НҰХПЕН КЕЛГЕН НАУРЫЗ

Уақыты: 22.03.2023
Оқылды: 1166
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Даналардың аузынан төгілген аталы сөз, шежіре кеудеден қотарылған даналықты хатқа түсіріп келеміз. Салт-дәстүріміздің жандануына, ықылымнан тамыр тартқан ырым-тыйым, жосық-жоралғыларымыздың бүгінге жетуіне Қасымхан Бегманов сынды қаламгерлердің қосқан үлесі ерен. Бұл автордың  «Этнографпен әңгіме» атты бір кітабының өзі руханияттың құнды мұрасындай. Сұқбат жанрында жазылған осынау кітаптағы Жағда Бабалықұлының әрбір сөзі көңіл түкпірінен сәуле шашады. Ендеше, этнографтың Наурыз мерекесі туралы  айтылған пікірін ел назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

ТАБИҒАТТЫҢ ТОЙЫ

Әлемде той, мереке дейтін көп қой. Бірақ Наурыз тойына теңдесетін, дәрежесі жететін, Наурыз тойындай абыройлы, Наурыз тойындай тарихы ұзақ мереке жоқ шығар. Мұның бір кереметі – сенің тойың емес, табиғаттың тойы. Күн мен түннің теңелген күні тойланатын айтулы мейрам. Бүкіл жәндіктердің ұйқысынан оянып, Табиғат-анамен табысатын тойы. Сондықтан қазақ халқы Наурыз тойын қаншама жылдан бері тойлап келе жатырмыз, бірақ бұған да лайықты көңіл бөлмесе болмайды. Бірде Мәскеудегі орталық кітапханда болдым. Бір деректерді ақтарып отырып, қолжазба тауып алдым. Өзі ұзақ жыр екен. Жырдың аты – «Наурыз». Бұл Наурыз деп тұрғаны адамның аты екен. Сол азаматты жырға қосыпты. Осы жырда Нұқ Пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтағанда Нұқ Пайғамбар қолындағы жем-шөбін – жан-жануарларға, азық-түлігін адамдарға таратып, күн мен түн теңелді деп той жасаған. Кейін осы дәстүр жалғаспай қалыпты.
Осы Наурыз деген азамат Нұқтан кейін 300 жылдан соң өмірге келіпті-мыс. «Біздің бабамыз Нұқ Пайғамбар осыдан 300 жыл уақыт бұрын күн мен түн теңелді деп мереке өткізіп еді. Біз неге осы мейрамды қолға алып дамытпаймыз, неге құрметтеп жалғастырмасқа» деп бар күшін осыған салып, қайтадан тойлатқан екен. Содан бері қазақ халқы Наурыз тойын тойлап келе жатыр дейді. Бұл – менің қолымдағы дерек. Кеңес өкіметі кезінде орыс ғалымдары Нұқ Пайғамбардың кемесін және Орта Азияның топан су басқанын зерттеді. Солардың топшылауы бойынша, он үш мың жыл болды деген қорытынды шығарды. Сонау бір жылдары ғалымдардың Памирдың 3000 метр биігінен акуланың қаңқасын тауып алғанын білеміз. Демек, қазіргі сол 3000 метрлік құз теңіздің түбі болған. Бұл – топан судың Орта Азияны да қамтығанының бір дәлелі.
1956 жылы Қытайдың Тұрпан деген қаласының мешітінен 28 Пайғамбардың тізімін көргенім бар. Сонда Нұқ Пайғамбарды осыдан 3000 жыл бұрын өмір сүрген деп көрсетіпті, 3000 жылыңыз ғарыштық шамада «күні кеше» ғана. Ал ғалымдар болса, топырақ қыртысына қарап топан су осыдан                  12 600 жүз жыл бұрын қаптады деген тұжырым жасады. Демек, осы соңғы дерек сенімді, барынша нақты. Осындай деректерге сүйене отырып айтқанда, Наурыз тойы – көне мерекенің бірі.

КӨКТҮРІКТІҢ КИЕСІ

Бұл мейрам әртүрлі деңгейде, түрлі ырғақпен өткізіпті деп те айтылып жүр. Іргесін Бату хан қалаған Алтын Ордада Наурыз мемлекеттік мереке есебінде атап өтілген. Алтын Орда күні кешегі Кеңес империясының жартысынан астамын иемденген құдірет қой. Небір хандар өткен үлкен мемлекет емес пе? Осы Алтын Ордаға қарасты ұлттар мен ұлыстар Наурызды мемлекеттік мереке есебінде атап өтетін болған. Оның ішінде кәдімгі Русь те бар. Екінші жағы – астрономиялық түсінікте күн мен түннің теңескен шағы. Астрономия ғылымының данышпандары деп Галилео Галилей мен Николай Коперникті айтады. Ал Орхонның көк тасын жастық қылып, көк аспанын көрпе қылған Көктүріктердің әрқайсысы – Галилей, әрқайсысы Коперник емес пе?! Өйткені көшпелі өмірдің әрбір мезеті астрономиямен байланысты. Ендеше, астрономияның атасы – осы Көктүріктер. Ұлықбек солардың бір сынығы іспетті.
...Ежелде қазақтар Айға киелі деп қарап, табынатын дәстүр болған. Ай арқылы біздің қазақ халқы ауа райын алдын ала болжап білген. Мысалы, ай шалқайып туса, сол айда күн жайсыз, суық болады, ай еңкейіп туса, сол айда күн жылы, малшы қауымға жайлы болатынын білген. Айдың үш жаңасында ай толығырақ, өңі ақ, екі ұшты доғалдау, тік көтерілсе, сол айда жауын-шашын, жел-боран аз болады деп есептейді. Егер  Ай екі ұшты сүйір, өңі ашық, шалқақ туса, онда сол ай жауын-шашынды, желді, боранды болады. Жұлдыз шақшиып тұрса, күн аязды болады. Күзде Шолпан таңертең көрінсе, қыс жылы, егер кешке таман көрінсе, қыс қатты болады деп болжаған.
Кезінде ата-бабаларымыз айшылық алыс жолдарды астындағы атының күшімен, сан мыңдаған жұлдызға қарап бағыт ала отырып бағындырған. Жетіқарақшы, құс жолы арқылы барар жерін адаспай тауып, аман жетіп отырған сол бабаларды неге біз – астрономияның атасы демейміз? Коперник дегендерің кешегі ХV ғасырдың адамы ғой.

АҢЫЗБЕН АСТАСҚАН

...Ертеде жер шарының қоңыр үйегін мекен еткен Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Жоңғария, Сарыарқа, Ерепей, Каспий, Жетісу, Тұран, Еренқабырғада ту көтерген – Мықтар елі күндей күркіреп, күн санап көркейіп, көбейіп, бір ту астында тұтастай шоғырланып, береке-бірлігі айрандай ұйып, бақ қонып, Қыдыр дарыған бір дәуірде күн мен түн теңелген Наурыз тойын тойлапты. Сол күні таңда Мық елінің Тәңірқұтылары төбес басына шығып, арайлап шыққан күнге бетін тосып, екі қолын соза жайып: «О, Күнтәңір! Мықтар елін өзің жараттың, жерін өзің бердің, енді елімді, жерімді жарылқа, Тәңір! Мық елінің көк туын мәңгі желбіретіп, жаққан отын мәңгі лаулат! О, Күнтәңір, жер-жаһанды сілкінуден, топан суыңнан, өрттен сақта, елімді індеттен сақта! О, Күнтәңір, елімді дерт-дербез індеттен, тілден, ділден, діннен, салт-санадан айыратын жын-сайтанның өсек-аяңынан сақта. Мық елін оң жолыңа баста, бақ бер, бақыт бер, еліме, жеріме тыныштық бер, айдан аман, жылдан есен қыл, Тәңірім! Мық елінің маңдайын күн сүйіп, қабағын шытқызба, Тәңірім»  деп көзіне жас алып, орнынан тұрған Тәңірқұтылар енді абызға жол бергендей сыңай білдіреді. Сонда абыз үн-түнсіз қылқобызда «Тоғыз қоңыр» күйін тартады. Абыздан соң алдын ала дайындалған үш жүз алпыс бес жігіт 365 күй тартады. Тәңірқұтылардың тілегінен кейін «Тоғыз қоңыр» атты күйдің шертілуі, 365 жігіттің күй ойнауы, Наурыз тойын бастауға рұқсат еткендей, беташар сыңай білдіреді. 
...Жастар жағы алтыбақан, айгөлек, шешеке, ақсүйек, қауаласпақ, ақсандық-көксандық, белбеутастар, соқыртеке, қасқұлақ секілді ойындарды бірнеше күн қатарынан ойнаған. Асық, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты ұтыс ойындары жақ-жақ болып дүрілдеген. Орда басында өткен ең думанды қызық – ат шабыс, жорға салыстыру, лақ тарту, таған ойнау, атпен жүріп допты таяқпен қуалау, балуан түсу болады да, оған ат жалын тартып мінетіндер түгел қатысады. Наурыз тойы ел ішінде өз шамасына қарай өтіп жатады. Біріне-бірі қыдырып, аман-саулық сұрасып, наурызкөжеден дәм татысып жатады. Ертедегі мықтар, күндер, сақтар, үйсіндер, қыпшақтар, бүгінгі қазақтар тойлап жүрген Наурыз мерекесі – күн мен түн теңелу қуанышы және тарихы өте ұзақ мейрам. Бұл – нағыз табиғаттың мерекесі. Бүкіл әлемде бұған тең келетін ешбір мереке жоқ. Жылдар ағысына орай Наурыз тойын өткізу салты өзгеріп кеткені анық.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ