"АЛАКӨЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ НАЗАРЫНА!": ЖҰРТТЫҢ ҚАМЫН КІМ ОЙЛАЙДЫ?

Уақыты: 18.11.2022
Оқылды: 1153
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алакөл ауданы, Ынталы ауылының іргесіндегі күрежол бүгінде жұрттың қуанышынан гөрі, уайымын еселей түсуде. Ауылдастар негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Кейбірінің жекеменшік жері болмаған соң басқалардың жерін жалға алып егеді. Сондықтан ерлер мен жұмысқа жарамды балалардың бәрі егіс басында жұмыс атқаруға мәжбүр.

Егістік жері жоқ немесе бар болса да оның кірісі отбасын асырауға жетпейтін ауылдастар қосымша мал шаруашылығымен шұғылданады. Бірақ жайылымның тапшылығы мал басын көбейтуге кедергі келтіруде. Оның сыртында «Достық» бекетінен жолға шыққан жеңіл және ауыр жүк көліктері ауыл маңынан жоғары жылдамдықпен келіп, жолды кесіп өткен малды қағып кетіп жатады. Біреудің сиыры, енді біреудің жылқысы осындай себептен жазым болып, өзі діңкелеп отырған тұрғындардың шығынын еселеп жатыр. Мұндай жағдай күн сайын тіркеледі. 
Ауылдастар көлік қағып кеткен малының құнын кімнен сұрайтынын білмей басы қатып жүр. Талай есікті ашқанымен тұшымды жауап ала алмай дал. Оның үстіне мал иесіне айыппұл салып, онсыз да тұрмысы нашар отбасыларды сорлатып жатқан дәлелдер де жетерлік. Құрт-майын, сүтін сатып нәпақасын айырып отырған жалғыз сиырын көлік қағып кетіп, көз жасын көлдеткен көршілерімізді де көріп жүрміз.
«Ауылдың тұсынан өтетін күрежолдың бойына көлік жылдамдығын тежейтін белгі қойылып, бейнебақылау камерасы орнатылса, жүргізушілерге ескерту болар еді. Тіпті, ауыл іргесіндегі жолдың екі жағалауына аша тұяқты мал ары-бері емін-еркін өте алмайтын жол қоршауын жасап берсе, оқыс жағдайлар азаяр еді» деген өтінішімізді арқалап, талай мекемеге тапсырдық. Одан қайыр болмады. Енді, міне, жанайқайымызды жоғары жақтағыларға жеткізер деген оймен облыстық «Jetіsý» газетіне жүгініп отырмыз.Жаңа Қазақстан құрамыз деп жан ұшырып жүрміз. Ол үшін ауылдастардың тұрмысында тыныштық болуы керек қой. 

 

Машкей НҰҒЫМАН,
Ынталы ауылы
Алакөл ауданы