ЕУРОПАДАҒЫ МЕЙРАМ

Уақыты: 21.03.2023
Оқылды: 2464
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әлемнің қай қиырында жүрсе де қазақ  өз салт-дәстүр, әдет-ғұрпын ұмытпай, жаңғыртып, оны дәріптесе, өзіне тән мейрамды ерекше атап өтсе – зор қуаныш. Еуропа қазақтары араға 3 жылдан кейін бас қосып, Наурыз мейрамын атап өтпек.  

Швейцариядағы Серік Тұрсын, Даниядағы Қажы Акбар Аюби, Германиядағы Назым Сақай, Финляндиядағы Айкен Салонен және Франциядағы Баян Жанбауова бастаған «Наурыз» тобы бүгінде Еуропа қазақтарының басын бір жерге жинап, мейрамды айрықша атап өтуді қолға алған.    

Басқосуда ақсақалдан бата алып, аналарымыз шашу шашып, келгендер ақжарма тілегін арнап, ән-жыр айтылып, салт-дәстүріміз көрсетіледі. Бұл кез келген қазақ тойының негізгі бағдарламасы. Мәселен, кейінгі Гамбургте өткен Наурыз тойында елден арнайы барған белгілі журналист Гүлмәрия Барманбекова Ілияс есімді балақайдың тұсауын кесіп, болашағының жарқын болуына тілек білдірген.

Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – халқымызға тән жөн-жоралғыларды жаңғырту және өздері Еуропада тәрбиелеп жатқан балалардың бойына сіңіру, соларға көрсету. Әр ұйымдастырылған Наурыздың өзіндік ерекшелігі бар.

Мәселен, бірінші кездесуде Парижден арнайы келген Баян Жанбауова қазақтың сәнді киім-кешегі, әдемі әшекей-бұйымдарынан сән көрсетсе, одан кейінгі Антверпендегі басқосуда үлкен киіз үй құрып, қазақтар молынан келгені ерекшеленіп тұрады. 

Елден көктем тойына арнайы келетін қонақтар да баршылық. Ал әр наурызда Германия, Дания, Польша, Нидерланды, Швейцария, Швеция, Эстония, Финляндия, Белоруссия, Аустрия, Бельгия және Моңғолиядағы қазақтар жиналып, тойлатуды үрдіске айналдырған.

Серік ҚАНТАЙ

Сурет: ғаламтордан