КЕЛІСІМ БАРЫСЫНДА ЗАҢ БҰЗҒАН

Уақыты: 14.02.2023
Оқылды: 1131
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жетісу облыстық департаментінің мамандары «Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің аудит жүргізу нәтижелері туралы хатын қарап, бірқатар кемшілікті анықтады.


Атап айтқанда, «Көксу ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі 2019-2021 жылдар аралығында «Көксу таза су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнмен «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңы нормаларына сәйкес ашық конкурс немесе баға ұсынысын өткізбестен, бір көзден шарт жасасқан.

Алайда, бөлім мен кәсіпорын арасында жасалған шарт бойынша қызметтер бәсекелестік ортаны қалыптастырады. Дегенмен, бөлім мен кәсіпорын жасаған шарт ұқсас қызмет түрлерін жүзеге асыратын нарық субъектілері арасындағы адал бәсекелестікті шектеп отыр. Осылайша, бөлімнің іс-әрекеттерінде ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабына сәйкес жекелеген нарық субъектілеріне оларды бәсекелестерге қатысты артықшылықты алға қоятын жеңілдіктер немесе басқа да артықшылықтар беру немесе бәсекелестермен салыстырғанда қызметтің қолайсыз немесе кемсітушілік жағдайын жасау бөлігі бойынша заң бұзушылық белгілері байқалған. Оның үстіне, Кодекс нормаларына сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар жүзеге асыратын қызмет түрлеріне монополияға қарсы орган келісім беруі тиіс. Бірақ шарттарда көрсетілген қызмет түрін жүзеге асыру бойынша монополияға қарсы органнан келісім алмаған Кәсіпорын келісілмеген қызмет түрлерін жүзеге асырып, заңды белінен басқан.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде департамент бөлімге және кәсіпорынға қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді.

Гүлмира Найманова,
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту
агенттігінің Жетісу облыстық
департаментінің тергеп-тексерулер
 бөлімінің басшысы