Мұның бәрін Мұхтар Мағауиннің «Мен» кітабын оқығаннан кейін айтып отырмыз

Уақыты: 29.03.2023
Оқылды: 695
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Жастықтың тарқап базары» деген ақын жырларындағы тамаша тармақтарды санаға салып байқағанда уақыттың қадірін жете түсінгендей боласың. Мектеп қабырғасында оқушылық кезеңнен тез құтылсам деген балаң ойда, университетте тезірек еңбек етіп, маман атансам деген албырт көзқараста жүрдік. Енді жоғары оқу орнын тәмамдар шақта балалық, студенттік кезеңде не бітірдік деген сауалға жауап іздеудеміз.

Қанша жауап іздесең де балалық кезеңді, қамсыз шақты болмашы дүниелермен өткізіп алыптық. Қанағат тұтпайтын жайт көп. Ал студенттік кезеңді белгілі дәрежеде іздендік, білімнің жаңа сатысындағы қажетті дүниелерді айшықтап, індете меңгердік десек те, адам руханиятына керекті дүниелерге шабан аттай бір баспай қойыптық. Мұның бәрін Мұхтар Мағауиннің «Мен» кітабын оқығаннан кейін айтып отырмыз. Өйткені жазушы балалық шағында-ақ ұлы жазушылардың кесек-кесек шығармаларын оқып, түгескендігін айтады. Тіпті, әлемдік классиктердің бірегей туындысын да оқушы кезеңде сыпыра оқып, санаға тұтыпты. Әбіш Кекілбай- ұлы, Жұмекен  Нәжімеденов сынды ақын-жазушылар да балалығын білімге, әдебиетке арнаған. Ал студенттік кезеңде қазақ әдебиетінің ғылыми бағытына ден қойған. Осындай ұлылардың эссе, ғұмырбаяндық-хамсаларын парақтап-тарақтап отырып, қамсыз өткен қыруар жылға жүрегің ауырады.

Рас, бүгінгі балалық иелері өздерінің керім шақтарын керемет өткізіп жатыр ма? Біз тұтас түгеспесек те, үзіп-жұлып кітап оқыдық қой. Ал қазіргілер ше? Телефонға телмірген тағдыр иелерін үйдегі ата-аналары тыйып, мұнтаздай таза санаға әдебиеттің айшықты жазбаларын сақтауға бейіл танытса екен. Ертегілерден бастау алған ғажайып жазбаларды Сайын Мұратбеков, Бердібек Соқпақбаев, Қастек Баянбаев сынды балалар әдебиетінің бал арасындай болған тұлғалардың туындысына іңкәр етсе екен деп ойлайсың. Өйткені, уақыт өз мезгілінің сыйын ұсынуымен қадірлі екен. Сол мезгілдегі сыйыңды алып қалмасаң, кейін екі есе күш-жігерді сарп етуге, мейлінше көп ізденуіңе тура келеді. Диплом алып, журналист болар шақта әдебиетпен мейлінше ауыздансам, кемелденсем, ендігі жер саяси, экономикалық бағытта ізденер едім-ау деп налимын. Бұл ертеңгі журналист, бүгінгі студенттің уақыт қадірі туралы жалқы толғанысы деп қабылдарсыздар. Дегенмен, ендігі шақты берекелі өткізсем, әйттеген-ай, мезгілдің орыны толар деп үміт қыламын.

Айғаным ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ