ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ ЖОҚ ЕМЕС

Уақыты: 17.02.2023
Оқылды: 1088
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті былтыр комитет тапсырмаларының негізінде құқық қорғау органдарынан жіберілген шағымдар мен өтініштерге, сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 18 аудиторлық іс-шара жүргізіп, бірқатар кемшілікті анықтады.

Аудитпен қамтылған қаражат көлемі 2 535 973,3 мың теңге, оның ішінде бақылаумен қамтылған мемлекеттік сатып алу сомасы 526 727 мың теңге. Аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 2 138 275,5 мың теңгені құрады. Оның ішіндегі 758 028,5 мың теңге қаржылық, 1 380 247,0 мың теңге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жатады.

Есепті кезеңде анықталған заңсыздықтарды жою және оларға жол берген жауапты тұлғаларды тексеру мақсатында аудит нысандарына 17 нұсқама жіберіліп, 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, департамент мамандары аудиторлық іс-шаралардың нәтижесі бойынша 14 лауазымды тұлғаға әкімшілік жаза ретінде 1056,3 мың теңгенің айыппұлы салынды. Қаржы толық көлемде өндірілді. Одан бөлек 2 аудиторлық іс-шараның қорытынды материалдары құқық қорғау органдарының қарауына берілді.

Департамент «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының 30-бабына сәйкес Жетісу облысындағы ұйымдастырушылар/тапсырыс берушілер өткізетін мемлекеттік сатып алуларға тұрақты негізде камералдық бақылау жүргізеді. Мәселен, былтыр жалпы сомасы 31,1 миллиард теңгеден астам мемлекеттік сатып алудың 3 229 лоты камералдық бақылаумен қамтылды. Оның қорытындысы бойынша 804 лотта 6,8 миллиард теңгенің заңбұзушылығы анықталып, оны жою туралы 804 хабарлама жіберілді.

Одан бөлек департамент қызметкерлері ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілерге мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде орын алатын өзекті мәселелерді жеткізіп, мемлекеттік сатып алу саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерді түсіндіру үшін семинарлар өткізген. Семинарлар аясында ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 207-бабында көзделген лауазымды тұлғалардың әкімшілік жауаптылығына әкеп соғатын нормалар талқыланды.

Жайлау ШАЙМЕРДЕНОВ,
облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы