ГАЗ ТОЛТЫРУ ЕРЕЖЕСІН БІЛГЕН ЖӨН

Уақыты: 12.02.2023
Оқылды: 971
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жыл басынан күнделікті өмірде газы бар баллондарды пайдалану кезінде жарылыс жағдайы жиілеп кетті.

Мұның басты себебінің бірі – газ баллонын толтыру нормалары мен ережелерін бұзу болып табылады. «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының талаптары бойынша газы бар баллонды осы үшін арнайы арналған орындарда (газ толтыру стансалары мен пункттерінде) құю қажет. Бұл жерде газы бар баллон арнайы салмақ қондырғысында салмағы бойынша қатаң толтырылады. Баллонға газ 85 пайыз  құйылады, қалған 15 пайыз сұйық фазаның бір бөлігінің газ тәріздес бөлікке өтуіне арналған кеңістік қалдырылады.

ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті өзінің және жақындарыңның өмірін қорғау, мүлікті сақтау мақсатында осы үшін арнайы тағайындалған орындарда баллонға газ құю ережесін қатаң сақтауды ескертеді. Автогаз құю стансаларында (АГҚС) және оған арналмаған орындарда газы бар баллонды толтырмаңыз.

Сондай-ақ, көп қабатты тұрғын үйлердегі тұрмыстық баллонда сұйытылған мұнай газын екі қабаттан артық сақтауға және пайдалануға тыйым салынатынын хабарлаймыз.

Айгүл Байбосынова