МЕНІҢ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕМ

Уақыты: 11.12.2022
Оқылды: 1486
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тәуелсіздік мерекесі келгенде осыдан 21 жыл бұрынғы оқиға есіме жиі оралады. Ол кезде мен Қаратал ауданы, Көпбірлік ауылында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте мұғалім едім. Еңбек жолымды ұстаздықтан бастап, оқушылармен бірге өткізген күннің естеліктері өте көп. Әйтсе де, мына бір қуанышты жаңалық соның ішіндегі ең бір ерекшесі дер едім.

Талдықорған қаласы облыс орталығы мәртебесіне иелік еткен кез. Қалада жағымды жаңалық көп, қайта көркейіп, түрленіп келеді. Жалпы ел болып Тәуелсіздіктің 10 жылдығын тойлауға қарқынды кіріскен кез. Жыл басынан бері 16 желтоқсанға дейін ұлық мерекеге арналған шаралар ұйымдастырылып, патриоттық сезімді еселей түсуде. Дәл мереке күніне 1991 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген «Тәуелсіздіктің құрдастары» деген кең ауқымды кеш өтетін болды. Облыс бойынша сол күні дүние есігін ашқан балаларды іздеу басталды. Қуанышымызға орай біздің мектептің оқушысы Жайна Мұратбекқызы тәуелсіздіктің құрдасы болып шықты. Айтулы мерекеге қатысуға 10 жасар Жайнаны облыс орталығына апару маған жүктелді. Әкесі Мұратбек пен анасы Гауһардың рұқсатын алып, облыс әкімі қатысатын мерекеге келдік. Облыстың әр қиырынан жиналған Жайнаның құрдастары өте көп екен. Барлығы да мерекеге қатысқанына бір, Тәуелсіздік күні дүние есігін ашқанына екі қуанып жүр. Мерекеге қатысқан балалар Тәуелсіздіктің қасиеті мен құндылығын ерекше түсінді деп ойлаймын. Шаттыққа бөленіп, ұйымдастырылған шара жас жеткіншектердің бойына патриоттық сезім ұялатып, кеудесін қуанышқа толтырды. Облыс әкімінің қолынан сыйлық алып, айтулы мерекеден марқайып қайтты. Әлі есімде, ұстаз болғасын Жайнаны сөзге тартып, мерекеден алған әсерін білуді жөн санадым. – Мереке күшті өтті. Мен секілді балалар көп екен. Барлығымызды Үкімет құттықтап, (Үкімет деп облыс әкімін айтып тұр) сыйлық берді. Маған қатты ұнады, – деді 10 жасар Жайна. Міне, баланың есінде шынайы қуаныш қалды, сол арқылы Тәуелсіздіктің қастерлі екенін ұғынды деп ойлаймын. Мен де, Жайна да сондай көңілмен ауылымызға қайттық. Сол кездегі кішкентай ғана Жайна бүгінде тәуелсіздікпен бірге жасап келе жатқан жас ұрпақ. Қазір өзінің туып-өскен ауылында өзі оқыған білім ошағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі. Кеше бала болып Тәуелсіздік мерекесіне қатысса, бүгін ұстаз болып шәкірттерінің бойына Тәуелсіздіктің қасиетін дарытуда.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Жетісу облысы