160 МЫҢ АҚШ ДОЛЛАРЫ ЖИНАЛҒАН

Уақыты: 10.02.2023
Оқылды: 337
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстанның Стамбұлдағы бас консулдығы, сол жақта жүрген еліміздің белсенді азаматтары, студенттер және жергілікті қазақ диаспорасы Түркияның зілзала салдарынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек жолдау бойынша белсенді жұмыс істеуде. Мұны Сыртқы істер министрлігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады. 

Осы уақытқа дейін Стамбұлдағы қазақтар зілзаладан зардап шеккен аймақтарға көмек ретінде балалар тағамдары, балалар киімдері, жөргектер, азық-түлік, жылы киімдер, көрпе сынды көптеген қажетті зат жіберген. Оның жалпы сомасы шамамен 160 мың АҚШ долларын құраған. Сыртқы істер министрлігі гуманитарлық көмек түрік билік органдарының келісімімен жасалып жатқанын атап өтті. Осы орайда бас консул Әлім Байел Стамбұлдағы қазақтарға алғыс білдірген. 
Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркия республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырған еді. Сондай-ақ, Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді де жүктеді.  Бүгін Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жіберілетіні белгілі болды. 
Қазақстан тұрғындары да зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсетуде белсенділік танытуда. Олар бұған дейін Түркияға 100 киіз үй жіберу үшін қаржы жинауды қолған алған еді. Бұл бастаманы көтерген журналист Нұрбек Бекбаудың айтуынша, қазіргі таңда қажетті сомаға қол жетіп, қаражат жинау тоқтатылған.

АРДА БИ
Сурет ғаламтордан алынды