МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТКЕ ШАМАМЕН 3,4 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ КІРІС ТҮСТІ

Уақыты: 14.03.2023
Оқылды: 274
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында үш мәселе – еліміздің қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші және республикалық бюджеттің атқарылуы, жастар саясатын дамыту тұжырымдамасы және нашақорлықпен және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар талқыланды.

Алғашқы тақырыпқа байланысты баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров еліміздің қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін таныстырып, республикалық бюджеттің атқарылу деңгейін салмақтады. Министрдің айтуынша, биыл экономиканың өсу қарқыны 4,3%-ды құраған. Оның ішінде, нақты сектор 2,7%-ға, қызмет көрсету саласы 5%-ға өссе, негізгі салаларда оң динамика байқалып отыр. Әсіресе, құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсімге жеткен. Негізгі капиталға инвестиция ағыны 19,2%-ды құрайды. Сонымен қатар, сыртқы сауда айналымы 15,7%-ға өсіп, 10,3 миллиард долларға жетсе, экспорт 0,4%-ға ұлғайып, 6,1 миллиард долларды құрады. Оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – 21,5%-ға 2,1 млрд.-қа дейін, тауарлар импорты 4,2 млрд.-қа жетті.

Тақырыпқа орай сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың деректеріне қарағанда мемлекеттік бюджетке шамамен 3,4 триллион теңге кіріс түскен. Атап айтқанда, республикалық бюджетке – 2,5 триллион, жергілікті бюджеттерге – 882 млрд. теңге кіріс кірген. Барлық өңір жоспарды асыра орындаған. Одан бөлек, мемлекеттік бюджет шығысы 95,8%-ға, республикалық шығыстар 96,5%-ға, жергілікті шығыс 96,6%-ға орындалды.

Осыған орай ел экономикасы жыл басынан бері орнықты өсім көрсетіп келе жатқанын атап өткен Премьер-Министр барлық салада өсім байқалатынын атап өтіп, жыл басынан негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика Абай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, Алматы және Шымкент қаласында байқалатынын, ең төменгі көрсеткіш Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау және Жетісу облыстарына тиесілі екенін тілген тиек етті.

– Сыртқы және ішкі сын-қатерлерді ескере отырып, алдағы айларда экономиканың тұрақты өсу қарқынын ұстап тұру өте маңызды. Осыған байланысты министрлер өңір әкімдерімен бірлесіп, экономиканы одан әрі әртараптандыру мен тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық беруі қажет, – деген Әлихан Асханұлы бұған дейін атқарылып келген жұмысты күшейту қажеттігін ескертті.

Одан соң Жастар саясатының жаңа тұжырымдамасын іске асыру туралы баяндаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі құжаттамадағы негізгі бағыттардың бірі - ауыл жастарын кәсіби тұрғыда дамыту, атап айтқанда, кәсіпкерлік және біліктілік беру арқылы олардың әлеуетін іске асыру екенін түсіндірді. Осыған орай 2029 жылға дейін миллионға жуық адамды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ, ауылдардағы жастарды цифрлық сауаттылықты арттыру курстарымен және әлеуметтік қызметтермен қамту жоспарлануда. Одан бөлек, NEET санатына жататын жұмыссыз жастарды қоғам өміріне араластыру шаралары жалғасып, олардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Жастардың жоғары білім алуға ұмтылысын қолдау, кәсіптік бағдар беру, бизнес-бастамаларға қаржылай демеу сынды игілікті шаралар қолға алынады. Сондай-ақ, жастарды өкілді органдар мен мемлекеттік қызметке көптеп алу, волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға қатыстыру жұмысы жалғасады. Патриоттық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау, ірі қалаларда креативті кластерді дамыту, отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру, жастарға арналған мемлекеттік қызметтерді цифрландыру секілді шаралар іске асырылады.

Тақырыпты түйіндеген Премьер-Министр:

– Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастырудың жүйелі тәсілі қажет. Тұжырымдамада 2,3 миллионға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл өте маңызды аспект, оны барынша тиімді жүзеге асыру керек, – деп жастарға арналған жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. – Республика бойынша осындай жастардың үлесін 3,5%-ға дейін төмендету міндеті қойылған. Бірақ бұл үшін «шаблонмен» жұмыс істеуге болмайды. Әр өңірдегі жастармен жұмыс істеу ерекшелігіне барынша икемделу қажет. Сонымен қатар, жастарды қолдау шараларын жақсарту үшін үзбей жұмыс істеу керек. Жастарды адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеуге, спорт пен саламатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аудару қажет.

Ақпарат және қоғамдық даму министріне облыстық әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттық жұмысты күшейтуді тапсырған Үкімет басшысы жастар ресурстық орталықтарының қызметін сапалы үйлестіруді қамтамасыз ету және орталықтардың басшыларына нақты міндеттер беру қажеттігін баса айтып, еріктілер қозғалысын одан әрі қолдаудың, оның ішінде жаңа жобалар мен акцияларды іске қосудың маңызын атап өтті.

Үкімет отырысында қаралған үшінші мәселе – нашақорлықпен және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов таныстырды. Бас полицейдің айтуынша, былтыр құқық қорғау және арнайы органдар үш мыңға жуық есірткі қылмысын анықтап, төрт ұйымдасқан есірткі тобының қызметін тоқтатқан. 70 жасырын есірткі зертханасы жойылып, 16 тонна есірткі тәркіленген. Ал биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы интернет арқылы тыйым салынған заттарды сатумен байланысты орын алған. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін есірткі бизнесіне қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін Кешенді жоспар әзірленіпті. Есірткінің аса қауіпті түрлерін, оның ішінде синтетикалық есірткі айналымын төмендету, есірткіге тәуелділерді ерте анықтау және есепке алу жүйесін енгізу, уәкілетті органдардың құзыретін арттыру және материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатын көздеген Кешенді жоспар аясында іске қосылған заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдық әлеуметтік желілер мен веб-сайттар арқылы есірткінің таралу деректерін анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік береді. «Кибербақылау» атты жүйе электрондық дүкендерді онлайн-режимде бұғаттайды. Одан бөлек, жету қиын жерлерге әуеде барлау жүргізіліп, жасырын есірткі зертханаларын табу үшін газ талдағыштары бар дрондар іске қосылады. Сондай-ақ, есірткіге тәуелді адамды анықтауға мүмкіндік беретін скрининг жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл наркодиспансерлерді жаңғыртуға, жөндеуге, нашақорларды оңалту үшін емдеу-еңбек шеберханаларын құруға мүмкіндік береді.

Осыған орай есеп берген денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлерде медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерін ашу, өңірлік және республикалық психикалық денсаулық орталықтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, тәуелділігі бар адамдарды емдеудің тиімділігін арттыру, ел ішінде ақпараттық-түсіндіру жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау сынды жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Тақырыпты қорытындылаған Әлихан Смайылов:

– Есірткі сайттарын және осыған ұқсас хабарландыруларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіру жөнінде тиісті шаралар қабылдау керек. Сондай-ақ, есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарына тыйым салу мәселелерін пысықтау қажет. Ең алдымен, оқу орындарында профилактикалық жұмысты күшейту маңызды. Бізге нақты әлеуметтік нәтиже қажет, – деп нашақорлық мәселесін бірлесіп қана жеңуге болатынын атап өтті.

Мәди Алжанбай