БОЛАТ КЕРІМБЕК: "ТАУДАН БИІКТІКТІ, ОЙДАН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТЫ ҮЙРЕНДІМ"

Уақыты: 27.01.2023
Оқылды: 2476
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткенде, бүгінде, әр дәуірде елдің еңсесін тіктейтін өзіндік құндылықтар болады. Оның бірі рухани, екіншісі материалдық тұрғыда қарастырылуы мүмкін. Алайда, бүгінгі таңдағы қазақстандықтар үшін ең қымбат байлық – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай тәуелсіздік. Бірақ сол тәуелсіздіктің сан ғасырлық тайталасқа толы күрестердің нәтижесінде келгендігін кейде ұмытып кетеміз. Оны өткен жылдың басындағы елімізде орын алған оқыс жағдайлар санамызға шегелеп тұрып құйды. Десе де бірлікті берекені нығайтып, туындаған қайшылықтарды дер кезінде реттеп  отыратын тіиісті орындар бар. Сол қатардағы Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы Жаңа Қазақстан құру жолында тынымсыз еңбек етуде. Осы тұрғыда басқармада қандай жұмыс атқарылыды, алдағы жоспарлары жайында біле жүру мақсатында басқарма басшысы Болат Керімбекті сөзге тартып едік.

Болат Бақбергенұлы, бүгінгі әңгімемізде ашық пікірлесіп, кең көсіліп сыр ақтарамыз деген ойдамыз. Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасын басқарып отырсыз. Негізінде бұған дейін ішкі саясат басқармасы дегенге үйреніп қалған едік. Басқарманың атымен бірге заты да өзгерді ме?

–  Мемлекеттің бірегейлігін қалыптастыратын ең негізгі құрылым – ішкі және сыртқы саясаттың мызғымас беріктігі арқылы айқындалады. Ішкі тұрақтылық, ауызбіршілік, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын» бекем бірлік қашанда ел өркендеуінің негізі, халықтың жайлы тіршілігінің кепілі. Біз сол құндылықтарды кепілдендіру үшін жұмыс атқарамыз. Әрине, құрылысшы құрылыс салады, дәрігер адам емдейді, мұғалім шәкірт тәрбиелейді. Былай қарағанда, аталған салаларның жұмысын қолмен ұстап, көзбен көруге болады. Ал біздің қызметіміз қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік шиеленістерді ушықтырмай шешуге бағытталғандықтан көп жағдайда жұрт көзіне шалына бермейді. Өмір өркендеп жатыр ма? Жұрт алаңсыз ба? Тұрмысы дұрыс па?  Біз жұмысымызда осылардың барлығын назарда ұстап, туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге тырысамыз.

Өткен жылдары біз ішкі саясаттағы маңызды мәселелермен айналысып келдік. Ал қазір, елімізді өркендетудің жолы жаңарды. Жаңа Қазақстан құрудың сан-салалы бағытында тың көзқарас, озық идеялар, байыпты басқару жүйесіне көшкенімізді көріп отырсыздар. Сондықтан да басқарманың аты «қоғамдық даму басқармасы» болып өзекті өзгерулер орын алды. Қазір қоғамдық даму басқармасының құрамына дін басқармасы, жастар ісі басқармасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Рухани жаңғыру орталықтарының жұмысы біріктіріліп, іріленді. Жұмыс ауқымы кеңейді. Демек, атымыз да, затымыз да өзгерді.

Халқымызда: «Араласпаса, ағайын жат» дейді. Бір шаңырақ астындағы қайнаған тіршілік бір-біріне жақсы жағынан ықпал етіп, талай түйінді мәселенің шешілуіне түрткі болады. Бірнеше басқарма мен орталық атқарған жұмыс бізге жүктелді. Жауапкершілік салмағы артты. Тағы бір қуанарлық жайт,  облыстағы ұйғыр этносы тығыз қоныстанған Панфилов ауданына арнайы штат бөлініп, мемлекеттік қызметте істеген, тәжірибесі мол, ел-жұртты танитын азамат жұмысқа қабылданды. Осы арқылы жергілікті тұрғындар арасында қалыптасқан түсінбеушіліктерді дұрыс бағытта реттеуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар, қандастар мен этностарды қазақстандық ортаға бейімдеу тұрғысында игі жұмыстар жалғасуда. «Рухани жаңғыру» орталық ретінде 7 бағыт бойынша жұмыс атқарып келген еді. Басқарманың құрамына өткен соң олардың жұмыс бағыты басқармадағы басқа бөлімдерге жүктелді де «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға» қатысты жұмыс аталған бөлімге тапсырылды. Өйткені, өткен тарихымызды білу, бабаларымыздың аманатын ақтау біздің азаматтық борышымыздың бір парасы саналады.

Сіз осы басқарманы басқарғалы міне бір жылдың жүзі болды. Бұл аз да, көп те уақыт? Осы аралықта ауыз толтырып айтар қандай жұмыс атқардыңыздар?

– Осы бір жыл елімізде де, аймағымызда да саяси жаңартуларға толы болды. Ең алдымен, басқармаға келе салған кезімде Қаңтар оқиғасы орын алды. Мемлекет тағдыры қыл үстінде тұрған сондай бір шақтағы тыныштықты күзетудің ең ауыр жауапкершілігі мойнымызға жүктелді. Қаңтардан кейінгі елдің өкпе-назын жеңілдету, жаза басып қателекен жастардың қиындығын жеңілдету, тұрғындар тарапынан түрлі сала бойынша күн сайын, сағат сайын түсіп жататын түсініспеушіліктерді қарастыру уақытпен жарысып жұмыс істеуге итермеледі. Оның сыртында дәледі-дәйексіз жарияланып жататын жағымсыз жарияланымдар жүйкеңді тоздырып, санаңды шаршатады. Соның бәріне үлгеру үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, жұмыс істедік. Бүгінде қаңтарда жүрегі жараланған көптеген адамның ел бірлігіне қатысты дұрыс түсінігі, ел басқарған азаматтарға деген оң көзқарасы қалыптасты. Сол қиын күндері аңдамай шоқ басқан жерлестеріміз бен жастар қателіктерін түсініп, елдің ынтымағын бекемдеуге аянбай еңбек етуге кірісті. Міне, осының бәрінде басқарманың үлкен үлесі бар.

Қапшағай қаласының атын Қонаевқа ауыстырып, халқының ұлы перзенті Дінмұхамет Қонаев атамыздың қазақ тарихындағы, ел өркениетіне сіңірген еңбегін қайта жаңғырту барысында үлкен жұмыстар атқардық. Республикалық конференция ұйымдастырдық, Балқаш ауданы, Бақанас кентіндегі Қонаев ескерткішін қайта орнаттық. Қонаев қаласында келелі кездесулер өткіздік. Осылай Қонаев атамыздың есімін тарихта қайта жаңғыртуға үлес қостық.

Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел бойынша заңдарды өзгертуге бағытталған референдум өтті. Оны ұйымдастыру, атқару, сәтті аяқтауға қатысты барлық жұмыстар тағы да біздің басқарманың тікелей араласуы, қатысуымен жүзеге асырылды. Осы бір саяси науқан кезінде Алматы облысының тұрғындары жоғары белсенділік танытып, еліміздегі облыстардың арасында алдыңғы қатардан көрінді. Референдум нәтижесінде, Ата Заңға бірқанша өзгеріс енгізілді. Бұл жұмыста да аянып қалмағанымыз бесенеден белгілі. Сол кездегі жұмыс барысы шаршатқанымен, Жаңа Қазақстан құруға жасалған қадамның сәттілігі көңіл қуантады.

Кезектен тыс Президент сайлауының қалай өткендігінің куәсі болдыңыздар. Осы бір саяси додаға қатысқан барлық үміткердің өз мүмкіндігін пайдалану, жұртпен кездесу, сайлауалды бағдарламаларын түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, сайлаушылардың өз қалауы әділ әрі анық таңдауы, сонымен бірге, Президентікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау облыстық штабының жұмысын сәтті жүргіздік. Соның нәтижесінде Жетісу облысы сайлауға қатысу, дауыс беру бойынша республикада алдыңғы орыннан көрінді.

Тағы бір маңызды дүние, былтыр жазда Алматы облысы Алматы және Жетісу облысы болып екіге бөлінді. Осы бөлініс кездегі сан түрлі күрмеуі қиын мәселені шешуге белсене араласу менің еншіме тиді. Облыстардың бөлінісі барысында, сондай-ақ, басқармаларды біріктіруде штат мәселесін реттеу өте маңызды болды. Өйткені әрбір маманның отбасы бар, болашақ қызмет баспалдағын қалыптастыру жолын үзіп алмауы керек. Десе де, сол өткелден жолын, жөнін тауып, сүрінбей өттік. Ең бастысы, басқарма қайта құрылғаннан кейін де бұрынғы штат бірлігін сақтап, қызметкерлердің көңіліндегі алаңдаушылығын тарқаттық.

Халқымызда: «Істің басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген нақыл сөз бар. Өткен жылдың басы қатты болғанымен, аяғы тәтті болды. Оның бір дәлелі ретінде – Журналистер үйіне жерлесіміз, ақпарат саласында өзіндік жолы қалған Бейсен Құранбектің есімі берілгені. Шараның ашылу салтанатына халық қалаулылары, зиялы қауым өкілдері, жұртқа танымал қаламгерлер мен журналистер қатысты. Сонымен бірге, алғаш рет өңірлік медиафорум өтіп, жетісулықтардың жаңа облысты нық қадаммен бастағанын көпке көрсеттік.

Мемлекетті өркендетуде үкіметтік емес ұйымдардың да атқарып жатқаны да ерен. Осы бір маңызды саланың қызметін үйлестіру міндеті де сіздің басқарманың құзіретінде. Сол бағыттағы жұмыстар қалай жүруде?

– Бүгінде Жетісу облысында 4 саяси партияның филиалы, 559 үкіметтік емес ұйым тіркелген және әр бағытта 320 түрлі қызмет атқарады. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу, жастар саясаты мен балалардың бастамаларын жетілдіру, отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу, тағы да басқа түрлі мәселелер төңірегінде жұмыс атқарады.

Жуырда, үлкен бір кездесуде: «Жетісу облысындағы үкіметтік емес ұйымдар шынайы жұмыс істеп жатыр ма?» деген сұрақ түсті. Есеп үшін «Иә» деуге болар еді. Шын мәнінде, олардың тең жарымы жанталасып, ел үшін шырылдап жұмыс істеп жүрсе, қалғанының аты бар да, іс жүзіндегі белсенділігі төмен. Осы мәселені ескере отырып, алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдарды сұрыптау жұмысын жүргізуді қолға алмақпыз. Оның алғашқы жобасын да қарастырдық. Расында біздегі үкіметтік емес ұйымдардың дені қайырымдылықпен айналысады. Соның нәтижесінде кез келген мекемеге қолын жайып, «бере берсе, ала берсек» деген адамдар шоғырын қалыптастырып алдық. Бұл мәселені шешудің түпкілікті жолы емес. Алдағы уақытта, біз адамдардың өмір сүруге деген ұмтылысын оятқанымыз жөн.  Сол үшін жағдайы төмен отбасылардың тізімін анықтап, оларға қандай әлеуметтік көмек көрсетіліп жатқанын көріп отыратындай база жасақтамақпыз. Сонда нағыз қолдауға көмек адамдар анықталып, «Дайын асқа тік қасық» болып жүргендердің жолы кесіледі. Сонымен қатар, облыста тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың қатарында аймағымыздағы экологиялық туризмді, елтануды, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, тағы да басқа ең өзекті сұрақтармен айналысатындардың қатары тым аз. Алдағы уақытта сондай құрылымдарды құруға көмектесіп, олардың жұмысына қолдау білдіруді қолға алмақпыз. Ал өткен жылы облыс әкімінің азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуін жоғары деңгейде ұйымдастырып, «Әділетті Қазақстан құрудағы азаматтық қоғамның рөлі» атты  I азаматтық форумды және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтармен кездесу өткізгеніміз де осындай игі қадамдардың аясында қолға алынған дүниелер.

Мағжан ақынның: «Мен жастарға сенемін» деген сөзін Президент сайлауы кезінде  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өтті. Демек, жастарға сенеміз. Ал жастар соны ақтап жүр ме?

– Бүгінде облыста 130 мыңға тарта жас бар. Олардың болашағын кемелдендіру жолында атқарылып жатқан жұмыстар, еліміздің өркендеуі үшін жан-тәнімен беріліп, белсенділік танытып жүрген жастардың қарасы да көп. Алайда, адам баласы үшін ең құнды дүние – уақыт. Өкінішке қарай, көптеген жастар жұмыс істемейді, жатып алып бәрін иемденгісі келеді. Менің пайымдауымша, біздің қоғамда жастарды белгілі бір мамандыққа бағыттау жетіспейді. Бұл тұрғыда барлық адам жауапкершіліктен қашқақтайды. Мысалы, ата-аналар: «Бала тәрбиесімен мектеп айналысуы керек» десе, ата-аналар: «Білім мен тәрбие беру мектептің жұмысы» деп бар ауыртпалықты мұғалімдердің мойнына жүктегісі келеді. Алайда өзіндік тәрбиесі, білімі мен біліктілігі, өмірлік мақсаты болмаған жасқа қандай жұмыс тапсырсаң да шекесін қыздырмайды. Сондықтан осы мәселені тереңдей зерделеу үшін өткен жылы «Ұлт тәрбиесі» деген жоба енгіздік және осы жоба аясында «Өмірлік бағдар» деген бағыт бойынша зиялы қауым өкілдері, белсенді азаматтар, баспасөз өкілдерінің басын қосып, облыстағы 715 мектепті аралап, осы сұрақтардың нақты жауабын таптық. «Жастардың жалынын ояту үшін қаржылай қолдаудан гөрі, талпынысын оятудың жолын қарастыру керек» деген түйінге тоқтадық. Қазір сол тәжірибемізді басқа облыстарға таратуды көздеп отырмыз.

– Жастардың жасампаздығын қолдау арнасы да жыл сайын кемелденіп келе жатқанын көріп жүрміз ғой.

– Иә, біздің басқарма, жастардың қандайда бір жаңа бастамысын, елдің ертеңгі тұтқасы боламын деген ұмтылысын қолдауға дайын. Қолдап та келеміз. Айталық, өткен жылдың өзінде Жетісу облысының жұмыспен қамту органдарына 29 жасқа дейінгі жастар арасынан 8685 адам жүгінді, оларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 7772 белсенді шарасы ұйымдастырылып, 5323 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 2687 адам қабылданды. Ал «Жастар» ҒЗО әдіснамасы негізінде «NEET - жастар деректер базасы» әзірленіп, 444 жас тіркелді. Қаңтар оқиғасына қатысқан жастарды әлеуметтендіру бойынша «Жол картасы» бекітілді. Пробация қызметіне 100-ден астам адам тіркелген. «Zhas project» шағын гранттар конкурсы аясында 38 жеңімпаз анықталып, әрқайсысы 1 млн. теңгеден грант алды. Балалар үйінің түлектерін әлеуметтендіру және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында "First Class" жобасы жоспарлануда. Сондай-ақ, ауыл жастарының шығармашылық дамуы үшін мәдени-білім беру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған «Ауыл жастары»  жобасы іске қосылды.

 Бұрынғы жылдары жастар қандай грантқа қатысу керектігін өздері белгілейтін. Бүгінгі таңда грант беру қоғамда қандай өзекті сұрақтар бар сол тұрғыда анықталады. Демек гаранттар «бақай басты, көз қыстылықпен» емес, өзектілігіне қарай қарастырылады.

– «Қазір басшылық қызметке жастарды қойып, олардың алғабастар идеяларын қолдау керек» деген ұстаным жарыққа шықты. Биылдың өзінде 5 министрліктің министрі болып 30 жастың айналасындағы жастар тағайындалды. Өңірлерде де осындай беталыс бар. Осы жайлы көзқарасыңын қалай?

 – Мен мұны қолдаймын. Алайда, әр нәрсенің екі жағы бар. Жастар деп енді ғана университет бітірген, іс-тәжірибесі жеткіліксіз жастарды тықпалаудың реті жоқ. Қазір жастар статусы өзгерген. Бұрын 29 жасқа дейінгілерді жастар деп санайтынбыз. Ал қазір оның шегі 35 жасқа өсті. Халқымызда: «Отызында орда бұзбаған, қырқында қыр аспайды» деген нақыл бар. 30-да орда бұзған жастардың басшылыққа келгені дұрыс.

 – Біздің қоғамдағы тағы бір өзекті мәселе – дін. Бұрын осы саланың жұмысын дін басқармасы үйлестіретін. Енді қоғамдық даму басқармасының құзырына енді. Жалпы, облыстағы діни ахуал қалай?

– Қазіргі облысымызда діни ахуал тұрақты. Аймақта 11 конфессияға тиесілі 251 діни бірлестік пен филиалы жұмыс істеуде.  248 діни ғимарат бар.  Ал миссионерлік қызметті жүзеге асыруға арнайы рұқсаты бар 8 шетел азаматы тарапынан  ҚР заңдарын бұзу тіркелген жоқ. Сондай-ақ, 8 студент шетелдегі теологиялық оқу орнында білім алуда. Біздің тарапымыздан олардың бірін жақын тартып, ендігісін шетке қағу болған жоқ.

 Өз тарапымыздан түсіндіру жұмысын жүргізіп елдің бірегейлігін бүлдіруі мүмкін әрекеттер болса құқық қорғау орындарымен бірлесе жұмыс атқарудамыз. Жалпы, қоғам көптеген бөліністерден тұрады. Діни ұйымдардың да арасында да түрлі жағдайлар кездеседі. Оның бәрін бір жүйеге келтіру үшін «OpenAir» форматындағы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізіп келеміз.

– Дінге қатысты түйткілді мәселемен бұрын бір басқарма айналысатын. Қазір бір бөлім болып қалды. Барлық мәселені толықтай қарастыруға қуаты жете ме?

– Әрине, өте ауқымды жұмыс. Мен дін басқармасының бөлек мекеме болып құрылып, бұрынғыша жұмыс істеуін құп көремін. Сондай-ақ, қазір мешіттерге ата-бабасының атын беру үрдіске айналды. Бұл руаралық қайшылықтарды туындатады. Сондықтан мешіттерге ауылдың, сол елді мекеннің атын берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 – Алдымызда тағы да бір үлкен науқан – Парламент Мәжілісі, әр деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау келе жатыр. Оның бар салмағы да сіз басқарып отырған басқармаға жүктелері белгілі. Дайынсыздар ма?

 – Иә, ел болашағын белгілейтін үлкен науқан. Дайындығымыз мығым. Өйткені, өткен жылғы талқысы ауыр кезеңнің өзінде референдум, Қазақстан Республикасының Президенті, Парламент Сенатының депутаттарын сайлау мен облыстағы ауыл әкімдерін сайлаудың түрлі сынағынан сүрінбей өтіп, мол тәжірибе топтадық. Жақсы нәтижелерге жеттік. Алдағы сайлауды да жақсы нәтижемен қорытындылаймыз.

  • Мемлекеттік қызметкер қалай болуы керек?

 – Қойбыш деген шағын ғана ауылда туып, сол өңірдің салиқалы адамдарының тәрбиесінде ержеттім. Тауға қарап биіктікті, еңіске қарап қарапайымдылықты біліп өстік. Кейін арман қуып Астанаға кеттік. Бірқатар облыстық мекемелерді басқардым. Саясат сахнасындағы талай марқасқа ағалармен қызметтес болдым. Сол кісілерді көре жүріп – мемлекеттік қызметкер ең алдымен өзім үшін емес, халқым үшін еңбек етемін деген сенімді жүрегіне жүктеуі керек деп тұжырымдадым. Жеке басының арманын күйттейтін, халықпен тіл табысып жұмыс істеу тәжірибесі жоқ адам бұл саладан алыс жүргені дұрыс. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы өз антына адалдық таныта алмай, орта жолда жаза басатын келеңсіздіктердің қайнары осы.

 

Әңгімеңізге рахмет
Сұхбаттасқан Қажет АНДАС