ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Уақыты: 21.03.2023
Оқылды: 2017
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгін Талдықорған қаласына қазақтың тұғыры биік мәдениеті орнап қалғандай болды. «Жастар» спорт кешенінің қарсы бетіндегі жол бойына қатар-қатар тігілген киіз үйлер мен ақ шаңқан шатырлардың айналасы ығы-жығы адамға толды. Әр ұлттың ұлттық киімін киген үлкен-кіші, ата-апа, күндей құлпырған қыздар мен жүректі жігіттердің қимылы ширақ, жүзі жадыраңқы. Бәрі де мереке шаттығымен бірге қуанып, бірін-бірі құттықтап жатты.

Бикен Римова атындағы драма театырының алдында бой көтерген Абай ескерткішінің ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған қоғам және мемлекет қайраткерлері және облыс, қала басшылары «жастар» спорт кешені аумағындағы «Наурыз тағамдары» деп аталатын мерекелік шараға куә болды. Облыс басшысы бастаған топты киіз үйлі ауылға кіреберістен облыстық филармоноияның әнші, күйші және бишілері әуенді ән, мың бұралған биімен қарсы алды. Одан кейін көпшілік қазақтың «Қымызмұрындық» деп аталатын ұлттық дәстүрімен танысты.

Көпшіліктің қуанышын облыс әкімі Бейбіт Исабаев та еселеді:

– Адамды жаңаруға, бойын да, ойын да, ниетін де таза ұстауға талпындыру – бұл Наурыздың ұлы философиясы. Мерекенің осы терең тағылымы бүгінгі жаңа Қазақстанды құрудың асыл мұрат, айқын мақсатпен астасып жатыр, – деп атап өтті.

Айналаның бәрі қызық думанға толы. Әсіресе, киіз үйлердің қарсы бетіндегі алаңға тігілген шатырларда бауырсақ пісіріліп, көпшілікке Наурыз көже беріліп, мерекенің шырайын аша түсті. Бір жағында «Асфальттегі суреттер» атты балалардың байқауы жүріп жатты. Ересек балалар өзінің талғамы бойынша, ал балғындар ата-аналарының көмегімен асфальитқа түрлі сурет салып, көрерменді тәнті етті. Олардың еңбегінен береке-бірлігі жарасқан отбасының қуанышы, таза табиғатқа қуштарлық, дос-жолдасымен қуанышқа бөленген көңіл-күйді көруге болады. Демек, балалар бұл күннің шынайы қадыр-қасиетін жақсы біліп қалғаны анық.

Наурыз – көңілдегі тоңды жібітіп, өкпе-ренішті ұмытатын, жақсылыққа бет бұратын кезең. Достық пен тілектестіктің, адамгершілік пен жарастықтың айы. «Адамдары бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам», – дейді даналық иесі әл-Фараби бабамыз. Қиналғанға демеу, қысылғанға сүйеу болу, кеңпейілділік пен жомарттық ежелден-ақ халқымыздың төл қасиеті. Сондықтан да бұрынғылар: «Ұлыс күні өкпе-реніш ұмытылуы керек» деп есептейді. Сондықтан да тігілген әр үйде халқымыздың қайта жаңғырған дәстүрі көрсетіліп, үлкенге өнеге, жастарға тәрбие берілді. Келін түсіріп, қыз ұзатқан, көкпар тартып, бүркіт ілдірген, бата беріп, балуан күрестірген салт-дәстүрдің бәрі де көрсетілді. Сол қатарда жаңа туған сәбиге ат қою рәсімі өтті. Абай Құнанбаевтың ескерткішінің ашылуына орай жас сәбиге  Абай деп ат қойылды.

Үлкенге қолғабыс ету, кішіге жәрдемші болу, бір-біріне жанашырлық жасау, жанның жылуын, жүректің мейірімін таныту – жомарттықтың белгісі. Осындай ізгі ниеттегі әрбір адам қоғамды алға сүйреуші, қозғаушы күш деп білеміз. Осындай береке-бірлігі жарасқан бірліктің берекелілігін Ту тұғырдың жанындағы этномәдени орталықтардың көрмесінен көрдік. Қатар-қатар тігілген шатырларға жайғасқан өнер шеберлерінің қолынан шыққан туындылар көздің жауын алады. Әсіресе, түрі бөлек болса да, тілегі бір жандардың бірін-бірі Наурыз мекеесінмен құттықтап, ақ тілектерін айтуы көңілге қуаныш ұялатты. «Домбыра пати», «Ұлттық караоке» фестиваліде жастардың талантын жақсы қырынан көрсеткен шара болды.

Ұлттық өнерді ұлықтай мен спортсүйер көпшіліктің жігерін шыңдау да Наурыз мерекесінің маңызды белгісі. «Жастар» саябағындағы шеберлер ауылындағы көрмеге қолөнер шеберлерінің өздері көз майны тауысып істеген бұйымдары қойылса, саябақтың бір шетінде қазақша күрес, «талдықорған барысы», «гір көтеру, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, түйе балуан, тағы да басқа ұлттық спорт түрлерінің бәсекесі өтіп, өз жеңімпаздарын анықтады. Ал орталық сахнада күні бойы «Күлімде, Наурыз күлімде» атты музыкалық-хореографиялық көрініс көрсетілсе, «Наурыз шашу» атты эстрада жұлдыздары, Жетісу облыстық филармония және «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнер тартулары көпшіліккее ұсынылды.

Қажет Андас
Талдықорған қаласы
Cуреттерді түсірген Дмитрий Ерофеев