ТЕКЕЛІНІҢ ТӘТТІ ТОҚАШЫ

Уақыты: 08.02.2023
Оқылды: 1172
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Моноқаладағы  «Алақай» сауда маркасымен 2010 жылдан бері тәтті тоқаштар шығаратын «Текелі кондитер» зауыты Жетісу жұртшылығына ғана емес, бүкіл республикаға танымал.

Бүгінде «Металлург» шағын ауданында орналасқан зауытта 58 адам  тәулігіне 1,5 тоннаға дейін 13 түрлі пірәндік жасайды. Жалақы көлемі 90 мың мен 120 мың теңгенің аралығында. Тәтті тоқаштар облыс аумағынан бөлек Астана, Алматы, Қарағанды, Өскемен қалаларына жіберіледі. Өнімнің көбі Алматы қаласына сатылады. Кәсіпорынның 30 пайызы автоматтандырылған. 2018 жылы кәсіпорын өз қаржысына Ресейден ұзындығы 32 метр болатын тоқаш пісіруге арналған арнайы пеш сатып алып, іске қосқан.  Онда әр 12 минут сайын 70 келі қамыр дәмді тоқашқа айналады.

 – Негізі осы пешпен тоқаштың 16 түрін шығаруға болады. Оған арнайы құрылғылар да дайын. Тек жақсы технолог болса. Білікті маман табылса, құрылғыларды жылдың аяғына дейін қосуды жоспарлап отырмыз. Бірақ, қаншама жылдан бері кәсіпорында еңбек еткен жұмысшыларды қысқартпаймыз, – дейді кәсіпорын директоры Талғат Төңкерісұлы.

Шикізаттың бағасы қымбаттауына байланысты мұндағы баға да өскен. Бірақ, басқа тоқаш шығарушылармен салыстырғанда бұл жақтың бағасы әлдеқайда төмен. Себебі, кәсіпорын өзімізде шығатын ұн, май, сүт пен қантты қолданады. Мұндағы пірәндіктің келісі 620-750 теңге аралығында.

Талғат Төңкерісұлы: «Кәсіпорын індет кезінде де жұмысын тоқтатқан жоқ. Жұмысшыларды арнайы автобуспен тасып жүріп, тоқаш шығардық. Тек өткен көктемде еліміздегі көптеген кондитерлермен қатар бізде де қант тапшылығы болды. Бірақ, Текелі қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласынан қант жеткізілді. Биыл мұндай мәселе болмайды деп үміттенеміз», – деді. 

Айта кетейік, облыстық тұрақтандыру қорынан жалпы сомасы 920 млн. теңгеге Көксу қант зауытында өндірілген 2190 тонна қант сатып алынды. Бұл қант тапшылығы туындағанда сатылымға шығарылып, дағдарыстың алдын алуға ықпал етеді.

– Менің жұмыс істегеніме 13 жыл болды. Зауыт алғаш ашылғанда қаптаушы болып жұмысқа кірдім. Жұмысым өзіме ұнаған соң осы қызметте қалдым. Айлығымыз жақсы, еңбегімізге қарай беріледі. Тапсырыс келсе тоқаштың кез келген түрін жасауға дайынбыз, – дейді Салтанат Қалиева.

Айдар ҚАЛИЕВ
Текелі қаласы