Мектеп асханасын неге тексеруге болмайды?

Уақыты: 15.04.2023
Оқылды: 992
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ас – адамның арқауы. Жас өскіннің ағзасы жақсы дамуы үшін дұрыс тамақтану керек. Ал балалардың көп уақыты балабақшалар мен білім шаңырақтарында өтетінін ойласақ, мектептердегі асханалардың дәруменді тағам беруі бала денсаулығының кепілі.  

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 6-бабы 19-тармағында: «Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен білім алушылардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастырады» деп жазылған. Яғни, оқушыларға ыстық тамақ беру заң талабы. Аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін ас берілуі тиіс. Ал сол тапсырма қандай деңгейде орындалып жатыр? Бұл орайда, білім беру жүйесінің жауапты мамандары не дейді?

Бұл сауалға Жетісу облыстық білім басқармасы мемлекеттік мекемесінің орта білім беруді дамыту, қорғаншылық және қамқоршылық және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Роза Тұрғанбаева былайша жауап берді:

«Ақпараттық, психоэмоционалдық және ақыл-ой жүктемесі күн санап артуда. Осыған орай, жас өскіннің ағзасына белок, витамин, микроэлементтер керек. Жұмсалған күштің орны толып, ағза жаңарып отыруы тиіс. Мұны мектептерде оқу орнының мейірбикесі қадағалайды».

Мамандардың сөзінше, балалар тағамында белок көп болуы тиіс. Сондықтан, жалпы белок мөлшері 50%-дан кем болмауы тиіс. Белок жетіспесе, балалардың қабілеті төмендеп, қажып, оқу үлгерімі нашарлайды. Мамандардың айтуынша, ас мәзірінде көкөніс, жеміс-жидек, аскөк, сүт және айран мол болуы тиіс. Бастауыш сыныптағы балалардың мектептегі энергия шығынын өтеу үшін ет, балық, сүт өнімдері, жас көкөніс пен жемістер көбірек қосылғаны дұрыс.

Мектеп мейірбикесінің міндеті – тез бұзылатын азық-түліктердің дұрыс сақталуын, тағамның пайдалануға жарамдылық мерзімін санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар бойынша қадағалау. Мейірбике ас әзірленген қазаннан тікелей тамақ сынамасын алып, оқушыларға беруге болатыны мен сапасы туралы қорытынды жазады. Ол бөлмелер мен құрал-жабдықтардың қоғамдық тамақтандыру мекемелеріне арналған санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға сай болуын қамтамасыз етеді. Талап бойынша, мектеп асханасының көрінетін жерінде балалардың қандай тамақ ішіп-жегені жайлы ас мәзірі ілініп тұрады. Ол ата-аналар үшін қажет. Осы талаптардың орындалуы бақылауда ма? Мектеп мейірбикесі мен ата-аналардан құрылған комиссиядан басқа кімдер ас мәзірін, тамақтың құрамын бақылай алады? Бұрын санитарлық эпидемиолог мамандар қадағалайтын. Орта және шағын кәсіпкерлікке мораторий жарияланғаннан бері бұл мамандардың  жиі тексеруіне рұқсат етілмейді. Мектеп асханалары тәуекелділігі жоғары нысанға жатады. Сондықтан мұны тексеріп тұруға кімдер құқылы?

Осы сұрақтың жауабын білу үшін облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Әлия Шагиахметоваға сауал қойған едік.

«Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында тәуекел дәрежесін бағалау өлшем шарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-152 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № 117 бірлескен бұйрығына сәйкес, барлық деңгейдегі мектеп және мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту құрылымдарындағы қоғамдық тамақтандыру орындары тәуекелдік дәрежесі жоғары санатқа жатады». Тәуекел дәрежесін бағалау арнайы өлшем шарттармен айқындалады. Бірақ, тексеру жарты жылда бір реттен жиі жүргізілмеуі тиіс. Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» №229 Жарлығына сәйкес (07.12.2022 ж. №44 Жарлығына сәйкес толықтырулармен) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерді барып тексеру және профилактикалық бақылау мен қадағалау тоқтатылды. Жоспарлы тексеру өз уақытында ғана жүргізіледі», – деп жауап берді.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкіліне  жақында редакциямызға телефон шалған Жасұлан Болысбек деген азамат баласының балабақшадан тамақ ішпейтінін. Оның себебін баласы тамақтың аштылығымен түсіндіретінін айтқан едік. Оған жауап берген бақылау саласының маманы мұндай жағдайда ата-ана аталмыш басқармаға арыз жазуына болатынын айтты. Яғни, ата-ананың ақпараты бойынша мекеме асханасына тексеру жүргізіледі.  Ата-ана мектеп асханасын барып, көруге құқылы. Қандай да бір келеңсіздік байқалған жағдайда ата-аналар ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне, сондай-ақ оның аумақтық бөлімшелеріне де жүгінуіне болады (Байланыс деректері kooz.dsm.gov.kz/ru сайтында). Бұл орайда Талдықорған қаласындағы мектептердің асханалары жайына тоқталып көрелік.

Қалалық білім бөлімінің бас маманы Әсел Жайлымысовадан қаладағы мектептерде балалар тамақтарының мәзірін жасауда қандай талап қойылатындығы жайында сұрадық.

«Талдықорған қаласы бойынша 26 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның ішінде 21 қалалық мектеп, 5 ауылдық мектеп. Барлық 26 жалпы білім беретін мектепте асхана жұмыс істейді. Мектеп асханалары мен буфеттері бірінші кезекте тағамдық және биологиялық құндылығы жоғары табиғи тамақ өнімдерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Балалар тағамында пастерленбеген сүт, термиялық өңдеуден өтпеген сүзбе және қаймақ, суда жүзетін құстың жұмыртқасы мен етін пайдалануға рұқсат етілмейді. Коллагені бар құс етін, йодталмаған тұзды және витамин, минералдары аз ұнды, қақпағы бұзылған консерві, ішкен астың қалдығы, саңырауқұлақ, ащы тұздық, кетчуп, фаст-фудт, гамбургер, ход-дог, чипси, сірке суы, табиғи кофені пайдалануға болмайды», – деген мәлімет берді.

Білім беруді басқару органдары мен орта білім беру ұйымдары мектеп сайттарында «Мектептегі тамақтану» айдарын ашыпты. Онда тамақтануды ұйымдастыру бойынша ақпарат жүйелі түрде орналастырады. Мысалы, күнделікті мәзір, тағамдардың суреті, жұмыс жоспары, тамақтану сапасының мониторингі жөніндегі комиссиялардың актілері жазылып тұрады екен. Сайттағы жазбаларды мамандардың берген сілтемесі арқылы көрдік.

Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікке тексеру жүргізуге тиым салынды. Жұмысты талапқа сай атқару әркімнің ар-ұятына байланысты. Жаз шығып, күн жылыған сайын астың тез бұзылу қаупі артады. Ендеше, балаларды іш, ассқазан сырқаттарынан, уланудан сақтайық.

Гүлжан Тұрсын