ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ОЙЫНШЫҚТАРДЫҢ 64 ПАЙЫЗЫ ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫНА САЙ ЕМЕС.

Уақыты: 08.01.2023
Оқылды: 1229
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жұмыс уақыты аяқталды. Бүгін қалың қар жауып, күн қызыл құлақтана тұлданып тұр. Далада шытқыл аяз бар. Ауа райы қолайсыз болған соң үйге қайтайын деп такси шақырдым. Көп кешікпей көлік те келді. Жүргізуші егде тартқан кісі екен.

Көлікке отырған бойда жылы шырай танытып жөн сұрасты. 
– Қайда барасың, балам?  
– «Арман» зауытқа. 
– Жасың нешеде? 
– 28-де 
– Еее, сендер ол кезде былдырлаған бала болғансыңдар, тіпті,өмірге де келмеген кезің-ау! Кезінде «Арман» зауыт бүкіл Кеңес одағы бойынша ойыншық шығаратын жалғыз ірі кәсіпорын еді. Зауыттан балаларға арналған темір ойыншықтың түр-түрі шыққан. Отандық өнімнің сапасы да керемет еді. Бірақ, қаншама адамды жұмыспен қамтып тұрған зауыт 90-шы жылдардың қиын-қыстау кезеңінде есігін тарс жапты. Қаңырап бос қалған соң, көпқабатты үйге айналды. Шіркін, балаларымыз шетелдің сапасыз қуыршақтарын алмай, қаламызда ойыншық шығаратын зауыт қайта ашылса ғой, – деген жүргізуші талайдан теріліп жүрген мәнісі ұзын мәселенің тиегін ағытты.
Осы тақылеттес әңгімені үйге қайтқан сайын жиі естимін. Әсіресе, алпысты алқымдап қалған жүргізуші ағалар «біздің зауыт керемет болған» деп рахаттанып айтып отырады.  
Расымен, «Арман» зауыт еліміз бойынша ең ірі кәсіпорынның бірі болыпты. Зауыттың радио, көлік сынды темір ойыншықтар шығаратын бірнеше цех жұмыс істеп тұрған. 90-шы жылдардың топалаңы қос бүйірден сығымдаған шақта  2 млн. теңгеге сатылып кеткен. Алған қожайыны шаруаны дөңгелетпек түгілі артық-ауыс ештеңе жасамаған. Зауыт қаңыраған күйі қалған. Адамдар керек материалдарын бұзып алған. Айналасы үйілген қоқыс пен қирандыға толған. Тозығы жеткен кәсіпорынды кейін Амандық Баталов облыс әкімі болып тұрған кезде көпқабатты үйге айналдырды. Бірақ, тұрғындарға жұмыс беріп, балаларға қуаныш сыйлаған зауыт қайта салынбады.  
Зауыттан шығатын ойыншықтың сапасы жайлы әріптесім Гүлжан Тұрсын да айтып берді.
 – «Талдықорған» газетінде жұмыс істеп жүргенімде ұлым Мансұр «Шкори әпер» деп «Арман» зауыттың «жедел-жәрдем» көлігін сұрайтын. Айлық түскен сайын балама сол зауыттың ойыншығын апарамын. Қызылды-жасылды ойыншықтардың сапасы да жақсы еді. Өкінішке қарай, өткен ғасыр соңындағы қиын-қыстау шақта барлық кәсіпорындар жабыла бастады. Сол кезде ойыншық шығаратын зауытта жұмысын тоқтатты. Кейін қытайдан ойыншықтар келе бастады. Темірдің бағасы қымбат болған соң ба, сапасы жақсы болса да балалар армандаған «Арман» қайтіп ойыншық шығармады. 
 Бұл әңгімені текке жазып отырған жоқпыз. Демалыс күні кіндік балам Ықыласқа ойыншық алайын деп базарға бардым. Қазіргі балалар «өскенде кім боласың?» десе шетелдің мультфильмдеріндегі кейіпкерлерді тізеді. Кіндік балам «Алпамыс, Қобыланды сияқты батыр боламын» деп айту үшін қызылды-жасылды ойыншықтардың арасынан өзіміздің кейіпкерлерді іздедім. Қара базарда да, дүкендерде де ойыншықтың көптігі көз сүріндіреді. Ойыншықтарды көргенде балалық шағыңа қайта оралғың келеді, біртүрлі. Шетелдің мультсериалдарындағы ойыншықтың барлық түрі бар. Бірақ, қанша іздесем де қазақы кейіпкерлерді таппадым. Ойыншықтың түрлері де қорқынышты, сапасы көңілімнен шықпады. Сатушылардан балалар қандайын көп алатынын сұрадым. Олардың айтуынша, түрі ұсқынсыз болса да «Хаги Ваги», «Поп-ит», «Симпл-димпл», «Монстр Хайн» сияқты мульткейіпкерлер көбірек сұранысқа ие екен. Отандық психологтар қара базарда сатылып жатқан қорқынышты қуыршақтар бала психологиясына қауіпті деп дабыл қағуда. Бірақ, шетелден келсе де, бағасы қолайлы болған соң көп ата-ана осыларды алады. Балақайларымыз әлі күнге түр-сипаты түсініксіз құбыжық мульткейіпкерлермен ойнап жүргенін естігенде «Арман» сияқты ойыншық шығаратын зауыт ашылса ғой» деген жүргізушінің сөзі еріксіз ойға оралды.

ҚАУІПСІЗ ОЙЫНШЫҚТЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙМЫЗ?

Ойыншықтарды таңдау кезінде ең алдымен таңбалауға мән беріңіз. Ол оңай оқылатын, мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған болуы тиіс. 
Дайындалған материалға назар аударыңыз. Ол таза, ласталмаған болуы тиіс.  Ойыншықта өткір, жағымсыз иіс болмауы керек. Сондай-ақ, барлық бекітпелер мен қосындылардың сенімділігін тексеріңіз.
Сатушыдан ойыншықтың қауіпсіздігін растайтын құжатты сұраңыз. Құжат болмаса, ойыншықтарды сатып алудан бас тартыңыз.
Ойыншық физикалық және психологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі тиіс. Физикалық қауіпсіздік – бұл баланың ойыншықтың бөлшектерін кездейсоқ жұтып қоймауы. Психологиялық қауіпсіздік – ойыншық шығаратын дыбыс қатты және өткір болмағаны жөн. Бұл балалардың есту қабілетіне зиян.
Ойыншықтың түрі қорқынышты болмауы және зорлық-зомбылық немесе кісі өлтіру көріністерін білдірмеуі керек. Мұнда сіз өзіңіздің логикаңызды қосып, ойыншық сіздің балаңыздың дүниетанымына қалай әсер ететінін болжағаныңыз дұрыс.

Былтыр Жетісу облысының санитарлық - эпидемиологиялық бақылау департаменті ойыншықтардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізді. Тексеріс барысында зерттелген ойыншықтардың 64 пайызы Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті талаптарына сәйкес келмейтін болып шықты. Барлық жағдайларда сәйкессіздік ойыншықтардың таңбалануында анықталған. Ойыншықтарда тауардың, дайындаушының, импорттаушының атауы мен орналасқан жері, дайындалған күні, «ЕАС» белгісі, мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпараттың толық болмаған. Сонымен қатар, «L.Q.L. BEAUTIFUL» қуыршағы, «TOYS», «Toys Toys» су тапаншасы, «Beach Toys» құмда ойнауға арналған жинағы, «Girls Toys» ыдыс-аяқ жинағы секілді Қытайда белгісіз өндірушілер жасаған 3 жастан асқан балаларға арналған 5 ойыншық сынамасында формальдегид, бензол, стирол және ксилолдың артық мөлшері анықталыпты. Формальдегид – қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін канцероген, бензол – сүйек кемігіне зиянды әсер етеді және қызыл қан жасушаларының азаюына әкелуі мүмкін. Ал стирол бауыр мен бүйректің жұмысына, қан айналымы мен жүйке жүйесіне теріс әсер етеді. Стиролдың адам ағзасына ұзақ уақыт енуі жоғары тыныс алу жолдары ауруларының асқынуларын тудырады. Ксилол – адамның жүйке жүйесіне зиянды әсер етеді, ағзаға түскенде терінің және шырышты қабаттардың тітіркенуін тудырады. Тексеріс барысында департамент қызметкерлері кәсіпкерлік субъектілерінің атына бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берді.
Қазір ата-аналар ойыншықты балалардың ермегі деп қарайды. Бірақ, ол мүлде олай емес. Ойыншық та тәрбие құралы. Ұлттық ойыншықтар өндірісіне көңіл бөлініп, қуыршақтарды дамытып- жетілдіру арқылы бүлдіршіндердің бойына қазақылықтың дәнін егер едік. 
Жапонияда ойыншық бизнесі мемлекеттің бақылауында екен. Бұл ел «жапон ойыншығы – жапон балаларына» деген қағиданы ұстанады. Олар балаға ата-анасынан кейінгі ең жақыны – ойыншығы деп есептейді. Сондықтан, кәсіпкерлер ойыншықтың бағасын оған жұмсалған қаржыдан 1 пайыз ғана жоғары қояды. Шығын мемлекеттік субсидия есебінен толықтырылып отырады. Бізге де Қыдырәлі Болмановтың «Бал-бала» сияқты ойыншық шығаратын кәсіпкерлігін қолдап, шығарған қуыршақтарын насихаттауымыз керек. Әйтпесе «Қазақ баласы қашан қазақы ойыншықтармен ойнайды?», – деп жүргеніміз жүрген.

Түйін: Кезінде ойыншық шығарып «Арман» зауыт болған кәсіпорын көпқабатты тұрғынүйге айналды. Бүгінде сол үйдің бір бөлмесі менің еншіме бұйырды. Бірақ, далаға шыққан сайын дәлізде әлгі түрі қорқынышты шетелдің ойыншықтарымен ойнап отырған балаларды көргенде арман болған «Арман» зауыт деп іштей қынжылып қаламын. Облысымыз аграрлы аймақ болған соң ауылшаруашылығы, туризм сынды басқа да салаларды дамытқанымыз дұрыс шығар. Әйтсе де, бір сәт балаларды да ойлайықшы. Өйткені, ел ертеңі өскелең ұрпақтың қолында емес пе?!

Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы