"КҮН КҮРТ ЖЫЛЫНСА, ӘБІГЕРГЕ САЛАДЫ": КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Уақыты: 15.02.2023
Оқылды: 1350
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысында көктемгі су тасқынының алдын алу және елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қарастырылған қаржы қомақты. Егер бөлінген қаражат дер кезінде әрі мақсатты игерілсе, дайындық ойдағыдай болса, күрделі кезеңнен күйзелмей шығарымыз анық. 


Биылғы қаңтардың соңы мен ақпанның алғашқы күндері Жетісу облысындағы ауа райы тұрақсыздығымен ерекшеленіп тұр. Өңірдің бір аймақтарында қыстың ызғары күшейе түссе, енді бір бөлігінде көктемнің лебі сезілгендей болады.  Жауын-шашыннан кенде емеспіз. Жаңбырдың соңы қарға ұласып, қардың аяғы жылбысқы жаңбырмен жалғасып, жұртты алаң көңіл етуде. Тауда да  қар жамылғысы жылдағыдан қалың. Күн күрт жылынып, қатталған қасат қар тез ерісе, өзендердің деңгейі көтеріліп, мұз үстінен қызыл су жүруі, елді мекендерді әбігерге салуы  әбден мүмкін. 

Жетісу өңірінде үлкенді-кішілі өзендер жетерлік, көл де көп. Жалпы еліміз бойынша алдағы көктемде судың көбеюі және қызыл су жүріп, сел болуы, өзендер арнасынан асуына жасалып отырған болжам  сақтықты күшейтуді, дайындықты мезгіл-мезгіл пысықтап отыруды талап етеді. Тасқынға тосқын қоюға үкіметтік деңгейде назар аударылып жатқанын көріп те, естіп те жүрміз. Сондықтан  сақтық шараларын барынша күшейтіп, су жайылуының алдын алу, елді мекендер мен адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп көңіл бөліне бастады. Үкімет апта сайын жиын өткізеді. Осы мәселеге орай өткен соңғы селекторлық кеңесте айтылғандай, биыл көктемгі су тасқынына қарсы шараларға 955 млн. теңге бөлініпті. Қомақты қаржының басым бөлігі немесе 820 млн. теңгесі бөгеттер мен су қоймалары сынды гидротехникалық құрылыстарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қарастырылған. Ал  100 млн. теңге көктемгі су тасқынының  алдын алу шараларына жұмсалмақ. Қалған 35 млн. теңге кезек күттірмейтін шаралар бойынша жобалық-сметалық құжаттама (бұдан ары – ЖСҚ)  дайындау  мен оларға  түзетулер енгізуге  бөлінген. Ондай құжаттар қатарында Жоңғар Алатауынан бастау алып, Текелі және Талдықорған қалаларын жарып өтетін, бірнеше аудандағы бірқатар елді мекендерді жанап ағатын, арыны қатты  Қаратал өзенінің Қаратал ауданындағы Тастөбе ауылы тұсындағы арнасын механикалық тазалау және осындағы бөгетті қалпына келтіру бойынша ЖСҚ жасау және түзету енгізу, осы өзеннің Текелі қаласы арқылы өтетін арнасының жағалауын бекіту бойынша ЖСҚ-ға түзету бар. Сонымен бірге Панфилов ауданындағы  Көктал-Арасан ауылы жанынан өтетін Бурақожыр өзеніндегі қорғаныс бөгетін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының ЖСҚ және осы аудандағы Сүптай ауылындағы Тышқан өзенінің жағалауын түзетуге  ЖСҚ жасау, Қоңыр-өлең ауылындағы қар-жаңбыр суларын бұруға арналған науа жүйесін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына және науа жүйесін орнатуға ЖСҚ әзірлеу үшін қаражат бөлінген.

Сондай-ақ,  облыстың даму жоспары аясында  Ақсу ауданындағы Матай стансысы аумағы арқылы өтетін Ақсу өзені арнасын түзету және механикалық тазалау жоспарланыпты. Осы жұмыстар нәтижесінде Панфилов және Ақсу аудандары бойынша тасқын қаупі күшті      7 участоктағы жағдай тұрақтанып, қауіп сейіледі.  

Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаменті (бұдан ары – ТЖД) жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 2023 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жөніндегі облыстық жоспарға сәйкес, туындауы мүмкін күрделі жағдайға сақадай сай болу үшін  алдын ала болжамдар дайындау, елді мекендер мен олардың аумағын қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдау үшін су тасқыны қауіп төндіруі мүмкін учаскелерді айқындау, төтенше жағдайда халықты хабардар ету жүйесін дайындау, су тасқыны кезін­дегі ережелер туралы жұрт­ты құлағдар ету жұмыстарын жүзеге асыруда. Сонымен бірге арық-канал желілерін, жолдағы су өткізу құрылыстары мен көпірлерді тазалау, дайындау,  гидротехникалық құрылыстардың меншік иелері тарапынан жұмыс режимінің сақталуын бақылау қолға алынып, материалдық-техникалық, азық-түлік, жанар-жағармай, медициналық және басқа да ресурстардың қорлары құрылыпты.

Жетісу облысы ТЖД ТЖААБ басшысы, азаматтық қор­ғаныс майоры Ринат Тазабеков­тың айтуынша, қазіргі кез­де облыста 113 гидротехника­лық құрылыс бар. Оның 72-сі республикалық меншікте, 28-і  коммуналдық меншікте, 13-і жекеменшікте. Олардың  ішінде     8 су қоймасы, 16 тоған, 10 бөгет, 20 су торабы, 59 магистральдық канал бар. Облыс аумағында апатты жағдайдағы  су қоймалары жоқ дегенмен, барлығының қауіпсіздігі керемет деп айтуға келмейді. Жағдайлары да ала-құла. Ірі су қоймаларының толу барысын мониторингтеуді және басқаруды Су ресурстары комитетінің Балқаш–Алакөл бассейндік инспекциясы жүзеге асырады.

ТЖД елді мекендердегі су тасқынына қатысты жағдайды анықтау мақсатында өткен жылдардағы су тасқыны талдау жүргізіп, соның  негізінде және «Қазгидромет» РМК-ның қар жамылғысының биіктігі мен топырақтың тоңы туралы деректерін ескере отырып, болуы мүмкін су тасқынына алдын ала бағалауды жүзеге асырған.  Температура күрт көтеріліп, жаңбыр түріндегі жауын-шашын мол түскен жағдайда облыстың барлық аумағында су тасқыны туындауы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Сол себепті, елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарын су тасқынынан қорғау мақсатында  бірқатар профилактикалық және инженерлік-қорғау шаралары қолға алынған. Жыл сайын өткізілген іс-шаралар нәтижесінде 2021 жылы анықталған  су тасқыны қаупі бар 13 учаскенің  7-нің тәуекел қаупі азайтылып, биыл су тасқыны қаупі бар  6 учаске қалыпты. Оларға қатысты атқарылған және алдағы кезге жоспарланған жұмыстарды жоғарыда келтірдік. Барлығы жоспарға сай орындалса, аталған қауіпті учаскелердегі жағдай да реттеледі. 

«Қазселденқорғау» ММ «Жетісу–Алатау аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы басшысының орынбасары    Айдос  Сабырбаевтың мәлімдеуінше, қазіргі кезде аталған мекеме Жетісу өңіріндегі барлық өзендердегі гидрологиялық жағдайға күнделікті мониторинг жүргізіп, топырақ тоңының деңгейін тұрақты өлшеп тұрады. Инженерлік қорғаныс имараттарының техникалық жағдайы  қалыпты, олардағы қызметкерлер ауа райының құбылуына байланысты өзгерістерді тұрақты бақылауға алған. Әзірге өзендердегі судың деңгейі жылдық мөлшерлемеден ауытқымаған, арналармен су еркін өтуде. 

Болат ҚАБДЕШҰЛЫ,
Жетісу облысы