АС БЕРУДЕ АСЫРА СІЛТЕМЕЙІК

Уақыты: 11.02.2023
Оқылды: 1096
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Панфилов ауданында той-томалақ, нәзір-құзыр өткізу мен қаза болған адамды ақтық сапарға шығарып салудың өзге өңірлермен салыстырғанда ерекшелігі басым. Өңірде «Той тоғызсыз басталмайды» деген тәмсіл бар.

Бұл шынында да солай, қалыптасып қалғаны соншалық тойыңызға кешкі 5-ке немесе 6-ға шақырсаңыз да қонағыңыз кешкі тоғызды туралап келеді. Оған ешкім қымсынбайды. Өйткені кейбір той иесінің өзі елді алтыға шақырып алып, кешігіп келетіні бар. Ал өмірден өткен адамды ақтық сапарға шығарып салу қаралы отбасына тойдан да қымбатқа соғып жатады. Себебі қаралы шаңырақтың бар-жоғына қарамайтын ауылдастары дәлелге жиналдық деген желеумен 100-200 адам кешкісін өлімді үйге келіп, дәлелге он шақты діндер ғана қатысып, қалғаны тамақ ішіп тарайды.

Жақында аудандық Мәдениет үйінде өткен жиында осы мәселелер талқыланды. Өңірдегі барлық мешіттердің имамдары, ақсақалдар, қоғамдық ұйым жетекшілері, Жаркент қаласындағы мейрамханалардың қожайындары қатысқан жиынды аудан әкімінің орынбасары Қанат Досмайылов кіріспе сөз сөйлеп ашып, жиналған қауымға мән-жайды түсіндірді.

«Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, біз жаңа жыл басталғаннан бері өңірдегі шешімін күткен әлеуметтік мәселелерге байланысты Мәдениет үйінде халықпен осымен үш мәрте кездесу өткізіп отырмыз, – деп сөз бастаған аудан әкімінің орынбасары, бұдан әрі осы басқосу жайлы айтып. Ол өңірдегі той-томалақ, нәзір-құзырды өткізуді дұрыс жолға қою болды. Осы мәселелерге байланысты алдымен сөз аудан мешітінің бас имамы Серік Шәріпке берілді.

Бас имамның айтуынша аудан әкімдігі, өңірдегі мешіт имамдары мен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымы бірігіп, бұдан кейін марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімдерінде, үшін, жетісін, қырқын және жылына берілетін нәзірлерде дастарқанға қойылатын тағамдар тізімін түзіпті. Бұл мәзір Қазақстан Мұсылмандар дініи басқармасының ас беру мәдениеті құжаты негізінде жасалыпты. Осы құжатта белгіленгендей ас беру кезіндегі уағыз, насихат айту, марқұмды еске алу, жұбатуды ең жақын туыс-бауырлары, жолдас, құда-жекжаттарынан 3 немесе 4 адам ғана атқарғаны абзал.

Имам жиналғандарға қазаны ақтық сапарға аттандырған кезде оқылатын Құран ақысы жайлы түсіндіріп, мұндағы фидиядан басқасының бәрі садақа саналатынын ескертті. Аудан имамына залдан көптеген сауал мен ұсыныс айтылып, оларға нақты жауап берілді. Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов та сөз сөйлеп, өмірімізге тереңдеп еніп кеткен осындай қалыптасқан әдет-ғұрыптарды бірден жою мүмкін емес екенін, дегенмен, ел ішіне дендеп еніп жұмыс жасалса қалыпқа келетініне сенім білдірді.

Жиын қорытындысында бұдан кейін кез келген той түнгі 11.00-ге дейін ғана тойланатынына, қазаға кешкі дәлел жасалмайтынына, нәзір дастарқанына осы жиында белгіленген ас түрлерін ғана қоюға пәтуа жасалды. Осындай жиналыс алдағы уақытта ауданның барлық елді мекеннің тұрғындары арасында өтеді.

Мырзағали Нұрсейіт
Жаркент қаласы