ТАЛДЫҚОРҒАНДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА 1000-ҒА ЖУЫҚ АҒАШ ЕГІЛДІ

Уақыты: 21.03.2023
Оқылды: 2669
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күн мен түн теңеліп, адам баласы мен табиғат-ана қайта жаңғырып, түлейтін, татулықты ту еткен, кешірім мен мейірімнің, ізгілік пен ынтымақтың мерекесі - Ұлыстың ұлы күнін жұртшылық асыға күтеді. Әр жылдан жақсылық пен жаңалық күтетін халқымыз биылғы Наурызды да ерекше қарсы алуда. Талдықорғанда думанды той бір күн бұрын басталды. Облыс орталығында түрлі шаралар өтіп, мереке сән-салтанатымен тойлануда.

Шуақты мереке Еркін ауылдық округі маңындағы бұлақ көзін ашу рәсімінен басталды.  Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған топ қыс бойы бетін шөп-шалаң жапқан бұлақтың көзін ашып, ізгі тілектерін айтып, бір-бір кеседен мөлдір су ішті.  

Осыдан кейін аймақ басшысы "Жеңіс" саябағына барып,  "Таза табиғат" акциясы аясында қарағай көшеттерін отырғызды.
Дана халқымыз: «Бір тал кессең, он тал ек», «Ағашты жердің ырысы мол»  деп текке айтпаса керек. Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Аталмыш ағаш отырғызу акциясына қала тұрғындары белсенді қатысып, 1000-ға жуық түп ағаш екті.

Айналаны жасыл желекке орап, жолдың бойына отыр­ғызылған ағаштар әсем бейнесімен көз тартарлық. Шара барысында Бейбіт Өксікбайұлы жұртшылықты Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтап, саябақты абаттандыру бойынша атқарылатын жұмыстарды баяндады:
- Әр аптаның сенбі, жексенбі күндері Жеңіс паркінің аумағына қарағай ағаштары егіліп, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұйырса, студенттер үйінен бастап, қараталды айналасына дейін жасыл желекке орап, қала тұрғындары демалу үшін жарықтандырып, велосипед жүретін жол мен орындықтар қоямыз. Эколог мамандармен келісіп, кәрі ағаштарды кесеміз. Қыста мұз айдыны болады. Сонда жұртшылық саябақта қысы-жазы келіп демалатын болады, - деді ол.

Осыдан кейін аймақ басшысы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Студенттер үйінің алаңында ұйымдастырылған мерекелік шараны тамашалады. Алаңда білімгерлердің жетістіктеріне арналған көрме мен көркемсурет галереясы қойылыпты. Салтанатты шарада қазақы нақышта киінген университеттің қазақ ұлт аспаптар оркестрі күмбірлетіп күй ойнап, әуелетіп ән салып, сахнаның көрігін қыздарды. Сонымен қатар, ұлттық ойынымыз жаңғырып, тоғызқұмалақ, қол күрес, қазақ күресінен жарыс өтті.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Талдықорған қаласы