КӨШЕЛЕРДІ КҮТІП ҰСТАУҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ ДҰРЫС ИГЕРІЛМЕГЕН

Уақыты: 14.03.2023
Оқылды: 1033
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті Талдықорған қаласының қысқы кезеңінде жолдарды қардан тазарту жөніндегі шарттық міндеттемелерді орындау мәселесі бойынша жоспардан тыс аудиторлық тексеріс өткізді.

Нәтижесінде Талдықорған қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде ҚР Бюджет Кодексінің 97-бабы 6-тармағын дұрыс орындамау анықталды. Қыс айларында көшелерді күтіп ұстауға қала бюджетінен бөлінген 19358,2 мың теңгеге жасалған шарттық міндеттемелер тиісінше орындалмаған. Сонымен қатар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 207-бабының 10-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 155,4 мың теңге сомасында хаттамалар толтырылды.
Белгіленген бұзушылықтар бойынша департамент «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабында көзделген ден қою шараларын қабылдады.

Ұлан Жапабаев,
Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы