АҚЫЛДЫ БАЛАҚАЙ

Уақыты: 14.02.2023
Оқылды: 508
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Таяуда әлеуметтік желіде жаяу жүргіншілер жолындағы шұңқырды жабуға тырысқан жас жеткіншектің суреті пайда болды. 

Мұны көрген жұртшылық ерекше сүйіспеншілік танытып, ризашылығын жаудырды. Сурет 6-шы шағынауданында түсірілген. Осыған байланысты Талдықорған қаласының әкімдігі туған өлкесіне ұқыпты әрі жанашырлықпен қараған жас жеткіншекті патриоттық рухта тәрбиелегені үшін ата-анасына зор алғыс білдірді. Суреттегі бала – еліміздің әрбір азаматы жас кезінен бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, қоршаған ортасына құрметпен қарап, барды бағалау керегін аңғартады. Сондықтан, осы ұлдың жүрегінде жанып тұрған кішкентай ұшқын – туған өлкеге деген сүйіспеншіліктің үлкен жалынына айналады деген үміт артылды. 

Айгүл Байжұмақызы
Талдықорған қаласы