дәліздерге бөлу (қызыл, жасыл, сары, көк) сияқты процестердің барлығы автоматты түрде тәуекел бейімі көрсеткен ауқымда жүзеге асырылады. Сонымен қатар кедендік тексерудің техникалық құралдары да автоматты түрде басқарылады. Бір кездегідей кеден қызметкері өз бетінше тексеріп, тауарларды негізсіз тоқтатып қоюға құқылы емес. Кедендік тексеру жұмыстары инспекциялық тексеру кешені арқылы «күдікті» деп танылған жағдайда, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіндегі ахуалды басқару орталығының нұсқауы бойынша және тәуекел бейімінің автоматты түрде көрсеткен белгісіне байланысты ғана орындалады. Кеден қызметкері тәуекел бейімі көрсеткен шеңберден және инспекциялық тексеру кешені анықтаған жағдайдан тыс өз бетінше әрекет ете алмайды және кедендік ресімдеу мен тексерудің белгіленген техникалық регламенттерінен аса алмайды.
Инспекциялық тексеру кешені сканерлік жүйе арқылы 50-60 контейнерден тұратын құрамды бір минуттың ішінде тексеруден өткізеді және соның ішінде «күдікті» деп танылған көлік құралдары ғана кедендік тексеріске алынады. Кедендік тексерудің мұндай озық үлгідегі құралдары ТМД шеңберіндегі елдерді айтпағанда, Еуропаның кейбір мемлекеттерінде де жоқ. Бұған қоса кедендік шекарадағы барлық ресімдеу мен тексеру Астанадағы   Мемлекеттік кірістер комитеті ахуалды басқару орталығының қатаң бақылауында. Тауарларға кедендік тексеру жүргізуге өкілетті мамандардың әрбір әрекеті бейнежазба жетоны арқылы сол басқарманың көз алдында жүзеге асырылады. Сондай-ақ, кедендік тексеру шаралары түгелдей бейнежазбаға түсіріліп, серверде үш жылға дейін сақталады. Егер кеденшінің әрекетінде заңсыздық байқалса немесе сыртқы экономикалық қызметкерлер тарапынан шағым түссе, бейнежазбаны қайта қарау арқылы барлығын  анықтауға болады.
Сонымен қатар кедендік тексеру мен ресімдеу процестерінің  автоматты түрде жүзеге асырылуы адами фактордың әсерін жоққа шығарады. Тиісті құжаттарды  ресімдеу шараларын декларанттар мен кеден өкілдері интернет жүйесі арқылы кеңседе немесе үйінде отырып-ақ  атқара береді. Бұрынғыдай алыстан ат терлетіп келу арқылы тауарларын шекарада тосып алып, сол жерде қағаз жүзінде ресімдеу деген жоқ. Егерде импортталатын немесе транзиттік процедура бойынша жөнелтілген тауардың мәлімделуі мен құжаттары барлық талаптарға сай келсе, кеденде кедергі болмайды. Сондықтан да кеден төңірегіндегі кереғар пікір тудыратын кейбір әңгімелерді  өткен күндердің сарқыншағы деген дұрыс. Енді сөзіміз дәлелді болуы үшін нақтылы мысалдарға жүгінейік.
Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекетінде биылғы он айдың қорытындысы бойынша кедендік тексеруге түскен 63 көлік құралынан кедендік құны 2 миллиард 611 миллион теңгеден асатын жалпы салмағы 1 287 358 тонна контрабандалық тауар ұсталды.  17 іс процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы және Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаменттеріне жіберілді. Кедендік тексеруі бітпеген бірнеше көлік құралы кезегін күтіп тұр. Алдағы уақытта бұл цифрлар тізбегі тағы артуы мүмкін. 
Сонымен қатар өткен мерзім ішінде 2090 әкімшілік құқықбұзушылық (өткен жылы 1345) әшкереленіп, нәтижесінде декларанттар мен кеден өкілдеріне және сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға 184 204 617 теңге айыппұл салынды. Қосымша 666 680 418  теңге кедендік төлемдер мен салықтар өндірілді. Яғни, кедендік тексеру кезінде әр көлікке қосымша 606 625 теңге кедендік төлемдер мен салықтар салынды. Инспекциялық тексеру кешені арқылы сканерлеу тәсілімен кеден заңын бұзушылықтарды анықтау  көрсеткіштері 90 пайызға жетті. Тексеру кешені арқылы «күдікті» деп тексеруге қойылған 100 көлік құралының тоқсанынан кеден тәртібін бұзушылық анықталған. Бұған инспекциялық тексеру кешенінде жұмыс істейтін операторлардың жоғары біліктілік дәрежесі де әсер еткені анық. Біраз қызметкерлеріміздің АҚШ сияқты ірі мемлекеттерде интрузивтік емес тексеру мәселесі бойынша тәжірибеден өтіп келген сертифткаттары  бар. Инспекциялық тексеру кешенінде жұмыс істейтін кеденші оператордың «күдікті» деп таныған көлік құралдарынан кеден тәртібін бұзу фактісі дәлелденбеген жағдайда, кемшілік жіберген қызметкердің атқарып отырған қызметіне лайықтылық мәселесі қаралады. Сондықтан да аталмыш учаскеде қызмет ететін мамандарға жүктелетін жауапкершілік аса салмақты. Қызметкерлер жұмысы кеден тәртібін бұзушыларды әшкерелеп, қылмыстық және әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар отандық өндірісшілердің мүддесі мен зияткерлік меншік иелерінің құқығын қорғау және алып өтуге тыйым салған тауарларды жібермеу мәселелері де басты назарда.Кедендік төлемдерді толық өндіру арқылы республикалық бюджеттің көбеюіне өз үлестерін қосып, еліміздің сыртқы экономикалық байланыстарын нығайтуға және экономикалық саясатты жақсартуға күш салуда да «Алтынкөл-жол» кеден бекетінде он айда қыруар жұмыс атқарылды. Мысалы, импортталатын тауарлардың үлес салмағы 175 502 тоннаға (56 пайызға), тауар декларациясының саны 9119-ға (46 пайызға) азайғанына қарамастан, кедендік төлемдер мен салықтардан түскен қаражат мөлшері 86 миллиард 988 миллион теңгеден асып, әр көлік құралынан өндірілген кедендік төлемдер 6 миллион 101мың теңгеге жетті. Бұл цифрлар өткен жылмен салыстырғанда әр көліктен өндірілетін кедендік төлемдер орта есеппен 2 миллион теңгеге артқанын  көрсетеді.  
Қазіргі уақытта кеден саласына жүктелетін жауапты міндеттің бірі – еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру. Осы орайда «Алтынкөл-жол» кеден бекеті арқылы  Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия, Орталық  Азия, Батыс Еуропа, т.б. елдерге жөнелтілетін жүк көлемі де артып келе жатқанын айта кеткен жөн. Жоғарыда айтылған жетістіктердің барлығы кеден органының инфрақұрылымы өркендеп, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға жасалған оңтайлы жағдайлардың арқасы десек, қателеспейміз. Осылайша, кедендік шекарада кедергі азайып, «Жаңа Қазақстан» құру жолында қолға алынған жаңа бетбұрыстар өз нәтижесін беруде. 

Бекен НҰРАХМЕТОВ,
Жетісу облысы бойынша
«Алтынкөл-жол» кеден бекеті
басшысының орынбасары