ҰЛЫҢ ҰЛАН БОЛСЫН

Уақыты: 14.02.2023
Оқылды: 1113
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазіргі жаһандану дәуірінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі толғамды тақырыпқа айналып отыр. Ұлттық құндылықтарды құнттаған, дәстүрдің таза шырынымен шөл қандырған, отансүйгіш, елжанды азамат қалыптастыру бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі.


Естілердің ескі сөзіне мән берсек адам баласының бойындағы қасиеттер мен ерекшеліктер құрсақта жатқаннан қалыптасады екен. Тіпті, тәрбиенің өзі сол алтын құрсақтан басталуға тиіс екенін даналар ғибратынан білеміз. Сол секілді азаматтардың бойынан елге, Отанға деген сүйіспеншілікті көргіміз келсе оларды жасынан ұлттың ұланы етіп тәрбиелеуіміз керек.

Өз басым кешегі сан жүрекке сызат түсірген Ауған соғысын бастан кешкендермен аралас-құралас болдым. Оның жанды жаншып, тәнті тоздырған ұлы соққысын ашып айтпасам да, тарихын таныған әрбір жан білетіні хақ. Бейбітшілік бесігінде тербелген Отанымыздан ақтабан жылдар арпалысы аулақ болсын. Дегенмен, әрбір елдің арқа тірері, тұғыры ер-азамат. Сондықтан да балаларды ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеу мектеп қабырғасынан өріс алуы тиіс. Алғашқы әскери дайындық сабағында ұстаз ұлы шежірені жаңғыртып,  батырлардың ерлігін насихаттап, азаматтың ең басты байлығы туған жердің түйір тасы, тұма бұлағы, ожданнан қымбат Отаны екенін ұғындырып,  сарбаздық өнерді де бойына дарытуға тиіспіз. Міне, сонда ғана бүгінгідей бұлтаққа басып, «әскерге – уақытты құры зая ету» деген ақылға нанымсыз пікірге бармайды. Егер әрбір ұстаз азаматтың борышы мен парызын тәрбие, сабақ пен салмақты байламдар арқылы ұғындыратын болса, ұлтжанды ұландар көп болады. Ол үшін әрбір ата-ана, ұстаз және қоғам болып кешегі бетін мүк басқан қастерлі байлығымызды, азаматтық қасиеттің қайнарындай болған қағидаларды аршып алуға тиіспіз. Оның негізгі баспалдағы алғашқы әскери дайындық пәні деп білемін.

Асқарбай ӘУБӘКІРОВ,
Тоқжайлау политехникалық 
колледжі алғашқы әскери және 
технологиялық дайындық пәнінің 
оқытушы-ұйымдастырушысы
    Алакөл ауданы