ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНСЫСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 08.02.2023
Оқылды: 1002
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқан ауданында салынған қуаттылығы 50МВт болатын жел электр стансысы негізінен жеке қаражат есебінен жүзеге асқан өңірдегі ең ірі жоба. Жалпы қондырғыларды орнаып, құрылыс жұмыстарын жасауға 19,4 млрд. теңге қаражат жұмсалған.

Кезең-кезеңімен жоспарланған жоба құрылысы 2019 жылы басталып, желді аймаққа ең алдымен 6 қондырғы орнатылып, 2022 жылдың қараша айында толығымен аяқталып, өз жұмысын бастады. Биіктігі 100 метр, айналғыш қанаттары 70 метр болатын мұнараның саны 16. Олардың біреуінің өзі 3,2 МВт өңдеуге қауқарлы. «Мұндай электр қуатын өңдейтін стансы Қонаев қаласында болса, енді ауданымыздың Лепсі аймағында бар. Қуаттылығы жағынан басым түсіп, жылына 50 МВт тоқ көзін өңдемек», – деді аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев.

Лепсі ауылынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан стансы кең жазықта орналасқан желді аймақ. Желдің өтінде орналасқан жазық мекен болғандықтан, мұнаралар жыл бойы жарық қуатын өңдей алмақ. Осындай ірі әрі тиімді жобалардың ықпалымен ауданға инвестиция тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Сонымен қатар, өңірде 5 су электр стансысын салу жоспарланған болса, қазіргі таңда оның үшеуі үздксіз жұмыс істеп тұр. Қалған 2 электр стансының құрылыс жұмысы жалғасып жатыр. Айта кету керек, өткен жылдың қараша айынан бері жел электр стансылары 23,767 мың болатын КВт сағат өңдеген.

 

Мәулен Әнербай
Сарқан ауданы