ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Уақыты: 15.02.2023
Оқылды: 1000
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дана да көреген халқымыздың «Әке – асқар тау, ана  – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», «Кішіпейілділік – кісінің көркі», «Кең болсаң, кем болмайсың», «Туған жердің түтіні де ыстық», «Жақсы бала – ата-анысын мақтатар, жаман бала  – ата-анасын қақсатар», «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деген бала кезімізден құлағымызға сіңісті болған дана сөздерінде ұлттық құндылықтарымыз есіп тұрған жоқ па?!

«Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деген заңғар жазушы Мұхтар  Әуезовтың бұл  қанатты сөзі  бесік ұрпақ жалғастыратын қасиетті бұйым болып саналатынын айшықтайды. Сонымен қатар, бесік жырының бала тәрбиесіне тигізер пайдасы: баланың көкірек көзін ашып, жан-дүниесін тербеп, тәрбиенің тал бесіктен басталып, балабақша, мектеп, қоғам, қоршаған ортада дамитынын   меңзейді.

Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын» , – деп   ұлттық құндылықтардың ана тіліміз  арқылы бала бойына сіңірілсе ғана болашақтың жарқын болатынын айтады. 

Ең басты байлығымыз ана тіліміз, салт-дәстүріміз, мәдени мұраларымызды жастарымызға таныстырып, үйрету білім берумен қатар үйлестіріле жүргізілуі керек.

Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» атты еңбегінде : «…Баланың мінез-құлқы жақсы тәрбиеден туындайды. Егер бала ебедейсіз, шамшыл, өбектеліп өскен болса, бұған бәрінен бұрын оның ата-анасы кінәлі», –  десе, Абай жетінші қарасөзіндегі «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі – білсем екен демеклік» деп бала мінезіне берген сипаттамасы көкірегі ояу, көзі ашық қазаққа   баланың бойына туа біткен қасиеттерімен қатар дағдыларды дамытуға ой салады.

Неге ауыл жастарында үлкен өмірге қадам басқанда қорқынышы көп  болады, ата-анасы 15-17 жастағы жеткіншекті өз қалауы, таңдауы бойынша әрекет етуіне қарсы болады? Ойлап қарасақ, баланың басты тәрбиешісі ата-ананың өзінің «икемді дағдылары»  аз.  Шындығында солай. Балаға кішкентайынан сенің пікірің мен ойың құнсыз деп қарап, сосын 15 жасқа келгенде, ал енді есейдің, кім боласың, қандай (өмірлік) жолды таңдайсың? – деп әңгімеге тартамыз. Алғышарттың бәрі – бесіктен. Балаға тұлға деп неғұрлым ертерек қарасақ, соғұрлым есейген кезінде ата-ана мен баласы арасында сенімді қарым-қатынас орнайды.

Адам  үнемі өз-өзімізді жетілдіріп отыруы керек. Мықты маман болу үшін жақсы білім мен мамандандырылған дағдылармен қатар, икемді дағдылардың болуы маңызды.  Оқыту – бұл шексіз оқуға жол көрсету. Қазіргі замандағы түрлі коучингтер, треннингтер адамдардың адами қасиеттері, кәсіби дағдыларын дамытуға, сыни ойлауына, қарым-қатынасқа түсе білуге, топпен жұмыс істеуге үйретеді, ал сол үйретушілердің өздері де үздіксіз оқып, сол біліммен басқамен бөлісуі кеңінен тараған үрдіс болып тұр.   

Егер бұрын білім беруде балалардың академиялық білім алуын және оларды шоғырландыруды мақсат етсе, бүгінде оның түпкі нәтижесі әлдеқайда кең қарастырылады. Пәндер бойынша дәстүрлі біліммен қатар soft skills, "жұмсақ дағдылар" жоғары құндылыққа ие болады. Оларға психологиялық әл-ауқат, стресс және белгісіздік жағдайында өзіне-өзі көмек көрсету дағдылары, дамыған қарым-қатынас дағдылары және қоршаған ортаның кең шеңберлерімен өзара әрекеттесуді реттеу мүмкіндігі жатады. Бұл дағдыларды дамытуда оқу және әлеуметтік, соның ішінде отбасының қауіпсіздігі мен тұлғаның қауіпсіз ортасы үлкен рөл атқарады.   Біз  балаға өз саламыз бойынша білім беріп қана қоймай, өмірлік жолына қажетті дағдыларды да қалыптастыруымыз керек.

 Қазіргі уақытта қоғам өмірінің өзгеруіне елеулі дәрежеде әсер ететін бірнеше әлемдік тенденциялардың ықпалыннан ең басты және жиі кездесетін үрдістер: біріншіден, өмір сүру және әлем жағдайының өзгеруінің өте жылдам қарқынмен жүруі. Екіншіден, технологиялар мен қоғамның тұрақты және үздіксіз дамуы айтарлықтай дәрежеде кәсіби саланың өзгеруін анықтауда. Осыған сәйкес бұл үрдістер болып жатқан өзгерістер контекстінде адамдардың тиімді қызмет етуіне қажетті сапасына талаптар қоюда, бұл ең алдымен, икемді дағдылармен (soft skills) сипатталады. Жалпы, маманның кәсіби біліктілік моделінде дағдыларды soft skills (жұмсақ) және hard skills (қатаң) деп бөледі.

Hard skills – аясы тар, күнделікті жұмыс барысында нақты міндеттерді шешу үшін қолданылатын кәсіби дағдылар. Бұларды аз уақытта меңгеруге болады.

Soft skills дағдыларына: сыни тұрғыдан ойлау, мәселені шешу, дәлел келтіру; ғылыми-зерттеу дағдылары мен әдістері; шығармашылық, қызығушылық, қиял, инновация; тұрақтылық, өзін-өзі басқару, жоспарлау; ауызша және жазбаша қарым-қатынас, жұрт алдында сөйлеу және презентация жасау, тыңдау; көшбасшылық, топтық жұмыс, ынтымақтастық; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ), бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетсауаттылық, деректерді түсіндіру және талдау, бағдарламалау.

Soft skills дағдыларды қашан және қалай дамыту керек? Soft skills дағдылары адамға туғаннан берілу мүмкін, мысалы: табандылық, жақсы есте сақтау, қызығушылық.

Спорт ерікті құзыреттілікті дамытады, ал командалық спорт ұжымда жұмыс істеуге үйретеді. Музыка және сурет шығармашылықты, креативтілікті дамытады және барлық зияткерлік құзыреттердің дамуына серпін береді. Шахмат ойнау кезінде логикалық ойлау дамиды. Мектептегі жобалық жұмыс әлеуметтік, көшбасшылық және зияткерлік құзіреттіліктерді дамытуға мүмкіндік береді.

Ендібалаларымыздың жетістігі үшін және оларға жеке тұлға ретінде адамгершілік тәрбие беруіміз үшін болашақта негізгі педагогикалық білім берумен қатар мұғалімдерге "жұмсақ дағдылар" (soft-skills) қажет екені белгілі болды.

Біздің қоғамдағы көп мәселе soft skills немесе жұмсақтықтың жетіспеуінен болады. Жалпы біздің  түсінігімізде жапондар технология мен тазалыққа өте қатал, немістердің дәлдік пен инженерлік білімі озат деген тұжырым қалыптасқан. Ал, қазақтар ше? Біз қандаймыз? Иә, біздің халқымызға тән ерекшеліктеріміз көп: қонақжайлылық, дархан мінез, төзімділік пен батырлық, еркіндік сияқты қасиеттер ерекше дәріптеледі, осындай қасиеттерімізбен мақтанамыз. Сондай-ақ, халқымыздың ұлттық құндылықтарымен қатар, «икемді дағдыларды» меңгерген жастарымыз да баршылық. Әлемді аузына қаратқан қазақстандық жас әнші Дінмұхаммед Құдайберген  ұлттық құндылықтар мен икемді дағдыларды меңгерудің үлгісі. Ал, оның қалыптасу жолын қарасақ отбасынан алған тәрбиесі, ұлтымызға тән қасиеттері, өнер мен білімі, еңбек, талап, ой ұшқырлығы, ұлтжандылығы, өзін-өзі басқаруы сияқты дағдыларымен ұштасып жатыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре аламыз. Бүгінгі жастардың білім-өнерге ұмтылысы зор, таңдау мол.

Бірақ ,өкінішке орай, бүгінгі жастар өміріндегі қалыптасқан жағдайға тәуелді түрде дәстүрлі орныққан этноқұндылықтар рөлі әлсіреп барады.  Мектепте  бала бойындағы қасиеттерді икемді дағдылармен ұштастыру  өмір сүруге бейімдеу үшін өнер, музыка және қаржылық сауаттылық та маңызды. Адамның  өмір сүруге иекемделуі, заман, қоғам өзгерісіне бейімделе алуына қажетті  дағдылар қалыптасса, қазіргі қоғамда болып жатқан адам өмірі мен қоршаған ортаға қарым-қатынастардағы келеңсіз жағдайлар азайар еді.

Ұлттық  құндылықтарымызды жастарымыздың бойына сіңіре отырып,  икемді  дағдыларды меңгерсе, сапалы, толық адам болып қалыптасуына, өзгермелі заманда өз қалпын сақтап, өзгерістерге бейімделіп өмір сүруі,  қарым-қатынасқа түсе алу, еркіндік мәдениетін, құқықтық мәдениетті біліп, қамқорлық пен мейірімді  Абай айтқан  «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» бес асыл қасиеттерімен ұштастыра алады. Жастарымыз  «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дегендей өз орнын тауып, өмірін  мәнді де мағыналы құрады.

Анаргуль Каленова,
Нұрмолда Алдабергенов атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Көксу ауданы