ӨРҚУСАҚТАҒЫ ӨРКЕНДІ ІС

Уақыты: 14.02.2023
Оқылды: 863
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауылдың бет-бейнесін ашып, береке мен бірлігін ұйытып отыратын – көпті көрген, білгенімен түйгені мол ақсақалдар. Іс барысында негізгі салмақты сөзді айтып, шешімін шығарып, жауабын беретіндер де солар. Ынтымағы берік ауылдың әр істе нәтижесі де жақсы болмақ. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған Ескелді ауданына қарасты шағын ғана Өрқусақ ауылының ақсақалдары. 

Өрқусақ ауылында барлық жағдай жасалған. Газ бен су бар, көше шамы жарқырап тұр, жол да тақтайдай. Осы бір істер аядай ауылдың ұйымшылдығын көрсетпей ме?! Бірде Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметовпен сұхбаттастық. Сөз арасында Өрқусақ ауылындағы ақсақалдар алқасына риза екенін айтты. Газ тарту ісі жүріп жатқанда тұрғындар ұйымшылдықпен көмектесіп, тамағын, суын беріп, әр үй кезек-кезек жұмысшыларды қонаққа шақырып, жағдайын жасап отырған. Нәтижесінде ауылға газ мерзімінен бұрын берілген. Ауылдағы мешіт пен мүмкіндігі шектеулі жан бар бір отбасының үйіне тегін газ қосып берген. Осы істің бәрінде ауыл ақсақалдары жүрді, солардың айтуымен іс бітті. Ал газды салтанатты түрде іске қосуға келген облыс басшысы Бейбіт Исабаевтың «қаймағы бұзылмаған ауылдың бейнесін көріп тұрмын», – деуі де тегін емес. Аман Дәуіталинов, Бектас Малшыбаев, Әли Байқадамов, Амангелді Өрхалықов, Бекежан Мұраталинов сынды ақсақалдар бастаған ауылдың әр ісі нәтижелі. Газ қосу бойынша ауылдағы әр үйді аралап, жағдайын сұрап шығуы да бірліктің көрінісі.  
– Әр іске кіріспес бұрын ауыл ақсақалдары жиын өткіземіз, сол жерде қабылданған шешімді тұрғындарға айтамыз. Жұмыс жоспар бойынша жүреді. Бізден кейінгілер, жастар іліп алып кетеді, – дейді 4 баласынан 10 немере көріп отырған ауыл ақсақалы Аман Дәуіталинов. Аман ақсақал Өрқусақ ауылында дүниеге келген, осы жерде өскен азамат. Тұрғындар да сыйлап тұрады, құрмет көрсетеді. Ісіне қарай нәтижесі. Былтыр облыс басшысының қолынан ауыл шаруашылығына қосқан үлесі үшін Құрметті марапатты да алды. Бұл Аман ақсақалдың нәтижелі еңбегінің жемісін көрген бір сәті. Талай жерде құрметке бөленіп жүр. Өзі де кішкене абыройға кенелсе «ауыл тұрғындарының тілегі, солардың бірлігінің арқасы» дейді. 
Бүгінде шағын ғана Өрқусақ ауылында 80 үйдей бар, соның жартысынан көбі газға қосылған. Облыс, аудан басшылығы көтерген мәселеге, жұмысқа қашанда үн қосып, керек жерінде іске де кіріседі. Осының бәрі ауыл ақсақалдарының  ұйытқы болуымен жүзеге асатын іс. Ауылдағы әр іс ақақалдар назарында. Өзінен кейінгілер «көрсін, білсін, үйренсін» деген ниетте жандарына ертіп жүреді, кейін ақсақал жасына жеткенде ауылдың тұтқасын ұстап қалуға жағдай жасайды. Шағын ғана ауылдағы шұрайлы істі шеңбердей дөңгелентіп отырған ақсақалдар кеңесіне тұрғындар да риза, сырттан келгендер де тамсанып кетеді.  

Серік ҚАНТАЙ
Сурет ғаламтордан алынды