"ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ" ТРАКТАТЫНАН ТҮЙГЕН ОЙ

Уақыты: 08.02.2023
Оқылды: 1081
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

       Ғылым уақыт өткен сайын ескірмей, керісінше тың мәліметтер қорымен толығып, жылдар жылжыған сайын құндылығы арта түсетін сала. Адамзат баласының зерттеуге қолы жеткен барлық дерлік ғылым саласының негіздерін қалаған Әбу Насыр Әл-Фарабидың 1150 жылдық мерейтойы - ғұламаның артына қалдырған мұрасын зерттеуге үлкен мүмкіндік. Ол жаратылыстану, философия, астрономия, математика, медицина, логика, этика, метафизика, жағрафия, əдебиеттану, тіл білімі, музыка сияқты ғылым салаларынан 164 трактат жазғаны мəлім. Алайда ол трактаттармен екінің бірі таныс деп ауыз толтыра айта алмаймыз. Оған себеп құнды жәдігердің қазақ тіліндегі аудармалары жоқтың қасы екендігі. Ғалымның мерейтойын желеу етіп, алғаш рет “Қайырымды қала тұрғындары” трактатының бірнеше бөлімдері қазақ тіліне аударылды. Ғалымның аты әлемге мәшһүр еңбегіндегі негізгі ой желісін анықтауға тырысып көрейік.

     Аталмыш еңбектің ауқымы өте кең. Себебі бір өзінде қай заманда болмасын өзектілігін жоғалтпайтын бірқатар тақырыптар қозғалады. Атап өтер болсақ, бастапқы екі бөлімінде ізгілікті дін қағидалары жайында сөз қозғаса, үшінші бөлімінде аспан денелерінің сырларын ашуға тырысады.  Ал келесі бөлімдерде адам болмысына түпкілікті талдау жасай отыра, адамның жаны мен қуаты, қалауынан пайда болған қажеттіліктер жөнінде сөз етіледі. Алтыншы бөлім надан көзқарастар мен қоғамдар, надан қалалар және на­дан бас­­­шылықтардың түрлерін көрсетіп, ара-жігін ажыратады.

      Адамның бойында қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүректілік мінез болса, өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырған сәтте міндетті түрде шешімпаздық көрсете алады. Ұстаздың еңбегінен алынған бұл үзіндіге қарап, шын мәнінде Фараби бабамыз адам жанының жай-күйі мен бітім-болмысын ғасырлар бұрын дәл пайымдап кеткеніне көз жеткізуге болады.

     Жаратылысынан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты және осылардың иелерін жек көру – адам бойына бітетін ең асыл қасиеттердің бірі. Мұндай қасиетке ие адам жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып, жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне өз білігінше жақсылық пен ізгілік көрсете алады. Әлемнің екінші ұстазының бұл сөздері әрбір көзі ашық, көкірегі ояу жанның өмірлік қағидасына айналса жер бетінде қайырымды қалалар көбейер еді. Себебі шынында әлемді құтқаратын өзгеге де, өзіне де қиянат жасауға мүмкіндік бермейтін құнды қасиет – ізгілік.

                                                                                Меруерт Ерболатқызы