АСКӨК ПЕН ҚИЯР ӨСІРЕДІ

Уақыты: 18.03.2023
Оқылды: 620
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінде Ақсу ауданында аграрлық бизнеске қызығушылық танытқан жастар көбейіп келеді. Солардың бірі Жансүгір ауылында жылыжай шаруашылығымен айналысуды бастаған Қайсар Әкімбек. 

Жас жігіт бұл кәсіппен айналысуды өткен жылы бастаған. Оның айтуынша, үйдің ауласында жылыжай шаруашылығын жүргізу оңай емес. Әрбір өсімдік мұқият күтімді қажет етеді. Жылыжай жылыту жүйесі, жарықтандыру және сумен жабдықталған. Бұл өнімдердің таяу уақытта сатылымға шығуына мүмкіндік береді. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – жылыжайды кеңейтіп, тамшылатып суару құрылғысы арқылы мол өнім алу. 
– Бизнес ашу үшін тәжірибе қажет. Ал ол біраз уақытты керек етеді. Жылыжайда қияр, аскөк өсіремін. Өсімдіктерге он екі ай бойы қолайлы жағдай керек. Сонымен бірге, тұқым таңдау, оны себуге орын дайындау, қопсыту, арамшөптен тазарту, қияр жинау жұмыстары жүргізіледі. Сапалы өнім алу үшін біраз тер төгу керек. Маған көбіне бауырларым көмектеседі. Көкөніс өсіруге әдіс пен күтім қажет. Мысалы, қияр ылғалды жақсы көреді. Оның жанында құрғақ ауада өсетін өсімдіктерді отырғызуға болмайды.

Бәрінің шығымы жақсы. Қияр 1,5 – 2 айдан кейін өнім береді. Біз өз ауылымызда сатуды жоспарлап отырмыз. Менің алға қойған мақсатым көп. Жылыжайды кеңейтуді ойлаймын. Бастысы жұмыс істеу керек. Сонда ғана табыс көзіне айналдыруға болады, – дейді кәсіпкер жігіт.
Жылына бірнеше рет өнім беретін жылыжай шаруашылығы өте тиімді бизнес. Шағын жылыжай тек бір отбасын ғана емес, басқа ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтамасыз ете алады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"