КӘСІПКЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

Уақыты: 13.02.2023
Оқылды: 978
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының кәсіпкерлер палатасы жұмысының негізгі басымдығы – бизнесті жан-жақты қолдау. Іс бастағысы келгендер облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына сервистік және кеңес беру қызметін алу үшін жүгініп, бизнес құрады. 

Өткен жылы кәсіпкерлерге көптеген қаржылай қолдау көрсетіліп, жұмыс жүргізілді. Мәселен, 470 бизнес-жоспар әзірленіп, оның ішінде 56 жоба қаржыландырылып, 70 жұмыс орны құрылған. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің бизнес-идеяларын әзірлеудегі негізгі бағыт қызмет көрсету саласы, сауда, мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы мен әртүрлі бұйым өндіру. Барлығы 6 мыңға жуық кәсіпкерге 15 мыңға жуық сервистік қызмет пен кеңес берілген.
Іскер әйелдерге де көмек көрсетілуде. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы – бұл қыз-келіншектерді қаржылай емес қолдауға арналған алаң. Онда олар стартаптарды ынталандыру, қолданыстағы бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру, сондай-ақ, оқыту бағдарламалары мен іс-шараларына қатысу үшін бірқатар қызмет алуға мүмкіндігі бар. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының базасында 12 599 әйелге 1 752 қызмет көрсетілген. 34 шебер-сынып және оқыту семинарлары ұйымдастырылып, 15 әйелге «Іскерлік байланыстар» халықаралық жобаларына қатысуға көмек көрсетілген. Бейіндік оқытудан 91 әйел өтіп, 55-і орталық аппарат курсын аяқтаған.
Адами капиталды дамыту – дуальды оқытудың Жол картасы бойынша 23 колледж бен 342 кәсіпкер арасында шарт жасалған. Барлығы 34 мамандық бойынша ТжКБ-ның 2 295 студенті оқиды. Кәсіпорындар жанынан кадр даярлау бойынша 49 оқу орталығы ашылған. 1 159 жұмыссыз азамат қысқамерзімді оқудан өтіп, 779-ы жұмысқа орналастырылған. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында «бизнесті қорғау» желісі бойынша 146 өтініш түсіп, 67 пайызы оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлердің мүліктік құқығы шамамен 1, 039 млн. теңгеге қорғалған. 
Сонымен бірге кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте 15 отырыс өтіп, кәсіпкерлердің 57 проблемалық мәселелері қаралып, 39-ы оң шешімін тапқан, қалғаны қаралуда. Негізінен онда жер, салық, мемлекеттік сатып алу және АӨК саласындағы шағымдар қаралған. 
Айта кетейік, егер өз бизнесіңізді дамытып, көмек алғыңыз келсе, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жүгініп, білікті мамандардан кеңес алуға болады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА