ТАЛДЫҚОРҒАНДА ПӘТЕР КЕЗЕГІ 1500-ДЕН АСА АДАМҒА ҚЫСҚАРАДЫ

Уақыты: 24.03.2023
Оқылды: 989
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Талдықорған қаласындағы құрылыс барысымен танысты. Ат басын Оңтүстік Батыс құрылыс аймағына бұрған министрді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев пен Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев және облыстық құрылыс басқармасының өкілдері қарсы алып, қазіргі атқарылып жатқан жұмыс ретімен таныстырды.

Өткен жылы Алматы және Жетісу облыстарының бөлінуіне байланысты облыс орталығындағы құрылыс жұмысы қарқынының сәл баяулап қалғаны белгілі. Десе де бүгінгі таңда үй кезегіндегі тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қаланың құрылыс жоспары қайта қаралып, қатар-қатар көпқабатты үйлер бой көтеріп, жұрт қуанышын еселей түсті.
Қала әкімінің айтуынша, қазір қаланы дамыту бағытында бас жоспар қайта жасалуда. Жоспар аясында қаланың екі басым аумағы белгіленген. Бірі – Оңтүстік Батыс аумағы, енді бірі – Қаратал өзенінің шығыс жағындағы бос жатқан жер. Осы жерде алдағы бірнеше жылда 150-ден аса көпқабатты үй бой көтереді. Соның ішінде Оңтүстік Батыс бөлікте биыл жаңадан 6 үйдің құрылысы басталса, 35 үйдің құрылысы аяқталу алдында. Сондай-ақ, меценаттар тарапынан 3 үйдің және инвесторлардың жеке қаржысы есебінен 6 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. 
Жалпы, биыл 45 үй пайдалануға беріледі. Олардың қатарында мектеп, аурухана, бәрі қарастырылған. Сонымен қатар, осы аумақта бой көтеретін үйлердің инженерлік желілері тартылып, жолдары жасалып, аулалары да абаттандырылуда. Бұл осы үйлерде тұратын тұрғындарға өте қолайлы болмақ. 
– Жоғарыда аталған 35 үйдің 31-і «Нұрлы жер», «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша берілетін несиелік үй болса, 4 үй әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына беріледі. Ұзын саны 200-ден аса пәтерді құрайды. Айта кетерлігі, бүгінде Талдықорған қаласында 15000-нан аса адам үй кезегінде тұр. Егер жоғарыда айтылған үйлер толық пайдалануға берілгенде кезек 1500-ден аса адамға қысқарады. Осы үйлерді жылумен толыққанды қамтамасыз ету үшін ауданаралық жылу қазандығын салу және қаланың 70 %-ын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Басқуат» жылу қазандығын газға көшіру жұмысы жүргізілуде. Үй салумен қатар аулаларды абаттандыру, көгалдандыру жұмысы да қатар атқарылмақ. Оңтүстік Батыс аймақты көгалдандыру жұмысы үйлерді қолданысқа берген кезде толық аяқталады, – дейді Әсет Дүйсебекұлы. 
Бүгінде Қаратал өзенінің шығыс жағалауында салынатын үйлердің инженерлік-жобалау жұмысы жүргізілуде. Өкінішке қарай, ол аумаққа кәріз жүйесі тартылмаған, жылу қазандығы жоқ. Сондықтан алдымен осы маңызды дүниелерді реттеу қолға алынбақ. Айта кетерлігі, бұл жоба 4 жылға жоспарланған. 
Қала әкімінің таныстыруын мұқият тыңдап шыққан министр Марат Қарабаев Талдықорған қаласындағы құрылыс жұмысының қарқынына көңілі толатынын жеткізді. Сондай-ақ, жоспардың толық орындалуы үшін министрлік тарапынан қолдан келген көмектің бәрі көрсетілетінін жеткізді.
 – Бұл сапардың мақсаты – Жетісу облысында атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, облыс тұрғындарын толғандырып отырған мәселелерді тыңдап, бірлесе талқылау. Бүгін екі мәселені қарадық. Бірінші – жол құрылысы. Бұл жерде Сарыөзек – Көктал жолының жағдайына ерекше назар аудардық. Бұл бағыттағы жолды жөндеу туралы Мемлекет басшысының да тапсырмасы бар. Жол құрылысын қаржыландыру мәселесі толық шешілді. Бюджетті нақтылау барысында бөлінген 3,5 млрд. теңге қаржыға қосымша 4,7 млрд. теңге қарастырылды. Жол құрылысы жыл соңына дейін бітеді. Тұрғын үй саласы бойынша Талдықорған қаласының әкімі айтқан үйлердің құрылысын толық аяқтауға қосымша 7,2 млрд. теңге қаржы керек. Бұл қаржыны алдағы уақытта міндетті түрде шешіп береміз. Текелі мен Алакөл аудандарында салынатын, жалға берілетін 2 үйдің құрылысына керекті 2,7 млрд. теңге қаражат жайы да тиісті шешімін табатын болады. Сонымен қатар, салынып жатқан үйлерге инженерлік желілерді тарту үшін қосымша 570 млн. теңге қаржы керектігі айтылды. Бұл мәселені бюджетті қосымша пысықтау барысында қарастырамыз, – деді Марат Кәрімжанұлы.
Қаладағы құрылыс барысымен толық танысқан министр 500 орынға арналған емханаға да аялдады. Жалпы құны 62758,5 млрд. теңгеге бағаланған ғимараттың бүгінде қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылуда. «Bazis Engeneering» ЖШС салып жатқан нысанның 40 пайыз жұмысы аяқталып, 1536,9 млрд. теңге қаржы игерілген. Бұйыртса, жыл соңына қарай пайдалануға беріледі. Бұл нысанның да құрылыс және басқа да инженерлік-жобалық жұмыстарына қолдау көрсетілмек.
Осылайша, қала құрылысымен танысқан министр облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

Қажет АНДАС