ӘДІЛДІК САЛТАНАТ ҚҰРҒАН ЖЕРДЕ ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖАҚСАРАДЫ

Уақыты: 09.02.2023
Оқылды: 1101
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапарымен Ақсу ауданына барды. Мақсат – халықпен жүздесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдап, түйінді мәселелерін шешудің жолын қарастыру. Сондай-ақ, құрылыс нысандары мен  Ақсу қант  зауытының қант құрағын өңдеуге дайындық барысымен танысу.  Бейбіт Өксікбайұлы өткен жылы күзде  ақсулықтармен кездесу өткізген еді. Тұрғындар сонда өздерін толғандырып жүрген бірнеше мәселені ортаға салған. Бүгінгі жұмыс сапарында облыс басшысы сонда айтылған мәселелердің  қаншасы орындалғаны жөнінде айтты. Дәлірек айтсақ, көтерілген 15 мәселенің 12-сі шешімін тапқан. Қалған үшеуінің жүзеге асып жатқаны жайлы толыққанды жеткізді. Түйінді мәселелерін шешіп бергеніне риза болған халық қол шапалақтап, ықылас білдірді. 

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жансүгіров ауылына барған сапарын жалға берілетін 10 үйдің құрылыс сапасын көруден бастады. Бірден айтайық, жұмыс барысына әкімнің көңілі толмады. Себебі, былтыр күзде құрылысы аяқталуы тиіс жұмыс әлі ілгерілемеген. Мердігерлер баспаналардың наурыз айында аяқталатынын айтқанымен, сөздері сенімсіз еді. Әлі күнге үйлердің  қабырғалары толық көтерілмеген. Оған реніш білдірген Бейбіт Өксікбайұлы: «Бюджеттің ақшасын алғаннан кейін талапқа сай жұмыс істемейсіңдер ме? Бұл баспаналар  әлеуметтік жағынан қорғалуы тиіс отбасыларға беріледі. Олар онсыз да бірін-біріне жеткізе алмай жүрген жандар. Ал сендер баспаналарын уақытында  салып бермей, созбақтап жүрсіңдер. Айтқандарыңның барлығы өтірік.  «Көтере алмайтын айбалтаны беліңе байлама» деген.  Қырық түрлі сылтау айтып тұрған тұрысың мынау. Сен наурызда да аяқтай алмайсың құрылысты», – деп  ренішін білдірді. Аудан әкімі Есім Базархановқа құрылысқа жауапты техникалық бақылау мекемесін өзгертуді тапсырды. Себебі, нысанның сапасыз салынып жатқаны көзге ұрып тұр. 

Бұдан кейін облыс басшысы  жаңадан тұрғызылып жатқан  көпқабатты үйге барды. Мамыр айында  берілуі тиіс үйдің жұмысы уақытқа сай көрінді.  Мердігер компанияның жауапты басшылары үйдің ішіне  керекті линолеум, қол жуғыш, ванна сияқты заттардың сатып алынып қойғанын айтты. Баспана 5 санат бойынша кезекте тұрған тұрғындарға беріледі.

Құрылыс нысандарын аралағаннан кейін аудандық әкімдікте қоғамдық қабылдау жүргізді. Қабылдауға алғаш кірген  Марат Өмірбеков Матай ауылындағы жерге байланысты туындаған мәселелерді алға тартты. Ірі қара және ұсақ мал өсірумен шұғылданатын қожалық иесі  осы маңнан тағы да жер алғысы келетінін айтты. Белгілі бір кедергілерге байланысты  қожалыққа қажетті жерді кеңейте алмай отырғанын жеткізді. Облыс басшысы бұл мәселе бойынша аудан әкімі Есім Базархановқа және басқа да жауапты мекемелерге тұрғынның өтінішін заң аясында қайта қарауды тапсырды. Бір таңқаларлығы, келгендердің 90 пайызы жер мәселесіне байланысты қынжылыс білдірді. Мұндай жағдай Қапал, Қызылағаш ауылдарында шиеленісіп кеткен. Қызылағаштық Серік Дәрменов, егінсулық  Назгүл Әдейбаева, қапалдық Айдана Баянова да осы шаруамен келіпті. Жер беру мәселесі негізінен конкурс бойынша жүзеге асырылады.  Ауданда конкурс өткізуші комиссияның құрамы талай жылдан бері ауыспаған.  Облыс басшысы Бейбіт Исабаев: «Конкурс өткізгенде де  кімнің қанша жері бар, кім қыжалат көріп отыр?  Кімнің жерін кеңейтіп, шаруасын жандандыруға жағдай жасау керек деген мәселеге көңіл аудармағансыңдар. Біреулер бірнеше жылдан бері 5 гектар жер ала алмай келе жатыр. Бармақ басты, көз қыстылықтың «иісі» байқалып тұр» деді. Осыған орай  комиссия құрамы өзгертіліп, кінәлі адамдар заң аясында жауап беру керегін назарға салды.  

Қоғамдық қабылдаудан соң  облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесіп: «Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, менің биылғы  алғашқы кездесуім Ақсу ауданынан басталып отыр.  Бүгін облыстың 2022 жылғы даму қорытындылары мен жоспарларына қысқаша тоқталып, былтырғы кездесуде сіздер көтерген мәселелер бойынша қабылданған шаралар туралы баяндаймын. 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстың  әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қамтамасыз етілді»,– деп біраз өзгеріс-жаңалықтарға тоқталды. Бұл орайда,  ауыл шаруашылығы саласында өсім 2,4% пайыз, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 281 млрд. теңгеге жетіп, 1,3 пайызға ұлғайғанын айтты. Облыс экономикасына 270 млрд. теңге инвестиция тартылған. Баяндамашы ауыл шаруашылығы – облыс үшін жетекші сала екенін айта келіп, оның дамуына ерекше басымдық берілетінін атап өтті. Қабылданған шаралардың арқасында аграрлық салада 510 млрд. теңгеге жуық өнім өндіріліп, қант қызылшасын өсіруге ден қойылған. Жалпы,  өткен жылы 4,3 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егіліп, одан 187 мың тоннадан астам тәтті түбір жиналыпты.  Ал осы жылы облыста егіс алқабы   519 мың гектарды құрайды, оның ішінде 8 мың гектарға қант қызылшасы егілмек. 

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бюджеттен 23,6 млрд. теңге қарастырылып,  оның 21 млрд. теңгесі субсидияға бөлінген. Көктемгі дала жұмыстары үшін 10,3 мың тонна кепілдендірілген дизель отынына өтінім берілген. Аймақ басшысы  халықтың жерге деген мұқтаждығын өтеу жұмыстары жалғаса беретініне тоқталды. Мәселен, өткен жылы мемлекет меншігіне 128,5 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылып, 650 мың гектар жайылымдық жер айналымға енгізілген.

Облыс басшысының айтуынша, 220 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылады деп жоспарланып отыр. Жердің 216 мыңы – жайылым, 3 мыңы – егістік, 656 гектары – шабындық. Бұл жерлер заңға сәйкес конкурс негізінде айналымға енгізіледі. Облыс басшысы ақсулықтармен кездесуде жол, ауызсумен қамту, газдандыру сияқты маңызды мәселелерді шешу басты назарда екенін айтты. Бұл ретте облыс өңірлерін табиғи газға қосу кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Өткен жылы көгілдір отынға облыстың 12 елді мекені қосылып,  8 мың адам газға қол жеткізген. Келесі жыл соңына дейін  Сары- өзек-Талдықорған бағыты бойынша 79 елді мекен газ құбырына қосылады. Соның нәтижесінде облыс бойынша 382,4 мың адам немесе 52,6% газбен қамтамасыз етілмек. Жоспар бойынша 2024 жылдың  2 жартыжылдығында «Талдықорған-Үшарал» магистральді газ құбырының құрылысы басталмақ. Соның нәтижесінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 124 мың тұрғыны бар 66 елді мекені газға қосылады деген болжам бар. Оның арасына Ақсу ауданының  26 ауылы кірген.

Аталмыш  жобалар жүзеге асырылса,  2030 жылға дейін облысымыз толық газдандырылады.  Жол мәселесі де, әсіресе, ауылдық жерлерде өзекті екені мәлім. Өткен жылы 52 елді мекеннің жергілікті жолдарын жөндеуге 24,2 млрд. теңге жұмсалған. Сол сияқты 2022 жылы 6 ауылда ауызсудың сапасы жақсартылған. 

Халықты қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары да жүйелі жүріп жатыр. Өткен жылы 295 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерсе, биыл да сол қарқын сақталады, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 161,9 мың, коммерциялық қаражат есебінен 21,1 мың, ал тұрғындар тарапынан 112,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынады.

Әлеуметтік сала да әрдайым ерекше назарда екені белгілі.  Атап айтқанда, білім беру саласына 162,8 млрд. теңге бөлінген. Облыста 2022 жылы 6 мектеп салынып, 58 мектеп күрделі жөндеуден өткен.  Білім нысандарының жаңартылуы  жайлы жаңалықпен бөліскен Бейбіт Өксікбайұлы: «Биыл жергілікті бюджет есебінен 1760 орындық 6 мектепті іске қосамыз, сондай-ақ, 420 орынды 3 мектептің құрылысы басталады, оған 4,1 млрд. теңге қарастырылған. Жалпы, 2025 жылға дейін 23 жаңа мектеп салу көзделген, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 8700 орынды 10 мектеп тұрғызылады, соның екеуінің құрылысы 2023 жылға жоспарланды, – деп көпшілікті қуантты.

Ал облыс бойынша денсаулық сақтау саласында өткен жылы 2 млрд. теңгеге  6 нысанның құрылысы басталып, 12 блокты-модульді медициналық пункт салынды. Сонымен қатар 2025 жылға дейін жергілікті бюджет есебінен 59 модульдік медициналық кешен және 2 «Жедел жәрдем» стансысы бой көтереді. Осы жылы денсаулық сақтау саласына жергілікті бюджеттен 12 млрд. теңге қарастырылды. Облыс бойынша жаңалықтар мен атқарылуы тиіс шараларды сараптаған облыс басшысы одан әрі Ақсу ауданына қарасты мәселелерге тоқталды. 

«Ақсу ауданы – облыста ауыл шаруашылығы бағытындағы өңірлердің бірі. Әсіресе, қызылша өсіруге бейім. 2023 жылы ауданда жалпы егіс алқаптары 62,2 мың гектар көлеміне жетеді деп межеленген. Оның ішінде қант қызылшасы 1,2 мың гектар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп. Десек те, былтыр қант қызылшасын егу жоспары орындалмады. Яғни, жоспарланған 28 мың тоннаның орнына небәрі 5,3 мың тонна ғана өнім жиналды»,– деген Бейбіт Өксікбайұлы аудан әкіміне егіс жоспарының орындалуын ерекше бақылауға алып, қызылша егетін шаруашылықтардың жұмысын ұйымдастыруды жүктеді. Оларды тұқыммен, тыңайтқыштармен, техникамен қамтамасыз етсін деген тапсырма берді. Бүгінде  Ақсу қант зауытында  3000 тонна  қант құрағы шикізатын жеткізуге шарт жасалған.  Алажиде стансысында 7 мың тонналық қойма дайындалғаны белгілі.  Биыл  наурыз айында қант құрағын өңдеу қолға алынып, нәтижесінде 50 мың тонна құрақ қантын шығару жоспарлануда. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде ілгерілеу жоғын айтып, сынға алды.  Ауданда майлы дақылдар, картоп пен көкөністі  өңдейтін  кәсіпорындардың ашылмағандығын сынға алды.  

Аудан ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен шұғылданғандықтан су  көп керек. Бұл орайда ирригациялық желілер мен құрылыстарды салу бағытында 2 ірі жоба іске асырылуда. Өткен жылы Қызылағаш суару массивінің құрылысы  басталды. Оған республикалық бюджеттен 7,9 млрд. теңге бөлінген.  Нәтижесінде бұрын игерілмей жатқан 5,3 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілмек.

Ислам Даму Банкі арқылы  ауданның суару желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.  Бүгінгі таңда жұмыс 70 пайызға  орындалған. Облыс басшысы мемлекеттен қаражат алып, жұмысты кешеуілдетіп жүрген компанияларға кешірім болмайтынын айтты.  Мысалы, суару желілерін салумен айналысатын  «Томас» ЖШС жұмыс кестесінен кешігуде.  Ол туралы Экология министрлігіне хабардар етілген.  Биыл да жұмысқа кіріспейтін болса, келісімшарттың бұзылатынын айтты.  «Қазсушар» мекемесі ирригациялық желілердегі жұмыстардың барысын қатаң бақылауға алуы керек және вегетациялық кезең басталғанға дейін шаруашылықтарды суармалы сумен толық қамтамасыз етуі тиіс»,– деді ол. 

Ауданда соңғы жылдары мал басы азайған. Мал өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан.  Мал шаруашылығында 42 мың бастан астам сиыр бар. Бұл ретте 150 басқа арналған небәрі 2 тауарлы-сүт фермасы бар, оның біреуі тоқтап тұр.  Ірі қара малдың 9000 басқа төмендеуіне жол берілген. Соның салдарынан 2021 жылмен салыстырғанда ет өндіру көлемі 1019 тоннаға  азайған.  

Мақаланың басында айтқандай, аудандағы ең өзекті мәселенің бәрі жерге қатысты өрбіген.  Матай ауылдық округінде жер учаскелерін беру конкурсының қорытындысы шулы резонанс туғызды. Бейбіт Өксікбайұлы: «Өздеріңіз білетіндей, конкурс нәтижесіне сот тәртібімен шағым берілді.  Бұл жағдайға аудан әкімдігі тікелей кінәлі. Матай ауылдық округі бойынша соңғы 6 жылда жер конкурсы мүлде өткізілмеген, ал аудандық жер комиссиясының құрамы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің талаптарына сәйкес келмейді», – деді.  Сонымен қатар, ауданда 500 гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлерді иеленіп отырған 386 адам бар. Соның ішінде 4 азаматтың иелігіндегі жер көлемі 5 мың гектардан асады. Қазір сол игерілмей жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.  «Ауданда жайылымдарды басқару жоспары бекітілмеген.  Бекітілген жағдайда, ауыл тұрғындарының  малын жайылыммен қамтамасыз етіп, халық мұқтажын қанағаттандыруға болар еді»,– деді әкім. 

Жиын барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев орынбасары Әлібек Жақанбаевқа, ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, ауданда осы саланы оңалтып,  қайта өңдеу өндірістерін ашу, инвестициялар тартуда бірлескен қадамдық іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырды. 
«ҚР Жер кодексінің талаптарын сақтау бойынша аудандық жер комиссиясының мүшелерін оқытуды ұйымдастыру керек. 2022 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 47 пайызға төмендеп, 3,5 млрд. теңгені құраған. Бұл жағынан аудан облыстағы 10-шы, яғни ең соңғы орында.

Өнеркәсіп өнімі көлемінің төмендеуіне негізінен Ақсу қант зауыты жұмысының тоқтағаны айтарлықтай әсер етті, оның үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Зауыт наурыз айында іске қосылуы тиіс, 550 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, өнеркәсіптік саласындағы жағдай түзеледі», – деп ойлаймын.

Сын садағы

Ауданда соңғы жылдары мал басы азайған. Мал өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан.  Мал шаруашылығында 42 мың бастан астам сиыр бар. Бұл ретте 150 басқа арналған небәрі 2 тауарлы-сүт фермасы бар, оның біреуі тоқтап тұр.  Ірі қара малдың 9000 басқа төмендеуіне жол берілген. Соның салдарынан 2021 жылмен салыстырғанда ет өндіру көлемі 1019 тоннаға  азайған.  

 Ауданда жайылымдарды басқару жоспары бекітілмеген.  Бекітілген жағдайда, ауыл тұрғындарының  малын жайылыммен қамтамасыз етіп, халық мұқтажын қанағаттандыруға болар еді.

 «ҚР Жер кодексінің талаптарын сақтау бойынша аудандық жер комиссиясының мүшелерін оқытуды ұйымдастыру керек. 2022 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 47 пайызға төмендеп, 3,5 млрд. теңгені құраған. Бұл жағынан аудан облыстағы 10-шы, яғни, ең соңғы орында.

 Тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша да ауданда тиісті шаралар қабылданбаған, кезекте тұрғандардың саны жылдан-жылға артып келеді. 2021 жылы кезекте 725 адам болса, 2022 жылы 791, осы жылы 812 адамға жеткен. Ал 2022 жылы тұрғын үй кезегі жылжымаған. Себебі, Жансүгіров ауылында 50 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталмаған.   

Инвестиция тарту бойынша аудан облыста 3,9% үлесімен 7-ші орында. Өткен жылы 10,6 млрд. теңге қаражат тартылды, бұл 2021 жылға қарағанда 31 пайызға аз.  Өткен жылы агроөнеркәсіп кешені саласында 4 жоба қолға алынды. Барлығы 429 млн. теңге инвестиция тартылып, 23 жұмыс орны ашылған. 2023 жылы 7,5 млрд. теңгеге 152 жұмыс орнын құратын 13 жобаны іске асыру көзделген. Бұл орайда,  облыс әкімінің орынбасары Жеңіс  Тұяқовқа, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына аудан әкімімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, ауданның өнеркәсіп секторындағы және кәсіпкерліктегі істердің нақты жай-күйін зерделеуді, өндіріс көлемінің төмендеу себептерін анықтау тапсырылды. Облыс басшысының айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша да ауданда тиісті шаралар қабылданбаған, кезекте тұрғандардың саны жылдан-жылға артып келеді. 2021 жылы кезекте 725 адам болса, 2022 жылы 791, осы жылы 812 адамға жеткен. Ал 2022 жылы тұрғын үй кезегі жылжымаған. Себебі, Жансүгіров ауылында 50 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталмаған.   

Білім беру саласында өткен жылы Сағабүйен ауылында Тоқтаров атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілген. Нысан қолданысқа беріліп, осы жылдың қаңтар айынан балалар оқып жатыр. Мектеп ауласын абаттандыру жұмыстары көктемде аяқталады. Ал Сағакүрес ауылында шағын орталығы бар 120 орынды мектептің құрылысы аяқталып, 2023 жылғы 1 наурызға дейін іске қосылады деп күтілуде. Денсаулық сақтау саласында өткен жылы Сағабүйен ауылында бір ауысымда 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ашылған. Сондай-ақ, Көкөзек ауылында блокты-модульдік медициналық пункт тұрғызылады. Биылғы наурыз айының соңына дейін Алтынарық ауылында медициналық пунктті іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, биыл Құрақсу, Ойтоған және Кеңғарын ауылдарында блокты-модульдік медициналық пункттері орнатылады. Ол үшін бюджеттен 150 млн. теңге бөлінді.  Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023–2024 жылдары Көкжайдақ, Қаракөз, Жаңалық ауылдарында 3 фельдшерлік-акушерлік пункт және Ащыбұлақ ауылында медициналық пункт салынады. 

Көпшілікпен кездесуді қорытындылаған облыс басшысы Бейбіт Исабаев: «2022 жылдың қазан айындағы кездесуде Ақсу ауданының тұрғындары көтерген проблемалық мәселелер бойынша атқарылған шараларға келсек, бүгінгі күні 15 сұрақтың 12-сі шешімін тапты,    3 мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда. Тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік нысандардың жағдайы мен жол сапасына  қатысты болды.  Көшкентал мен Көлтабан ауылдарына жаңа мектептер салу, Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу бойынша өтініш-тілектер айтылған еді. Осы мәселелерге байланысты біз Көшкенталға 180 орынды, Көлтабанға 120 орынды шағын орталықтары бар жаңа мектептер саламыз. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 3,1 млрд. теңге, қазіргі уақытта оның 1,1 млрд. теңгесі бөлінді. 

Жалпы аудан бойынша 12 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан (Көшкентал, Көлтабан, Молалы, Алажиде, Қызылқайың, Сағакүрес, Қызылағаш (№3 бөлімшесі), Баласаз, Қызылжар, Энергетик, Шолақөзек, Ақтөбе ауылдары). Облыс бойынша биылғы жылы бейімделген мектептердің орнына 3 мектеп салынса (Көшкентал, Көлтабан, Сағакүрес), соның екеуі Көшкентал ауылдық округінде бой көтереді. Сондай-ақ, Жансүгіров ауылындағы 1976 жылы салынған Ж. Сыдықов атындағы орта мектептің күрделі жөндеуіне биыл бюджеттен 886 млн. теңге бөлінді. Осы жылы жөндеу жұмыстары жасалады. Көшкенталдағы Мәдениет үйін жөндеу жұмыстары «Ауыл –  ел бесігі» жобасының аясында жүргізіледі.  Аталған жұмыстар биылғы жылдың соңына дейін аяқталады.   Естеріңізде болса, өткен жылғы кездесуде мен халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жоспарланған үйлерден бөлек, тағы бір 60 пәтерлік үйдің құрылысына қаржы қарастыру туралы тапсырма бергенмін. Жансүгіров ауылындағы арнайы белгіленген жерге  мемлекеттік сараптамадан өткен дайын жобаны байланыстыру үшін 8,7 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталып, 60 отбасы баспаналы болады.

Жайдарман жаңалық

 Ақсу ауданының тұрғындары көтерген проблемалық мәселелер бойынша атқарылған шараларға келсек, бүгінгі күні 15 сұрақтың 12-сі шешімін тапты, 3 мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда. 

 Көшкенталға 180 орынды, Көлтабанға 120 орынды шағын орталықтары бар жаңа мектептер саламыз.  Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 3,1 млрд. теңге, қазіргі уақытта оның 1,1 млрд. теңгесі бөлінді. 

 Жансүгіров ауылындағы арнайы белгіленген жерге  мемлекеттік сараптамадан өткен дайын жобаны байланыстыру үшін 8,7 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталып, 60 отбасы баспаналы болады.

Тағы бір мәселе,  Қарашілік, Арасан ауылдық округтеріне су қоймаларын салу болатын.  Бұл бағытта қосымша су ресурстарын жинақтау үшін Бүйен су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесін аяқтауға жергілікті бюджеттен 15,3 млн. теңге бөлінді. 

Тұрғындарды толғандыратын сұрақтардың бірі – ауыл аралық қатынас жолдарының тозуы. Өткен кездесуде көтерілген Алматы– Өскемен – Қапал – Арасан санаторийі кірме автомобиль жолын жөндеуге биылғы  500 млн. теңге бөлінді. Бұл жалпы құны 1,5 млрд. теңге болатын жобаның құрылысы келесі жылдың қараша айында аяқталады.  Сондай-ақ, Жансүгіров – Суықсай арасындағы жолға 695 млн. теңге, Суықсай – Ащыбұлақ ауылдары арасындағы жолға 491 млн. теңге бөлініп, тендерлік рәсімдер жүргізілуде. Жолдарды орташа жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, күзде аяқталады.  Молалы айналмалы жолынан Молалы ауылына дейінгі 27 шақырымды, Ақсу – Жаңалық жолының 23 шақырымын жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамаларын аяқтауға биыл 1,5 млн. теңгеден бөлінді. Наурыз айында қорытындысы шығып, құрылыс-монтаждау жұмыстарына тапсырыс беріледі, тамыз айында басталып, келесі жылдың соңына дейін бітеді. Жобалардың құны шамамен 2 млрд. теңгеден асады. Қапал ауылының тұрғындары тарапынан да бірнеше мәселе көтерілген  еді. Онда бау-бақша суаруға арналған ішкі арық желілерін тартып беруді сұраған. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге биыл 7,6 млн. теңге бөлініп, 2 ақпан күні мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Желі құрылысы келесі жылы басталады. Тағы бір мәселе – ауылда мал жайылымының жетіспеушілігі. Осыған байланысты Қапал ауылдық округіне қарасты 350 гектар. жайылымдық жерге қосымша 400 гектар жайылымды шаруа қожалықтары өз еркімен аудан қорына тапсырып, қалған   2 мәселе бойынша жұмыс жалғасуда.  Атап айтқанда, Ақын Сараның есімін Талдықорғандағы өнер мектебіне беру туралы ұсыныс айтылған. Өткен жылдың қараша айында республикалық ономастика комиссиясына ұсыныс берілді, мәселе 3 ай ішінде шешілді.  Биыл Сара Тастанбекқызының 170 жылдығы,  осыған орай бірқатар мәдени шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Поэзия кештері, сурет көрмелері, театрландырылған қойылым мен республикалық ақындар айтысы өтеді. Тағы бір мәселе,  Қарашілік, Арасан ауылдық округтеріне су қоймаларын салу болатын.  Бұл бағытта қосымша су ресурстарын жинақтау үшін Бүйен су қоймасының техникалық -экономикалық негіздемесін аяқтауға жергілікті бюджеттен 15,3 млн. теңге бөлінді. Енді аудан әкімдігі тиісті облыстық басқармалармен бірлесіп, аталған мәселелер бойынша жұмысты жалғастырып, орындалуын қамтамасыз етсін, – деп әкім сөзін аяқтағанда  ақсулықтар өтініштерінің орындалатынын естіп, дуылдата қол соқты. Сөзден іске көшкенімізге қуаныштарын білдіріп, «Бәрекелді!», – десіп жатты.   

Бұдан кейін облыс басшысы  19 наурызда Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайланатынын айта келіп, осы маңызды науқанды Жетісу облысының ел-жұрты ауызбіршілікпен, ұйымшылдықпен жоғары деңгейде өткізуге шақырды. 

Кездесудің келесі кезеңі ашық форматтағы сұрақ-жауапқа ұласты. Халық тағы да сол жер дауына қайта оралды. Бұл орайда облыс басшысы «Жер дауы, жесір дауы қазақта бұрыннан бар. Сондықтан бұл мәселені әділ шешуге баса назар аудару керегін айта келіп, салаға жауапты мамандарға мәселені  орынды шешіп, нәтижесін маған айтып тұрасыңдар, – деді.  Ауыл ақсақалы Тойбай Қожақметов аудан орталығына жақын жерден жанар-жағармай стансысын салса деген  ұсынысын айтты. Бұған жауап берген облыс басшысы шынында да күре жолдың бойында осы күнге дейін жағармай бекетінің салынбағанына қынжылыс білдірді. Бұл орайда «Қазмұнай газ» компаниясымен немесе басқа да жекеменшік кәсіпкерлермен келісіп, бірнеше  май құю бекетін салуды тапсырды. Сондай-ақ, ауылда осы күнге дейін жазда балалардың суға түсетін бассейнінің жоғы айтылды. Мұны саламын деп бастаған компания мәселені 4 жыл бойы атқармай келе жатқаны айтылды. Бұл орайда мемлекет қаржысын алып, істі аяқтамаған компанияны сотқа беру мәселесі сөз болды.  Жиында «Қапал- Арасан» курортын қайта қалпына келтіріп, ел игілігіне беру жайы да сөз болды. Бұған жауап берген облыс басшысы шипажайды бұрынғы қалпына қайта келтіріп, кезіндегі деңгейіне көтереміз деген уәдесін берді.  Алтынарық ауылына балабақша керегі сөз болды. Бұрынғы ғимаратты жөндеу мәселесі қолға алынатын болып шешілді. Бұл күні көптеген мәселе айтылды. Ыңғайына қарай бірі сол жерде, бірі болашақта шешілетін болып, жауапты мамандарға тапсырма берілді. 

Облыс басшысы Бейбіт Исабаев  ақсулықтармен кездесуде қарапайым халықты сарсаңға салған ескі жүйеден құтылуымыз керек екенін қадай айтты. «Ең үлкен  күнә – өткеннің қателігінен сабақ алмау. Ол үшін заңдылық, тәртіп, әділдік салтанат құруы тиіс. Әрқайсымыз өзіміздің кемшілігімізбен жұмыс істейік. Ал араларыңызда заң бұзғыш, бармақ басты, көз қыстылық әдетке бейім маман болса бізге айтыңыздар.  Жүйе өзгереді. Оған барлығымыз бірлесе атсалысайық», – деп халықты бір серпілтіп, жиынды аяқтады.

Гүлжан ТҰРСЫН