Жетісу облысына республикалық бюджеттен қосымша қаржы қарастырылды

Уақыты: 14.04.2023
Оқылды: 1013
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Жетісу облыстық мәслихатының кезектен тыс екінші сессиясының отырысы өтіп, күн тәртібінде 7 мәселе қаралды.

Оның біріншісі «Жетісу облысының 2023 –2025 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы болса, екінші мәселе ретінде, «Жетісу облысының барлық деңгейдегі әкімдерінің 2023 жылғы халықпен кездесулерінің икемді күнтізбесін келісу туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жайы қаралды. Одан басқа Жетісу облысының кейбір білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру және оларды қайта қарау, Жетісу облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу, сондай-ақ, Жетісу облысындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізу, Жетісу облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды. Соңғы мәселеге байланысты әңгіме Жетісу облысы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның құрамына өзгерістер енгізу барысында өрбіді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндады. Оның айтуынша, Жетісу облысының бюджетіне республикалық бюджеттен қосымша 17,3 млрд. теңге бөлу бөлінген. Қаржының басым бөлігі білім, денсаулық, тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған. Мысалы, Білім беру саласы бойынша ағымдағы шығындарға қосымша 4,2 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Бұл салаға жергілікті бюджет есебінен қосымша 3 млрд. теңге қарастырылды. Оның ішінде 1,7 млрд. теңге бастауыш сыныптардың оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге бөлінбекші. Мүгедектігі бар адамдарға білім берудің 76 нысанының қолжетімдігін қамтамасыз етуге 158,9 млн. теңге, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 250 млн. теңге бөлу қарастырылған.

Денсаулық сақтау саласы бойынша, ағымдағы шығындарға қосымша 1,1 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Оның ішінде медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 56,6 млн. теңге,  2 блокті-модульдік құрастырмалы құрылысты орнатуға 150 млн. теңге қарастырылған. Аталмыш денсаулық сақтау нысаныТекелі қаласы мен Сарқан ауданының Чераксскі ауылында құрастырылмақшы.

Денсаулық сақтау саласына бағытталатын бюджет шығыстарының бір бөлігі Талдықорған қаласында салынатын 210 төсектік онкологиялық диспансер құрылысының құжаттары мен  Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасын қалпына келтіру шараларының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге жұмсалады.

Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру 6 функционалдық тобы бойынша 249 млн. теңгені құрайды. Бұл қаржы мүгедектігі бар балаларды оңалту үшін жазғы лагерьді ұстауға, жастардың кәсіпкерлік бастамасына несие беруге бағытталмақшы.

Баспана – басты мәселе. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» функционалдық топ бойынша шығыстар 1,5 млрд. теңгені құрады. Бұл қаражат көше жолдары, жарық орнату, сумен жабдықтау, жас мамандар үшін баспана сатып алу, саябақтарды абаттандыру, спорт, балалар алаңын жасауға жұмсалмақшы.

Мәдениет саласына, жергілікті бюджеттен  304,9 млн. теңге қарастырылды. Сондай-ақ, отын-энергетика кешені және жер қойнауын пайдалану бойынша шығыстар 904,5 млн. теңгені құрады. Бұл қаражат елді мекендерді газ және электрмен қамтамасыз етуге жұмсалмақшы.

Күн тәртібіндегі «Жетісу облысының кейбір білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру және оларды қайта атау туралы» мәселе жайында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ермек Ақшабаев баяндады. Жетісу облыстық мәслихатының шешімімен республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Жетісу облысының филармониясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына Дәнеш Рақышевтің атын беру жайлы ұсыныс енгізілді. «Жетісу облысы білім басқармасының Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «балалар өнер мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына Сара Тастанбекқызының есімін беру жөнінде ұсыныс берілді. Қаратал ауданының Мәдениет үйіне Қабылиса жыраудың, Сарқан аудандық Мәдениет үйіне Құман Тастанбековтің, Алакөл ауданы, Үшарал қаласының №2 орта мектебіне Ілияс Жансүгіровтің есімі берілсе деген ұсыныс енгізілді.

Сессияда бірнеше білім, мәдениет шаңырағына алаш арыстарының қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткерлерінің есімін беру жайлы ұсыныс республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберілетіні айтылды.

Гүлжан Тұрсын