"Атақ, мақтау қағазы үшін көмектеспеймін": «Жыл волонтері» сұхбат берді

Уақыты: 15.04.2023
Оқылды: 992
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Білімді де білікті жастардың бірі  – облыс белсендісі Сұлтан Сапар. Айтуынша, жетістікке жетуіне дебат пен еріктілік ерекше көмек берген.  Өзін әр қырынан шыңдап, құрдастарына үлгі болған жаспен сөйлескен едік.

– Дебатқа қатысу арқылы қандай қасиеттерге ие болдыңыз? Немесе бойыңыздағы қай қасиетті одан ары дамыта түстіңіз?

– Дебат жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, бойымдағы жасырын жатқан қасиеттерді одан ары дамытты. Кез келген ортада еркін сөйлей алатын болдым. Ойымды толық әрі нақты жеткізу мүмкіндігіне қол жеткіземін. Шешен сөйлеудің арқасында әңгіме кезінде адамдарды өзіме қаратып, тыңдата аламын. Диалог барысында әңгімелесушімен әртүрлі тақырыпта ой өрбітіп, әңгімені одан ары қызықтыра алатын шеберлігім шыңдалды. Бір сөзбен айтқанда, дебат  дүниетанымымды ашуға септігін тигізді.

– Жетісу облысының пікірсайыс ассоциациясы қашан құрылды және сіз келгелі бұл ұйымда қандай өзгерістер болды?

– Облыстық пікірсайыс ұйымы былтыр жазда ашылды. Алғашқы президентімін. Ал өзгерістерге келсек, ассоциация ашылмай тұрып дебатты тек студенттер арасында өткізетін едік. Жаз айынан бастап қатарымызға оқушылар да қосылды. Оларға білгенімізді үйретуге дайынбыз.

– Пікірсайыс ойындарынан басқа өзіңізді қай бағытта шыңдап үлгердіңіз?

– Дебат ойындарынан бөлек, еріктілікпен айналысамын. Адамдардың жылы жүзін көріп, алғысын алу мені ерекше қанаттандырады. Сол арқылы ерікті бағытына құлшынысым артады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық  «Жыл волонтері-2022» номинациясының иегері атандым. 2020 жыл бәрімізге қиын болды. Президентіміз сол жылды «Еріктілер» жылы деп бекіткен соң, еріктілік бағытына қызыға бастадым. Игі істермен айналысып, елдің алғысын алғаннан артық сезім жоқ шығар. Маған қай саланың да қызығы мен шыжығы қатар жүргені ұнайды, тек ортаң жақсы болса болғаны. Волонтерлікке бет бұрғанымда қолұшын созып, білмегенімді үйреткен жандарға алғысым шексіз.

– «Жыл волонтері» атанғаннан кейін өміріңізде қандай өзгеріс болды?

– Әрине, адамдарға белгілі бір атақ, мақтау қағазы үшін көмектеспеймін. Барлық істеген ісім жүректен шығады. Әрине, еңбегім бағаланғанына, еш кетпегеніне ризамын. Меніңше, мұндай номинациялар мен секілді еріктілердің саны артуына көмектеседі, олардың бойындағы рух пен құлшынысты оятады. Бірақ, нағыз ерікті үшін қиын кезде көмек берген адамының ыстық ықыласынан артық мадақ жоқ деп ойлаймын.

Мөлдір ТҮКТІБАЙ,
Титов орта мектебінің 11-сынып оқушысы.
Ескелді ауданы